БЕЙБАРЫС – ИСЛАМНЫҢ ЕҢ ҰЛЫ ПАТШАСЫ
Ерлік пен елдікті ту еткен мемлекет қайраткерінің бірі, Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті, Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған әрі оны 17 жыл билеген Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы Мысыр мен Қазақстан арасында кеңінен аталып өтілуде. Бейбарыс ислам әлемін күрескерлердің шабуылынан және моңғол шапқыншылығынан құтқарған батыр да жігерлі қолбасшы болған. Елдің әл-ауқатын көтеруде де орасан еңбектер атқарып, асыл дінімізге ерекше құрмет танытқан Бейбарыс медреселер салуға да көп күш жұмсайды, каналдар мен бөгеттерді жөндетеді. Каир қаласында ол салдырған мешіттердің бірі қазір «Бейбарыс мешіті» деп аталады.
Жаңарған Бейбарыс мешіті
Осы жексенбіде Египет астанасы Каир қаласында күрделі жөндеуден өткен Сұлтан Аз-Заһир Бейбарыс мешіті салтанатты түрде ашылды. Дешті Қыпшақ даласынан шыққан даңқты билеуші, Мысыр ғана емес ислам дүниесінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға – Бейбарыс Сұлтанның туғанына 800 жыл толуына орайластырылған іс-шараға осы елде сапарда жүрген Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация қатысты. Делегация құрамында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, бір топ сенаторлар мен БАҚ өкілдері, сонымен қатар саяси және қоғам қайраткерлері, қазақстандық театр актерлері, музыканттар мен ғалымдар да бар. Ал қабылдаушы тараптан Мысыр Парламенті Сенатының төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разек, Әл-Азһардың бас имамы шейх Ахмед ат-Тайеб, министрлер мен Каир қаласы әкімшілігінің өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен үлес қосқаны үшін Мысырдағы Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб І дәрежелі «Достық» орденімен және Мысыр Парламенті Сенатының төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разек ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
– Қазақстан мен Мысыр елі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен үлес қосқаны үшін Қазақстан Президентінің Жарлығымен Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб І дәрежелі «Достық» орденімен және Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разек ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Сондай-ақ екі халық арасындағы мәдени-рухани байланыстың аясын кеңейту жолында белсенділігімен танылған Мысырдың басқа да бірқатар дін, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңнен бастап Мысыр Араб Республикасымен байланыс жаңа деңгейде дамыды. Осы жылдар ішінде өзара ынтымақтастықты нығайту жолында түрлі салада ауқымды жұмыс атқарылды. Әсіресе, мәдени-рухани бағытта бірқатар бірлескен жобаларды сәтті іске асырдық. Соның жарқын бір мысалы ретінде Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» университетін айтуға болады. Бейбарыс сұлтан мешітінің қайта қалпына келтірілуі де осындай бірлескен жұмыстың игі нәтижесі екені сөзсіз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Египет Президенті Абдул-Фаттах Ас-Сиси мешітінің жөнделуіне ерекше көңіл бөліп, үлкен қолдау көрсетті. Алдағы уақытта бұл орын біздің халықтарымыздың арасындағы алтын көпір болады деп сенеміз, – деді Мысырда Бейбарыс сұлтан мешітінің ашылу рәсіміне қатысқан Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі шара аясында тұғырлы тұлға туралы тағылымды жиында баһадүр Байбарыс сұлтан туралы кітаптың тұсауы кесілгенін хабарлады. Айтуынша, белгілі ғалым Мехмет Түтінжі құрастырған ағылшын тіліндегі іргелі кітап «Sultan Baybars, King of Arabs, non-Arabs and Turks. From the great steppe to the great sea» (Арабтар, ғажамдар және түріктердің патшасы – Сұлтан Бейбарыс. Ұлы даладан ұлы теңізге дейін) деп аталады.
–Баһадүр Байбарыс бабамыз – ислам әлемінің қорғанына айналған араб-ғажам және түрік сұлтаны, қос құбылаға бірдей қызмет қылған асыл діннің алдаспаны. Кейбір мұсылман тарихшылар оны пайғамбар әскерінің жеңімпаз қолбасшысы Халид ибн әл-Уалид және әйгілі сұлтан Салах-ад-дин Аюбимен салыстырады. Мұсылман тарихшылар арасында Байбарыс жеңіске жеткен Айн-Жалут соғысын пайғамбар заманындағы атақты Бәдр шайқасына теңеушілер де бар.
Мұсылман әлемінің қасиетті жерлерінің бәрін де санасында тұтып, қастерлерген сұлтан құлау қаупі төнген Мәдинадағы пайғамбар мешітін жаңғыртып салып, Иерусалимдегі жартас күмбезін қалпына келтірді. Сондай-ақ Аджлун, Рамала мешіттерін және Хомстың ұлы мешітіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. Байбарыс ислам әлемінің тарихи тұлғаларын да назардан тыс қалдырған жоқ. Иерихон маңындағы Мұса пайғамбар қабірі, Ябнадағы Әбу Хурайра, Керак маңындағы Жапар ибн Абу Талиб қабірлерін қалпына келтіріп, Барғас, Антиохия және Қара шіркеулерінің орнына мешіт салды. Ұлы билеушінінің мұсылман әлеміне жасаған тарихи қызметін ұлықтап жатқан бүгінгі іс-шараның мәні мен маңызы зор деп білеміз.
Жарық көріп жатқан жаңа кітапта сол кездегі тарихи жазбалар мен ескерткіштердегі тасқа басылған құнды дүниелер, құнарлы деректер жинақталған. Бұл зерттеу «Байбарыстануға» қосылған үлкен ғылыми еңбек боларына бек сенімдіміз. Бұйырса, Байбарыс және мәмлүк тарихы мен мәдениетіне қатысты, баһадүр бабамыздың тұлғасы мен тарихына қатысты іргелі зерттеу жұмыстары қолға алынады.
Қазір Мысырдағы әл-Азһар университетінде қазақстандық студенттер оқиды. Ал Қазақстандағы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде Әл-Азһар университетінен арнайы келген профессорлар сабақ беріп, ғылыми бағытта қос ел әріптесе еңбек етеді.
Жылы шырайда өткен кездесуде былтыр қыркүйек айында өткен қамқоршылар кеңесінің хаттамасы аясындағы мәселелерді тағы бір пысықтап, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Байбарыстану» орталығын ашу жайын талқыладық. Жалпы сапар нәтижелі болды деуге негіз бар. Бабамыздың құрметіне жасалған істің рухани тұрғыдан берері мол болады деп есептейміз, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов «Бұл сапардың Қазақстан мен Мысыр үшін өте маңызды екенін айта келіп, аталған сапар екі ел арасындағы мәдени және рухани байланысты нығайтатынын» айтты.
«Бейбарыс сұлтан-біздің елдеріміздің тарихындағы маңызды тұлға, сондықтан Мысыр тарапына баршамыз үшін маңызды мәдени мұраны сақтау мәселесіндегі серіктестігі үшін алғыс айтқым келеді. Іс-шара Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығын мерекелеу бағдарламасына кіреді. Барлығы 300-ден астам іс-шара жоспарланған. Бұл ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, спектакльдер және тағы басқалар. Мысалы, ақпан айында Астана көшелерінің біріне тарихи тұлғаның есімі берілді, ал Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Мамыр айының ортасында Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры Астанада «Бейбарыс» қойылымын ұсынды», – деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Ал еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Каир шаһары ислам мәдениеті мен өркениетінің орталығына айналған қала екенін айта келе ашылған мешіттің тарихы тереңде жатқанын сөз етті. Айтуынша, мешітті сонау 1266 жылы Бейбарыс сұлтанның өзі салдырған. Мәмлүк сәулет өнері үлгісінде бой көтерген «әз-Заһир Бейбарыс мешіті» кейінгі аумалы-төкпелі дәуірлерде қиын жағдайды бастан кешкен. Мұнарасы құлатылып, әскери казармаға, кейін наубайханаға айналған кезі де болған екен.
«Қазақстан тәуелсіздігін алып, Мысырмен арада дипломатиялық байланыс орнады. 1993 жылғы сәуірде Қазақстанның Мысырдағы елшілігі ашылып, Қазақстан және Мысыр Үкіметтері арасында ортақ келісімдер қабылданды. Осылайша екі елге ортақ тарихи мұра «Аз-Заһир Бейбарыс мешітінің» жөндеу жұмыстары қолға алынды. Міне, енді жөндеу аяқталып, құлшылық үйі жамағатқа есігін ашып отыр. Бұл да болса екі ел арасындағы берік байланыстың нәтижесі деп білеміз.
Қазақстан мен Мысыр елдерін жақындастыра түсетін ортақ байланыстар бар. Бейбарыс сұлтан Дешті Қыпшақ даласында дүниеге келді. Алайда қанаты қатайып, қайсар тұлғаға айналған жері – осы Мысыр топырағы. Біз үшін Бейбарыс қандай қадірлі болса, мысырлық ағайын да Бейбарысты солай құрметтейді. Мысырлықтар ғана емес, күллі мұсылман жұрты Бейбарыс сұлтанды жақсы біледі. Себебі Бейбарыс Мәмлүктер мемлекетін басқарған кезде исламды бөлшектеуге тырысқан кресшілер жорығына, асыл діннің айбынын қашырған моңғол шапқыншылығына тойтарыс берген болатын. Шапқыншылар ислам халифатын құлатқан кезде Мысырды ислам әлемінің орталығына айналдырып, діннің шырағын қайта жаққан да осы Бейбарыс бабамыз еді.
Мәмлүк сұлтаны Бейбарыс пен Алтын Орда ханы Беркенің арасында берік байланыс болғаны тарихтан белгілі. Олар бауырлас екі ел – Мәмлүк сұлтандығы мен Алтын Орда хандығының арасына даңғыл жол салды.Екі елдің достық, бауырластық байланысын күшейтті. Бүгін де екі ел арасындағы сол байланыс қарқынды түрде дамып келеді. Оның бір көрінісі осы «әз-Заһир Бейбарыс мешітінің» ашылуы дер едім. Бүгінде екі елді ортақ діни құндылық, ортақ тарих және осы Бейбарыс бабамыз секілді ортақ тарихи тұлғалар байланыстырып келеді», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Осылайша Бас мүфти Қазақстан-Мысыр елдері арасындағы байланыстың тағы бір дәнекері ретінде бүгінгі қайта ашылған «әз-Заһир Бейбарыс мешітін» атап, екі ел арасындағы әріптестік байланыс бекем болуын тіледі.
Ғылыми өмірбаянын жасау керек
Біз осы орайда, осы сапарда жүрген Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Қайрат Сәкиге хабарласып, Сұлтанның 800 жылдығына орай бірнеше сауал қойдық. Өйткені жуырда Атырау қаласында өткен ғылыми конференцияда ғалым Бейбарыс сұлтанның ғылыми өмірбаянын жасауды ұсынған болатын.
«Атырауда өткен конференцияда Байбарыстың ғылыми биографиясын жасау туралы айттым. Себебі Байбарыстың көзі тірісінде де, қазіргі заманда да ол туралы аңыз-әңгімелер көп болған. Қазіргі заманда да миф жасайтындар тарапынан жаңа аңыздар туындап жатыр. Оның себебі неде? Қазір қазақ тарихшылары Жамбыл Артықбаев «арғын тайпасынан» деді, тағы бір тарихшы Каирде жерленген» деді. Осындай негізсіз факторларды айтып, халықты шатастырады. Негізсіз аңыздарды таратады. Мысалы, Қазақстан үкіметі Байбарыстың Дамаск қаласындағы мазарын жөндеуге ақша бөлді.Осындай жағдайда Байбарысты Дамаск қаласында жерленген деп айтуға бола ма? Сондықтан мен Сұлтанның ғылыми-публицистикалық биографиясын жасап шыққанмын. Мен мұны өзіме тапсырып отырған міндет деп ойлаймын. Байбарыстың публицистикалық өмірбаянын толық жасап шықтым. Енді ғылыми дегеніміз сол қайнар көздері, дерек көздеріне сілтеме жасай отырып, белгілі бір форматта жасап шығу деп түсінемін. Сонымен өзім айналысамын, – деді Қайрат Сәки.
Ал Сұлтанның шыққан тегі туралы айтатын болсақ, ол туралы көп жазылған, Қайрат Сәки де орта ғасыр тарихшыларының еңбектеріне сүйене отырып, көп жазыпты. Ол тарихшылардың шығармалары не дейді? Қандай дерекке сүйене отырып, құнды ақпараттар қалдырған? Бұл сұрақтың жауабын ғалым былай берді:
«Орта ғасырдағы тарихшылар Сұлтан Дешті-Қыпшақ даласынан шыққан, түркі, оның ішінде қыпшақ деп көрсетеді. Бірқатар тарихшылар оның Түркі Қыпшақ, оның ішінде бершоғырлы және бөрілі тайпасынан екенін жазады. Бұл тарихшылардың ерекшеліктері, бұлар Сұлтанның қасында болған тарихшылар, жанында жүрген жауапты қызметшілер болған. Кейін тарихшылар ретінде тарихта еңбектері қалған. Неге бершоғырлы немесе бөрілі деп айтады? Бұған да бір негіз бар секілді. Себебі, Дешті Қыпшақта хандар мен билеушілер бөрілі тайпасынан шығатын болған. Сондықтан бөрілі деп көрсетуі мүмкін. Әр билеуші өзінің билікке құқылы екенін, сондай отбасынан шыққанын дәлелдеу ол заманда өте маңызға ие болған.Тағы бір көңіл аударатын жағы, «Сұлтан Байбарыс Алтын орданың ханы Беркеге хат жазған кезде өзінің шежіресін қоса тіркеді» деген тарихи факт бар. Егер болашақта сол табылып жатса, көптеген сұрақтарға жауап табамыз. Әзірше қолда бар ақпаратпен шектелуге тура келеді. Онда біз Байбарыстың түркі, оның ішінде қыпшақ, оның ішінде бершоғырлы немесе бөрілі екенін айта аламыз. Бұл тіркелген фактілер. Бөрілі тайпасының қазақ халқының құрамында қандай да бір түрде жоқ болғандықтан, бершоғырлы деген факті өте маңызға ие болады деп санаймын.
Ал Байбарыстың тарихтағы орнына келетін болсақ, мысалы араб елдеріндегі, оның ішінде Мысыр тарихында, мұсылман тарихында өз орнын алған. Ол мемлекетін құрушы ретінше кресшілерге қарсы табысты күрес жүргізген. Хулагу бастаған көшпенділердің бетін қайтарған және исламның төрт мазһабын теңестіріп, бір ғимаратқа отырғызып, бір басқазы сайлаған реформатор, жауынгер, дипломат ретінде мұсылман тарихынан өз орнын алған, – деді Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Қайрат Сәки.
Ғалымның айтуынша, «қазақ тарихындағы орны» дегенде мұны өзіміздің жергілікті тарихшылар баға беріп, оның орнын анықтау керек. Ал мұсылман әлеміндегі орны, істеген еңбегі бәрі бағаланған. Орта ғасырлардың өзінде араб тарихшылары «Байбарыс - исламның ең ұлы патшасы» деп баға берген екен.
Сұлтанның шын есімі кім?
Сонымен қатар Қайрат Сәки біз жазып жүрген Бейбарыс Сұлтаның есімі қате жазылып жүргенін алға тартып, бірқатар фактілерді тізбектеп берді. «Тарихи әдiлеттiлiктi орнату тек жалпыда ғана емес, жалқыда да болуы керек «деген уәждi басшылыққа алсақ, сұлтан Байбарыс есiмiнiң елiмiздiң бұқаралық-ақпарат құралдары арқылы, ауызекi тiлде де бұрмаланып, қате түрде айтылып және жазылып келе жатқандығы өкiнiштi жайт екенін алға тартты.
«Сұлтан есiмiнің Бейбарс деп бұрмаланған нұсқасы қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген. В.Тизенгаузеннiң 1884 жылы жарық көрген «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды» еңбегiнде алғашқы рет орыс тiлiнде сұлтанның есімі Бейбарс түрінде ұшырасады.
Алайда В.Тизенгаузен: «За правильность многих других татарских имен я не ручаюсь вследствие страшной неурядицы, которую мы находим в этом отношении у различных писателей или, правильно, в различных рукописях, передающих имя одного и того же лица на всевожможные лады. Установление настоящей имени каждого из этих лиц будет зависеть уже от дальнейших разысканий», – деп бұл мәселені бізге қалдырған.
Мәмлүк дәуiрiне қатысты атаулар қазақ тiлiне орыс тiлi арқылы кiргенi белгiлi. Бейбарс, Айбак, Аксункур, Балпан, Октай, Тагрибирди және т.б. түрде ғылыми-әдеби айналысқа енген атаулардың дұрысы Байбарыс, Айбек, Ақсұңқар, Балапан, Ақтай, Тәңiрбердi екенi даусыз.
Әрине, бай, бек, би және бей сөздерiнiң түбiрi бiр. Осы орайда қазақ тiлiнде жүзден астам бей-ден басталатын сөздердiң көпшiлiгi парсы тiлiнен енген бей терiске шығару қосымшасының көмегiмен жасалған сөздер екендiгiне назар аударғымыз келедi. Мысалы; беймаза, бейшара, бейбақ, бейуақ т.б.
Әйтпесе, 1245 жылы Мысырда жазылған «Қыпшақ-араб сөздігінде» – Байбарыс. Сөздікте Байбарыс сөзінің бірінші буыны «бай» (бай ол кезде бек мағынасында жұмсалған) арабша «амир», ал «барыс» сөзі «фаһд» дегенді білдіреді деп, «амир фаһд» деген екі сөзден тұрады деп жазылған. Араб тілді мұсылман тарихшылары Байбарыс сұлтанның атын жіктеп мағынасын ашып жазып кеткен. Араб тілінде ай дифтонгы ауызекі тілде ей деп оқылғанымен (шейх, сейд, Бейбарс), әдеби классикалық тілдің нормасы бойынша шайх, саид, Байбарс деп оқылуы тиіс.
Байбарыс есіміндегі бай сөзі қыпшақ мәмлүктер кезінде әмір, бек деген мағынаны білдірген. ХІІІ ғасырда бай, би, бек деген сөздердің аражігі ашылмаған, бай сөзі дәулетті деген мағынаны білдірмеген. Оны біз қазақтың көне сөздерінен көреміз. Мысалы, бәйшешек, бәйбіше, байтөбет (дұрысы байшешек, байбіше). Дұрысы бай екендігі байтөбет сөзінен көрінеді. Бәйшешек – бірінші шығатын гүл, бәйбіше – әйелдердің үлкені, байтөбет – иттің сырттаны.
Тіпті мәмлүк қыпшақтар заманын айтпағанда, олардан кейін 300 жыл өткенде бей сөзі емес, бай сөзі осман билігі кезінде әкімшілік мансапты да білдірген. Ханымдар мен мырзалар (Лэйдиз энд джентелмэн) деген тіркес түрік тілінде Bayanlar ve baylar екені көп нәрсені аңғартады.
Көріп отырғанымыздай, ресми және ғылыми қолданыста бей сөзіне орын жоқ. Бей сөзі араб тілінен түрік тіліне қайта кірген бай деген түркі сөзінің ауызекі формасы болуы әбден ықтимал. Египетте білім алғандар, ұзақ тұрғандар бей сөзінің әлі де кең қолданыста екенін растайды деп ойлаймын.Жоғарыда айтылғандарды тұжырымдай келе, сұлтанның дұрыс аты Байбарыс екені даусыз деп санаймыз.
Бiрiншiден, ХІІІ ғасырда бай, бек, би сөздерінің мағыналық аражігі ашылмаған, бай сөзі дәулетті деген мағынаны емес, бек, бірінші, басты, бас деген ұғымды білдірген.
Екіншіден, сол кездегi қыпшақ, жалпы алғанда түркi есiмдерiн зерттеп қарағанда бай сөзi, көбiнесе ХIХ-ХХ ғасырлардағыдай емес, адам атының басында келiп отырған. Мысалы, Байбарыстың замандастарының аттарын ғана мысалға келтiрсек: Байғара, Байдара, Байтуған, Байтемiр, Байсары және т.б.
Үшіншiден, ортағасырлық тарихшылардың басым көпшiлiгi өз еңбектерiнде сұлтанның атын Байбарс деп көрсетiп отырған.
Төртіншіден, ғылыми қолданыста, оның ішінде ағылшын, француз, немiс тiлдерiндегi еңбектерде Baіbars, Baybars деп жазылады.
Бесіншіден, бей сөзі кең қолданыстағы түрік тілінде сұлтанның аты Baybars деп жазылады.
Қорыта айтқанда, қазақ даласының перзентi сұлтан Байбарыс түркiнiң қара шаңырақ иесi Қазақстан үшiн бұл күндерi беймәлiм Бейбарс емес, өз заманының және кейiнгi тарихшылардың еңбектерiнен өзiне лайық орын алған, дін жолында күрескен, тарихта терең iз, артына мол материалдық мұра қалдырған даңқты тарихи тұлға. Сондықтан сұлтан есімін дұрыс айту және жазу – тарихи шындықты қайта қалпына келтiру ғана емес, оның аруағына деген құрмет пен тағзым белгiсi деп санаймыз», – деді Қайрат Сәки.
P.S.
Айта кететін жайт, мерейтойға қатысты 500-ден астам іс-шара ұйымдастыру жоспарланса, оның 50-ге жуығы халықаралық және республикалық деңгейде өткізілмек. Қазақстан қалалары мен елдімекендердің көшелері мен алаңдарына, спорт сарайларына Сұлтан Бейбарыс есімін беру қарастырылады. Астана, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан қалаларында Мәмлүктер дәуірі туралы сыр шертетін Каирдің ислам өнері музейінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар ұлы батырдың мұрасын мәдени-танымдық және ағартушылық бағыттарда насихаттауды көздейді.
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Дереккөз:
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.