ДІНИ РӘСІМДЕРГЕ ҚҰРМЕТ
Қазақ халқының бойында бабалардан келе жатқан өте ерекше бір қасиет бар. Ол – діни рәсімдерге құрмет. Атадан балаға жалғасып келе жатқан ең үлкен құндылықтарымыздың бірі осы болса керек.
Байқайсыз ба, қазіргі күнде кез-келген бір үйге барып: «Мен намаз оқитын едім, уақыты келіп қалып еді» деп айтып көріңізші. Сол үйдің иелері сіздің дәрет суыңызды реттеп, орамалын ұсынып, жайнамаз, тақия, тәспіңізге дейін дайындап бәйек болатындары бар. Ол үйде намаз оқитын адамы болмай, жайнамазы жоқ болған жағдайда да үйіндегі ең таза жаялығын ұсынып, ерекше әбігерге түседі. Міне, бұл діни рәсімдерге құрмет болып саналады.
Бұл тек намазға ғана қатысты емес. Ораза айындағы ауызашарлар, сәресі, тарауих намаздары болсын, құрбан шалу, қажылық сапары болсын, қайсыбір діни құндылық туралы сөз бола қалса, соған деген айрықша құрметті бірден байқаймыз. Осы бір қасиетімізді көздің қарашығындай сақтауымыз аса маңызды.
Бұл жарқын мінездің тағы бір себебі, өмірімізге тірек болып келген негізгі дәстүріміздің көбі әу баста асыл дініміз исламнан келіп шығатындығында. Бұрыннан келе жатқан байырғы әдет-ғұрыптарымыздың қай-қайсысын алып қарасақ та, оның астарында дініміздің талабы, шариғаттың қағидасы жатады. Дәстүрдің өшпей-сөнбей, оны ұстанған халықпен бірге жалғасуының бір сыры да осында болса керек. Мысалы, қазақтың ер жеткен ұлы мен бойжеткен қызы шаңырақ көтеріп, отау құрарда бәрінен бұрын ақ некесін қидырады. Бұл да діни рәсімге деген анық құрмет. Неке қиюсыз қазақтың отбасында жаңа шаңырақ көтерілмейді. Байқап қарасақ, ақ некенің астарында дініміздің талабы жатыр. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: "Некелеріңді қидырып үйленіңдер, көбейіңдер, қиямет күні мен сендердің көптіктеріңмен мақтанамын", - деген. Сол кезден бастап күллі мұсылман жұртшылығы үйленіп, тұрмыс құрғанда ақ некелерін қидырып келеді. Қазақ халқы да неке қидыруды негізгі дәстүріне ендіріп жіберді.
Бұл қасиеттің төркіні қайда десеңіз, ол қазақ халқының ислам дінінен нәр алған табиғи мейірімділігімізде жатыр. Рахман Алланың мейірімінен нәр алған ұлтымыз, бізді қоршаған ғажайып жаратылыстың тылсым сырларын бойына сіңірген шапағаты мол ел. Мейіріміділік бұл елдің қанына сіңіп, сүйегіне бітіп кеткен басты қасиеті десек, артық айтқандық емес. Үлкен мен кішіге, ауыл-аймақ, ағайын-туыстарға ғана емес, исі адам баласына мейірін төгіп, жанды табиғатқа елжірей қарап, обалдан сақтанған қазақтай мейірбан жұрт жер дүниеде аз кездеседі. Киіз үйінің түндігінен төгілген күн нұры да көшпелі тұрмыс кешкен қазақ елін жұмсақтыққа, жылылыққа, жанашырлыққа баулиды.
Ілгеріде бір адам «Кезінде талай адамға жақсылық істеп едім. Не керек, соның бірде-бірінен қайыр-жақсылығымның қарызы қайтпады», - деп налыған екен. Сонда осыны естіген досы отырып: «Одан өкінетін ештеңең жоқ екен, достым. Өйткені біреуге қылған қайыр-жақсылық әлдебір алаяқ саудагердің несиеге беретін қарызы емес, адамшылықтың парызы ғой», - депті. Досының бұл сөзінен ұялған әлгі адам сол сәттен бастап өзгеге істеген жақсылығы жайында жұмған аузын ашпайтын болыпты. Дәл осы оқиғада айтылғандай, діни рәсімдерге деген құрмет біздің адамшылық парызымызды терең ұғатын парасатымыздан да бастау алса керек.
Жалпы, діни құндылықтар мен рәсімдерді құрметтеу – адамшылық борышы. Діндар болмаса да, мәдениетті, өркениетті адам діни рәсімдерді өзі атқармаса да, оларды қорламайды. Әсіресе, көпшілік алдында діни құндылықтарға сөз тигізу – үлкен әбестік. Діни рәсімдерге құрмет жоғалса, жеке адамның өмірінен де, отбасынан да, жалпы қоғамнан да береке қаша бастайтыны сөзсіз.
Біздің асыл дініміз, ислам туралы айтар болсақ, бұл әрбір саналы адам өз еркімен қабылдайтын және осы әлемде және арғы мәңгі өмірде бақытқа қол жеткізетін құдайлық заң. Біздің дінімізді бағаламау, құндылықтарымызды мазақ ету, оның кейбір шарттарымен келіспеу - бұл исламның мәніне қайшы келетін көзқарас саналады.
Жинақтай келгенде, екі дүниенің бақытына діни құндылықтар мен рәсімдерге деген құрметпен қол жеткізуге болады.
Руслан Елемесов
«Байкен» мешітінің наиб имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.