ТУҒАН ЕЛДІҢ ЖУАСЫ ДА ТӘТТІ
Туған елге һәм туған жерге деген ыстық махаббат әр бір жанның жүрегінде болуы керек дүние. Туған ел деп атауы айтып тұрғандай, адамның кіндік қаны тамған, туып-өскен өмірінің бір бөлшегі. Сол себепті адам өзінің туып өскен елінің қадіріне жете білуі керек. Туған елге деген сүйіспеншілікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен көруге болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке қаласынан Мәдина қаласына қоныс аударғанда Меккені қимай қоштасып, «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер мүшріктер қуып шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім» [1], - деп туған жерге сүйіспеншілігін білдірген.
Мұсылман баласы Ибраһим (ғ.с.) секілді туған елі үшін әр кез Алладан амандық тілеп, елінің қамын ойлауы керек. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар елін ойлаған ер еді. «Бірінші тілек тілеңіз бір Аллаға жазбасқа», - деп Бұхар жырау атамыз айтқандай «Уа, Раббым, бұл жерді қауіпсіз, бейбіт мекен қылғайсың! Бұл жердің халқына, араларындағы Аллаға және ақырет күніне иман келтіргендерге түрлі жеміс-жидектер мен көкөністерден рызық бергейсің!» [2], - деп жалбарынғанда Алла Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың дұғасын қабыл еткен болатын.
Туған елде ең бірінші алауыздыққа жол бермей, бейбітшілік сақталуы керек. Туған елдің тоз-тозын шығаратын, берекені кетіретін істерге жол берілмеуі керек. Сол себепті бабаларымыз:
Аяғы жаман, төрді былғайды
Ауызы жаман, елді былғайды
Ел ішінде дау көбейсе
Ел сыртында жау көбейеді
- деп, елдің ішіне іріткі салатын, сөздерге ермей, елдің ауыз-біршілігін сақтап, сырттағы жауға берілмес ел болу керектігін айтқан.
Туған елін сүю әр бір адамның міндеті. Туған елінің қадірін білмеу надандықтың белгісі болмақ. Туған ел үшін қаншама ата-бабаларымыз елін қорғау жолында шейіт болып, қорғап өтті. Біз де аталарымыздан аманат болып қалған кең байтақ елміз. Қазақстанымыздың қадірін біліп, еліміздің даму жолында еңбек етіп, қызмет жасау біздің міндетіміз.
Алла туған еліміз Қазақстанымыздың ішін даудан, сыртын жаудан сақтап, тәуелсіздігімізді баянды қылғай. Әмин!
Сілтемелер:
- Хаким, Байһақи
- Бақара сүресі, 126-аят
Алматы қаласы, Бостандық ауданы,
«Нұрлытау» мешітінің бас имамы
Пернебекұлы Темірбек
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.