ДЕШТІ ҚЫПШАҚТЫҢ ДАРА ПЕРЗЕНТІ – БЕЙБАРЫС СҰЛТАН
Қос харамның қорғаны болған Бейбарыс сұлтанның туғанына биыл 800 жыл толып отыр. Баба ерлігін ұлықтап, еңбектерін жас ұрпаққа паш ету мақсатында бабамыздың ата қонысы Атырау топырағында «Ұлы дала барысы – Бейбарыс сұлтан» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік.
Бейбарыс бабамыз 1223 жылы Еділ мен Жайық арасында өмірге келді. Осы жерде балалық шағы өтті. Жаугершілік заманда тұтқынға түсіп, құл ретінде сатылды. Ол уақытта ержүрек қыпшақ жұртынан әскер жасақтау саясаты жүріп жатты. Парсының шахы Аббастың: «Менің әскерімде парсы неге жоқ? Өйткені әбден нәзіктеніп кеткен қалалық парсылар бала кезінен жақсы тәрбиеленетін көшпелі қыпшақтар сияқты далалық әскери жорықтың талабына шыдай алмайды», – деген сөзі бар. Сол айтқандай, әйюбилердің сұлтаны Мәлик Нәжмуддин Салих өзінің әскери күшін қайтпас қайсар қыпшақтар арқылы күшейтуді қалады.
Мысырлықтар Ніл өзенін «Бахр» (негізгі мағынасы теңіз) деп атаған. Осы өзеннің бойындағы «Рауза» деген аралдан арнайы қамал салынып, «Бахрия Мәмлүк» деп аталатын түркі жауынгерлерінен жасақталған әскер құрылды. Құлдықтағы Бейбарыс осы Бахрия әскерінің бірі болды. Бейбарыс осы жерде өзінің әскери қабілетімен көзге түсіп, мәмлүк сарбаздарының таңдаулы жасағына қабылданды. «Бахрия мәмлүк» деп аталған бұл жасақ негізінен Дешті Қыпшақ даласынан шыққан тұтқындардан тұрды. Мұхаммед ибн Баттутаның жазуынша, мәмлүктерді күні бойы атпен шабу, қылыштасу, садақпен оқ ату секілді жауынгерлік рухқа тәрбиелеп, дәрігерлердің қарауынан өткізіп тұрған. Сондай-ақ оларға діни тәлім беріп, Құран үйретіп, шариғат оқытқан. Сол арқылы олардың рухани тәрбиесіне мән берген. Содан болар мәмлүк сарбаздары жаужүрек батыр ғана емес, дініне берік нағыз мұсылман ретінде танылды. Оларға лайықты құрмет көрсетіліп, онбасы, жүзбасы, мыңбасы, одан ары әмір дәрежесіне дейін өсіріп отырды. Ибн Халдун бұл жайында: «Алла Тағала олардың тұтқын болып түскен осы жағдайының өтемі ретінде әуелі мұсылман болуды, содан кейін салтанатқа ие болуды нәсіп еткен», – деп жазған болатын.
Мәмлүктер ештеңеден қорықпайтын нағыз қайсар сарбаздар болатын. 1248 жылы Франция королі ІХ Людовик VII крест жорығын бастап, Мысырды алуды жоспарлайды. Крестшілер Дамиетта қаласын алып, артынан Мансура қаласына кіріп, сұлтан сарайын басып алуға таяған шақта мәмлүктер санының аздығына қарамастан крестшілерді талқандап, корол Людовикті қолға түсіреді. Бұл кезде мәмлүктердің сардары Бейбарыстың жасы 20-да еді. Бейбарыс пен мәмлүктердің ерлігі, даңқы осы кезден бастап шартарапқа жайылды.
Мәмлүктердің алғашқы сұлтаны «Бахрия мәмлүк» Иззеддин Айбек болатын. Одан кейін билікке Құтыз сұлтан келді. Құтыздың кезінде Құлағу бастаған моңғол әскері Бағдатты, Сирияны басып алып, Мысырды алмақ болды. Ол жаушы жіберіп Құтыздың өзіне бағынуын талап етті. Алайда Құтыздың қолбасшысы Бейбарыс мәмлүк әскерінің берілмейтінін, соғысуға дайын екенін хабарлады. Осылайша 1260 жылғы 3 қыркүйекте, яғни Рамазан айының 25-і күні екі тарап Айн Жалут жерінде Құтыздың қолбасшысы Бейбарыс пен Құлағудың қолбасшысы Кетбұғаның әскерлері арасында кескілескен шайқас болды. Тағдырдың салғанына қараңызшы, Айн Жалутта кезінде Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар Жалутты жеңген еді. Енді міне сол жерде Бейбарыс бастаған мәмлүктер жеңіске жетті. Бұған дейін ешкімнен жеңіліп көрмеген моңғол әскері Бейбарыстың сарбаздары алдында тізе бүкті. Осы жерде тағы бір жайтты айта кетсек: Ислам тарихындағы айтулы жеңістердің көбі, яғни Бәдір соғысы, Меккенің алынуы, парсылармен болған Қадисия шайқасы, Испанияның алынуы т.б шайқастар Рамазан айында болған еді.
Құтыздан кейін сұлтан тағына 1260 жылғы 26 қазанда Бейбарыс сұлтан отырды. Бейбарыс билікке келген күннен бастап Мысырда жаңа тарихи кезең басталды. Ол бар күшін халықтың әлеуетін көтеруге, елдің дамуына бағыттады. Сұлтан мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін әрдайым назарында ұстауға тырысты. Халық өмірімен етене танысу мақсатында хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) секілді қарапайым киініп, ел ішін аралап отырған.
Бейбарыс ел басқарудың толықтай жаңа жүйесін жасады. Елдегі алым-салықты азайтты, сәулет өнерін, пошта қызметін, сыртқы саясатты жетілдірді. Бейбарыс сұлтан нағыз дипломат еді. Ол сыртқы саясатта әскери күшке ғана емес, әскери күштен кем ықпал етпейтін дипломатиялық саясатқа да жүгінді. Соның арқасында Мысырдың Византия, Алтын Орда мемлекеттерімен байланысын күшейтті. Моңғолдардан зиян шеккен Селжұқ сұлтандығына да тиісті көмегін берді.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезеңінен бастап мұсылман билеушілері екі харам орналасқан Мекке мен Мәдинаға ерекше көңіл бөлген болатын. Әмәуилер, аббасилер, әйюбилер, мәмлүктер, османлылар, бәрі де қасиетті қос мекенге қызмет етуді өздеріне борыш санады. 1250-1517 жылдары билік еткен мәмлүк сұлтандары да қасиетті қос мекен орналасқан Хижаз аймағын гүлдендіруге үлес қосты. Олар харам аумақтарының қызметін жүргізу үшін арнайы қаражат бөлді, түрлі уақыптар ашты.
1275 жылы Мәдинадағы Пайғамбар мешітінде өрт болып, мешіттің көптеген жеріне нұқсан келтірген еді. Осы кезде Бейбарыс сұлтан мешіттің жөндеу жұмыстарын өз қадағалауына алып, арнайы қаражат бөлдіріп, мешітті толықтай қалпына келтірді.
Бейбарыс сұлтан мұсылмандар үшін қасиетті саналатын көне мұраларды да қалпына келтірді. Құдыстағы әл-Ақса мешітін зиярат етушілерге қолайлы етіп, жолаушылар тынығатын керуен сарай салдырды. 1266-1269 жылдар аралығында Каир қаласында мешіт салдырды. Бүгінде бұл мешіт қазақ елінің қолдауымен күрделі жөндеуден өтті. Алла қаласа, бабамыздың биылғы 800 жылдық мерейтойына орай арнайы ашылу салтанаты өтеді деп күтілуде.
Бейбарыс сұлтанның ғалымдарға деген құрмет-ілтипаты да ерекше болды. Мәселен, хадис ғылымының білгірі имам Нәуәуимен хат алысып тұрғаны айтылады. Сол секілді сопылық жолды ұстанушыларға да құрмет көрсеткен. Бейбарыс төрт мәзһабтың өкілдерін тең құрметтеп, әрқайсысына жеке қазы тағайындап, олардың үстінен қарайтын бас қазы бекіткен. Мұсылмандардың құқын қорғап, шариғат тыйым салған істерге тосқауыл болып, ішімдіктердің сатылуын тоқтатқан. Ел ішіндегі түрлі арсыздықтарды тыйып, арсыздыққа апаратын ойын-сауықты да тыйған. Өзін де сауық-сайраннан барынша алыс ұстаған.
Ғалымдардың зерттеуінше, Бейбарыс сұлтан билік жүргізген уақытта 40 мың шақырым жол жүрген екен. Моңғолдармен 9 рет, армяндармен 5 рет, крестшілермен 21 рет соғысқан. Шайқастардың бәрінде Бейбарыс сұлтан алдыңғы шептен табылып, майдан даласында өзге жауынгерлердің рухын көтерген. Моңғолдар мен кресшілерді талқандағаны үшін мұсылмандар оған «Шөл пантерасы» деген ат берген.
1258 жылы Құлағу бастаған моңғол әскері Бағдат шаһарын талқандап, Аббаси халифатын құлатты. Ислам әлемі халифасыз қалып, мұсылмандардың береке-құты қашқан кезде Бейбарыс сұлтан жан сауғалап жүрген Аббаси халифатының өкілі Әбул Қасым Ахмедті Каирге алдырып, зор қошемет көрсетті. Оны Ислам әлемінің халифасы етіп жариялап, оған байғат беру (қол беру) рәсімін жасады. Бейбарыс сұлтанның пәрменімен жұма құтбасында халифаның аты аталып, халифаның аты жазылған ақшалар қолданысқа енді. Халифаға деген құрметі үшін Бейбарыс сұлтанның мұсылмандар алдындағы беделі одан ары биіктей берді.
Аббаси халифасы Мустансир Билләһ Заһир Бейбарысқа «Мысыр, Шам, Бәкр, Хижаз, Иемен және Ефрат аймақтарының билеушісі» деген лақап берген болатын. Алайда Бейбарыс сұлтан «Хижаз аймағының билеушісі» деген атақтан бас тартып, керісінше «Хадимул-харамәйн», яғни «Қасиетті қос харамның (мекеннің) қызметшісі» деген лақап атқа өзгертті. Бейбарыстың «билеуші» атауынан бас тартып, «қызметші» деген атты өзіне лайық көруі оның Алланың шынайы мұсылман құлы болғанын көрсетеді.
Бейбарыс Исламның қорғаушысына, бүкіл мұсылман әлемінің қорғанына айналды. Сол арқылы мәмлүктердің де Ислам әлеміндегі ықпалы арта түсті. Бейбарыстың аты шартарапқа жайылғаны сонша, айналасындағы бірқатар елдердің әмірлері оның билігін мойындап, Мысырға қосылуға ниет танытты. Мекке әмірі Әбу Нумай да Бейбарысты мойындап, қажылық жасауға шақырған. Сұлтан әмірдің ұсынысын қабыл алып, 1269 жылы Меккеге барып қажылық парызын өтеді. Қажылық кезінде арнайы жасатқан жабуын ерекше салтанатпен Қағбаға жапты. Қағба жабуының жыл сайын Мысырда тігіліп, айрықша сән-салтанатпен жабылуын қамтамасыз етті.
Мысырды 17 жыл билеген қыпшақ сұлтанының толық аты-жөні «әл-Мәлик әз-Заһир Руқнуд-Дин Бейбарыс». Мұндағы «әл-Мәлик аз-Заһир» тіркесі «Алланың әмірімен болған билеуші» дегенді білдірсе, «Руқнуд-Дин» тіркесі «Ислам дінінің тұғырын берік ұстанушы» дегенді білдіреді. Шынында Бейбарыс сұлтан Ислам дінінің тұғырын берік ұстанды. Әділдігі мен парасаты, мемлекеттің ішкі саясатын шебер жүргізгені және халықаралық аренадағы беделінің арқасында Ислам әлемінің абыройлы билеушілерінің қатарына кірді.
Саналы ғұмырында мұсылмандардың бірлігіне, Ислам дінінің өркендеуіне қызмет еткен Байбарыс сұлтан 1277 жылы Дамаск қаласында дүниеден озды.
Мысыр жерін үш ғасырға жуық басқарған мәмлүктер тарихы – біздің де тарихымыз. Себебі Мысырды билеген сұлтандардың бәрі дерлік қазақ даласында кіндігі кесіліп, тар кезеңде аяғына тұсау салынып, құлдыққа сатылған бабаларымыз болатын. Олар Ұлы даланың жауынгерлік рухы мен әскери өнерін әлемге паш етті. Кіндік қаны Қыпшақ даласында тамса да, исі мұсылман жұртының мирасқорына айналды. Сондықтан олардың ерлігін келер ұрпаққа паш ету – бізге міндет.
Араб жерінде ерекше із қалдырған Бейбарыс, Қалауын, Барқұқ, Барысбай, Қайтпай бабаларымыз қазақ тарихында лайықты орын алуға құқылы. Соның ішінде даңқы жер жарған ұлы тұлға Бейбарыс сұлтанның өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау арқылы оларды отансүйгіштікке тәрбиелей аларымыз анық.
Алла жас ұрпағымыздың бабалар жолын ту етіп көтерген, халықтың қамын жеген үлгілі ұрпақ болуын нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
Суреттерді салған Әділхан Мәлік
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.