ДІН МЕН ДӘСТҮР - ТҮБІ БІР ЕГІЗ ҰҒЫМ
Дәстүрлі дініміз – ислам төңірегінде әртүрлі алыпқашпа әңгімелер мен ақиқаттан өзге сөздер еріп жүргені жасырын емес. Олар шындыққа жанаспақ түгілі, илануға келмейтіндей деңгейде. Міне сондай оспадар ойлы, өресі төменділердің әсерінен дініміз қайсы, дәстүріміз қандай деген күмәннің артынан еріп жататын жағдаяттар да кездеседі.
Жалпы, қазіргі күні байқасаңыз, жастар мешітке көп баратын болды. Бұл бір қарағанда қуанышты жағдай әрине. Дегенмен, сол жастардың бәрінің бірдей дінімізге деген көзқарасы дұрыс па әлде жаңсақ басып жүргендері де бар ма? Міне, гәптің бәрі осында.
Әсілінде, дін мен дәстүр – түбі бір егіз ұғым. Мұны біз, әсіресе жастар қауымы қалай ұғынып жүрміз? Бұл екеуі ажырамас, бірі мен бірі біте қайнасқан ұлағатты ұғым. Оның аражігін ажырату үшін үлкен діни білім, ұлттық дәстүрді жете меңгерген қабілет керек. Ең бастысы, дініміз бен дәстүрімізді ұғындыратын, соған жетелейтін насихат құралы қажет. Қазақ халқы қашанда дәстүр-салтымен, әдет-ғұрпымен өмір сүрген халық. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» деп бабаларымыз бекер айтпаса керек-ті.
Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық. Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десек те болғандай. Дініміз Ислам – адамгершілік пен парасаттылықтың, қайырымдылық пен ізгілік діні. Осынау асыл дінімізді әр саққа жүгіртіп, бұрмаламай өзінің тұнық қайнарынан үйренуге тырысқанымыз жөн. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі дінін, әдет-ғұрпын жоққа шығармайық.
Қарап тұрсаңыз, дін мен дәстүр ағыны ортақ, арнасы бір ұғым. Бір-бірінен ажыратып айтуға келмейтін дүниелер. Алайда, қазіргі таңда сенімге селкеу түсіріп, ғұрпыңның ғұмыры қысқа деп, дәстүріңді далбасалыққа теліп жүргендер де жетерлік. Қазақстан аумағына орныққан Исламның дəстүрлі емес ағымдары сан ғасырлық ата-баба мұрасы мен қазақы салт-дəстүрден жеріп, мұсылмандар арасына жік салуды көздейді.
Сонымен қатар, олардың саяси мақсаттары да жетерлік. Елдің, қоғамның тыныштығы деген түсініктер оларды қызықтырмайды. Өйткені көздеген мақсаттары тым арыда жатыр. Ондайлар сол мақсаттарына жету жолында ештеңеден де тайынбайды. Міне сондықтан да бұл мəселеде бізге өте абай болғанымыз абзал деп ойлаймын.
Сеніміне селкеу түсіп, сергелдең тірліктің құлдарына айналған олардың барлығы да Алланы да, адамды да мойындамай, өз әлемдерінің падишаһтары болып отыр. Түсініктері бөлек, пайым-пікірлері мүлдем басқа. Бұнымен қоймай жастардың да санасын улап, әр жерден төбе көрсетуді де әдетке айналдырып алған. Заңға қайшы әрекеттерінен зардап шегушілер де кездеседі. Бұларды тура жолға салу, ойын өзгерту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Алайда бірі қайтса, екіншілері өз бағытынан таймай, теріс сапарын жалғастыруды доғарар емес. Бұның тамырына балта шаппаса, ертең кеш болары сөзсіз. Сондықтан да әр отбасы шаңырағында салт-дәстүр мен діннің, ұлттық құндылықтардың алатын орны жайлы көбірек айтылса нұр үстіне нұр болар еді. Ұят боладыға ұрындырмай, обал болады дегенге ойлана қарататын, сауап боладымен тағдырыңды сабақтастыратын қазақы тәлім мен тәрбиенің түп тамырынан ажырамайық.
Исмаилов Мураджан
"Фирали" мешітінің наиб имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.