ДЕСТРУКТИВТІ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ
Қандай халық болмасын тарихи үрдістердің негізінде қалыптасқан дәстүрлі құндылықтармен астасып өмір сүреді. Салт-дәстүр ұлттың бір мәдени қабаты ғана емес, сол халықтың төлқұжаты іспетті. Яғни, халық үшін оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы басты құндылықтардың бірі саналады.
Біз дәстүрлі құндылықтарды терістейтін өктем іс-әрекеттердің деңгейіне қарай деструктивті, яки болмаса экстремистік не террорлық деп сипаттама беріп жатамыз. Соңғы кезде осы теріс сипаттамаларға діннің аты қосақталатын бір үрдіс пайда болды. Яғни, «деструктивті діни ағымдар», «діни экстремизм», «діни терроризм» деген атаулардан көз сүрініп, құлақ тұнатын жағдайға жеттік. Әлбетте, басқа түскен індеттен қашып емес, шешіп қана құтыла аламыз. Олай болса, алдымен «деструктивті діни ағым», «діни экстремизм», «діни терроризм» ұғымдарының бір-бірінен қандай ерекшелігі бар екенін ажыратып алсақ.
Алдымен, «Діни экстремизмге» тоқталсақ. Бұл ұғым дегенде біз негізінен жек көрушілік пен діни дұшпандықты қоздыру мақсатында мемлекеттің аумақтық біртұтастығы мен тәуелсіздігін бұзу және билікті күшпен басып алуға үгіттейтін қауіпті іс-әрекеттер жиынтығын айтамыз. Яғни, бұның астарында да дінге негізделген немесе діни элементтерді қамтитын факторлар кездеседі деген сөз. Ал, «Діни терроризм» дегенде – дін атынан жалған сөйлеу, камуфляждалып жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдарды қазаға ұшырату, елеулi мүлiктiк залал келтiру, қоғамға қауiптi өзге де зардаптарды тудыру, қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленiстiру және т.б. діни элементке негізделген содырлық әрекеттерді айтамыз. Деструктивті діни ағымдар болса – қоғамда қалыптасқан дәстүрлі жүйеге дін атын жамылып, қауіп төндіретін, негізсіз терістейтін, жоққа шығаратын, дін атына сай емес мұрат-мақсаттарда іс-әрекеттер жасап, заңсыз немесе заңның тиімді тұстарын әртүрлі қитұрқы әдіс-тәсілдермен өз мүддесіне барынша пайдаланатын адасушыларды айтамыз.
Кез келген діни ағымның деструктивтілігі оның мақсаттарынан және іс-әрекетінің нәтижесінен аңғарылады. Теріс пиғылды ағымның арбауына түскен адамның жеке өмірінің деңгейі, сондай-ақ оның әлеуметтік, физикалық, экономикалық, рухани және моральдық жағдайы бұзылады. Соның салдарынан отбасы мен қоғам зардап шегіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келеді. Деструктивті діни ағымдардың таралуы халықтың діни сауаттылығының төмендігі, қазақстандық азаматтардың шетелде бақылаусыз діни білім алуы сияқты факторлардың әсерінен кең етек жайып кетті. Соның арқасында халық арасында радикалды идеологияның енуіне қолайлы жағдай туғызған негізгі себептер болды.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен елдегі діни саланы реттеу мәселелері Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі күні мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың бірлесе үйлесімді жасап жатқан жұмыстарының нәтижесінде елдегі діни ахуалдың тұрақтылығы сақталып келеді. Ел Президентінің нұсқауарын орындау аясында террористік қатерлерді бейтараптандыруға арналған Қазақстанның жеке дербес жүйесі құрылып, жыл сайын жетілдірілу үстінде. Елімізде экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимылға қатысты біршама тәжірибе мен біліктілік базасы жинақталды. Ол ең алдымен алдын алу шараларын жүргізу, халықтың діни-құқықтық сауаттылығын арттыру, түрлі радикалды идеологиялардың ықпалына төтеп беретін иммунитетті қалыптастыру жұмыстарынан тұрады. Бұл орайда дәстүрлі діни-рухани құндылықтардың ұлттың болашағын құруда ықпалды фактор екенін ұмытпауымыз қажет. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен руханияты, өмірлік ұстанымдары мен салт-дәстүрлері, дүниетанымы осы діннің құндылықтарымен сабақтаса қалыптасты.
Бүгінгі күннің бет алысына қарай мың құбылып, сабан астынан су жүгіртуді көздейтін деструктивті діни ағымдармен білек сыбана күресуге тиістіміз. Өйткені, деструктивті діни ағым өкілдері жоққа шығарғысы келген дәстүрлі құндылықтарымыз ұлтымыздың қаны мен жаны болып есептеледі. Ал, рухани құндылықтарсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Яғни, дәстүрлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтау заман талабы. Жаһандық деңгейде әрекет ететін деструктивті ағымдардың ықпалымен күресте қоғамда ұлттық және діни-рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ғана біз бүгінгі қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ете аламыз.
Смаилов Бакытжан
"Қарағайлы" мешітінің бас имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.