ДӘРЕТТІҢ РУХАНИ МӘНІ
Ислам – тазалыққа жан-жақты үндейді. Асыл дініміз тән мен жан тазалығына қатар мән береді. Құран Кәрімде:
وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُطَّهِّرِينَ
«...Алла да өте таза болушыларды жақсы көреді[1]»,-дегендей тән тазалығы, яғни дәрет рухани тазалыққа баспалдақ. Сонымен қатар, хадисте:
الطهـور شطر الإيمــان
«Тазалық – иманның тең жартысы[2]»,-деп қос тазалықты меңзейді. Ал, жүрегі таза мұсылманның айналасы мұнтаздай таза болатыны анық. Сахаба Әбу Үмәмә Бәһили (р.а.):
وخيرُ أعمالِكم الصلاةُ، ولا يحافظُ على الوضوءِ إلَّا مؤمنٌ
«...Сендердің ең жақсы құлшылықтарың – намаз. Сондай-ақ, нағыз мүмін ғана үнемі дәретпен жүреді[3]»,-деген хадис жеткізген. Міне, бұл риуаяттар дене тазалығы мен рух тазалығы хақында. Бұл хадис жөнінде Ибн Ражаб (р.а.): «Дәрет – иманның жасырын қасиетінің бірі. Үнемі дәретте жүру тек шынайы мұсылманның ғана қолынан келетін іс[4]», - деген. Тазалық – дәрет алумен қатар, киім-кешектің, дененің тазалығын да қамтиды. Адамның киім-кешегі мен денесі кір болса, бірақ дәрет алса намаз оқуына ешбір кедергі жоқ. Алайда, кемел тазалық кісі бойынан және киімінен жағымсыз иіс шықпауымен орындалады. Кешегі қазақтың көне шаһарларынан табылып жатқан сәулеті мен сырында ешбір теңдесі жоқ монша ғимараттары соның бір ғажайып айғағы іспетті. Тазалық бар жерде даму бар. Өркениеттің іргетасы руханият тазалығы. Әлемдік кітапханасымен мәшһүр Отырар қаласындағы орталық су құбырлары күні бүгінге дейін зерттеушілерді тамсандырады.
Дініміздегі бес уақыт намазда тазалықтың үш деңгейі талап етіледі. Әуелгісі дәрет. Екіншісі, үсті-басының тазалығы (киімі). Соңғысы, құлшылық ететін орын тазалығы (жайнамаз). Енді, осы тазалыққа жай көзбен қарап көрейік. Қала ішінде намаз уақыты кірді делік. Су тауып амалдап дәрет аласыз. Таза жер іздеп таппасаңыз, сырт киімізді жайнамаз етіп құлшылығыңызды өтейсіз. Аталмыш хадистерде кең әрі ауқымды назар салыңыз. Намазға қатысты үш сатылы тазалықты жүзеге асыру жайын ойлауымыз керек. Міне, сонда жоғарыдағы хадистерге толыққанды амал еткен боламыз. Қазақ даласындағы моншақтай тізілген көне шаһарлар, ондағы тазалық жүйесі мен керемет моншалары дәрет және тазалыққа қатысты ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қымбат сөздерін кең көпшілікке лайықты етіп жүзеге асырған.
Осман бин Аффан (р.а.):
أنه دَعَا بِطَهُورٍ فَقَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: مَا مِنْ امْرِئٍ مُسْلِمٍ تَحْضُرُهُ صَلَاةٌ مَكْتُوبَةٌ فَيُحْسِنُ وُضُوءَهَا وَخُشُوعَهَا وَرُكُوعَهَا إِلَّا كَانَتْ كَفَّارَةً لِمَا قَبْلَهَا مِنْ الذُّنُوبِ مَا لَمْ يُؤْتِ كَبِيرَةً، وَذَلِكَ الدَّهْرَ كُلَّهُ
"Дәрет суын алдырып: мен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Мұсылман парыз намазы келгенде намаздың дәретін, тақуалығын және рукуғін жақсылап атқарса, үлкен күнәдан бөлек алдынғы қате-күнәларына кәфарат болады. Міне, бұл өмір бойына осылай бола бермек", - дегенін естіп едім[5]", - дейді.
Демек, дәрет алу жай ғана беті қолды жуу емес. Оның арғы жағында терең тәлімдік мағына жатыр. Сонымен бірге, үйімізден бастап қаламызға дейінгі ауадай қажет тазалықты қамтамасыз етеді екен.
Ерсін Әміре
Төле би мешітінің бас имамы,
Нұр-Мүбарак университетінің PhD докторанты
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.