ДЕСТРУКТИВТІ ДІНИ АҒЫМНЫҢ МАҚСАТЫ - КҮЙРЕТУ
Сан ғасырдан бері елдің сағын сындырмай ұлт пен сананы кірлетпей ұстауға бірден бір себеп болған дүние ол - ұлттық сана. Талай сынды сәттерде елдің ойын бір жерден шығарып сан қилы кезеңдерді өткізген ата бабамыз ешқашан теріс ағымдардың жетегіне еріп ұл қызын жем қылып бермеген.
Қазіргі заманның зарына айналған теріс ағым зардабы мен арбауына түскен қаншама жастарды көріп олардың бойынан ұлттық құндылықтарды байқамаймыз. Себебі кез келген адам өз ұлтының тарихы мен құндылығын білсе теріс жолдарға ере қоюы екі талай. Әлихан Бөкайханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден», - деген ұлы мұрасы бойына сіңген әрбір қазақ баласын елі мен отанына ұлты мен ата-анасына деген қызметі арта түспесе кемімейтіні анық. Демек, қандай да бір ұлттың мақсаты анық болып құндылығын сақтаса ешбір сыртқы кереағар жолдарға еріп кетіп күйреуге тап болмайды.
Қазақ халқы әрқашан да дәстүрлі діни бағытты ұстанушы ретінде бейбітшілік пен тыныштықты бірлік пен татулықты қалайтын ел ретінде мұсылманшылықты орта жолда ұстанған.
Себебі, бірлік бар жерде береке бар, ал берекенің түбі кез-келген елді дамуға жетелейтіні рас. Осы тұрғыда қазақ даласындағы мұсылман үмметін бір ізділіктен айырып күйретуге бағытталған, қазақтың болашағына балта шапқысы келетін кереағар ағымдар әрекеті күрсіндіреді.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде сахабаларына мынадай өсиет қалдырған «Ислам жолында сендер ертеңгі күні түрлі елдерге барып Алланың хикметін жеткізесіңдер. Сонда шариғатқа қарсы келмесе, сол елдердің әдет-ғұрпына, сенім-нанымына құрметпен қараңдар», - деген хадисіне қарайтын болсақ алғаш қазақ даласына исламды жеткізіп иманға шақырған сахабалардың ниетінде ешқандай күйрету болмағанын білеміз. Себебі кереғар ағымдар ақиқаттан жұр болып, адам хақысына кіруден бас тартпайды.
Қазіргі дамыған заманда бір елге діннің туралығын жеткізуге немесе теріс бағытқа жетелеу үшін сол елге барып араласу қажет етпейді, өйткені әлеуметтік желінің мүмкіндіктері сондай шет елде отырып-ақ дағуатқа шақыруға болады. Осы тұрғыда кез-келген адам теріс ағымға еріп, арбауына түсіп қалмауы үшін рационалды ойлау принціпін ұстану керек. Ол дегеніміз адамды басқа жаратылыстан ерекшелейтін ойлау жүйесі, яғни, ойлау, түсіну, бағалау, саралау және әрекет ету қабілеттері сияқты адамның артықшылықтары.
Демек, рационалды ойлай білетін кез-келген адам өзіне дін жайлы бір хабар жеткен кезде жеткізген адам жайында және айтып жатқан дүниесі турасында таразыға салып саралай алуы оның діни теріс, керағар ағымдардан сақтануына мүмкіндік береді.
Қазақ халқына адаспас үшін ұлы ақын Абайдың «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның», - деген сөз төркінін түсінген болуы шарт, дұрыс ойлап ерме (еріп жүре беретін адам) болмауы шарт, тарихты біліп құндылықтарымызды қадірлеу шарт.
Дін, жер бізге аманат. Болашақ ұрпақ үшін құндылықтар аманат, ал аманатқа қиянат - үлкен күнә болып табылады.
Елдос Арғынбай
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.