Дүниеден өткен кісіге қандай сауапты амалдарды бағыштауға болады?
- Кейбіреулер «Құран тірілер үшін» дейді. Өлілерге Құран бағыштау дұрыс емес пе? Құран тірілер үшін дегенді қалай түсінуге болады?
- Иә, Құран тірілер үшін түскен. Өлілерге Құран сауабын бағыштау ғана бар. Құран – адам ғұмырының қайнар көзі, сарқылмас кәусар бұлағы, таусылмас бақыты. Неге десеңіз, Ұлы Жаратушы әлемді жаратқанда барлық жаратылысқа өзіне тән тиісті міндетін жүктеген. Олар бұл міндетін иләһи бағдарлама бойынша бейсаналық түрде қалтқысыз атқарады. Бірақ, бізбен параллель ғұмыр кешкен жын мен адамзатта ақыл, ерік болғаны үшін бағдарламаны олардың өз қолдарына берген. Адам өмірінің басы мен соңына дейін орын алатын жағдаяттарды сол кітабында айтып хабар берген. Ол кітапта адамның нәпсілік құмарлықтың шырмауынан құтылып, толық адам шыңына жету жолдары көрсетілген. Яғни, әлемде тұрақты дәреже бар. Ал, адамда шексіз көтерілу мүмкіндігі бар. Ол кітапта бұл ғұмырға неге келдік? Қайдан келдік? Қайда барамыз? Өмірдің мән-мағынасы не? деген Құраннан алыс философтардың санасын салсылтқан сұрақтарға жауап бар. Сондықтан да, Құранның алғашқы аяты «Оқы!» деп түскен. Яғни, мағынасын түсінбей өлілерге ғана оқуға яки әспеттеп төрге іліп қою үшін ғана келмеген. Сізге бір жақыныңыздан хат келсе, оқымай тастай саласыз ба әлде онда не жазылғанын білуге асығасыз ба? Немесе, сіз тау арасында тығырыққа тіреліп шыға алмай өмірден күдер үзе бастағаныңызда сізге біреу келіп сол жолдан шығар карта әкелсе сіз жай ғана ысырып қоя салар ма едіңіз? Сол секілді Ұлы Жаратушы жер бетіндегі қадірлі қонағына екі өмірде бақытты ғұмыр кешу жолын көрсеткен. Бірақ, өкінішке орай көптеген адамдар бұдан хабарсыз. Құранда Алла Тағала:
لَوْ أَنزَلْنَا هَذَا الْقُرْآنَ عَلَى جَبَلٍ لَّرَأَيْتَهُ خَاشِعًا مُّتَصَدِّعًا مِّنْ خَشْيَةِ اللَّهِ وَتِلْكَ الْأَمْثَالُ نَضْرِبُهَا لِلنَّاسِ لَعَلَّهُمْ يَتَفَكَّرُونَ
«Егер біз осы Құранды тауға түсіргенімізде, оның (алыптығына қарамастан) Аллаға деген ерекше құрметі мен қорқынышынан бас иіп, күл-паршасы шыққанын көрер едің. Біз адамдар үшін жүйелі түрде ойланып, ғибрат алсын деп осындай мысалдар келтірудеміз» [1].
Яғни, Құран толық адамдық шыңға жете алатын қабілеті бар адамға түскен. Егер оның алыптығын есепке алып адамға емес тауға түсірсе, осыншама ауыр жүкті көтере алмай, әрі Алладан қорқып әп-сәтте жермен-жексен болар еді. Бірақ, адам баласы жүрек пен санасын Құраннан алыс ұстағандықтан, Құран оған дәл солай әсер ете алмауда. Ішкі жан-дүниесін Құранға жат етіп, сана мен жүрек әлемінің төрінен сол бір иләһи сөзге орын бермеген адам, әлбетте, Құран ғаламаттарынан мақрұм қала бермек. Иә, Құран – тірілер үшін түскен!
Енді, өліге Құран бағыштау мәселесіне көз салып көрелік. Негізі бұл осы заманда көп қозғалып жүрген мәселе. «Өліге ешқандай Құран бағыштауға болмайды», «Қабіріне барып, дұға қылуға болмайды», «Ата-анаң, жақының қайтыс болса, қайта еске алуға болмайды», «Мал сойып сауабын бағыштауға болмайды, ата-бабаларымыз солай жасаған болса, ендеше олар бұрыс жолда болған», - деген секілді тиым салушылықтар көп. Естіген адам: «Сонда не болады?» - деп ойланып қалмақ. Зер салып қарасаңыз, бұлардың бәрі мұсылмандарға ата-балалары мен өткен тарихын ұмытуға жасалған тәсіл екенін аңғаруға болады. Жақыныңыз дүниеден өтсе, үнсіз жерлеп, одан кейін оны қайта еске де алмай, жадыңнан өшіресің. Әсіресе, Ұлы Жаратушының ақырғы жіберген елшісі, біздің Пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммедті (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) һәм оның сахабаларын, одан кейінгі ғұламаларды еске алып, Құран бағыштамайсың. Сонда өткенін ұмытқан иісі мұсылман кімді ғибрат қылмақ? Пайғамбарымыздың сөздеріне бір құлақ салып көрейікші!
قال النبي صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : ( إِذَا مَاتَ الْإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلا مِنْ ثَلاثَةٍ : إِلا مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ ، أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ ، أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ ) رواه مسلم
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласы дүниеден озғанда, үш түрлі ісінен өзге барлық істері тоқтап (кітабы жабылып) қалады. Тоқтамайтын істері: үзілмейтін садақа, адамзат игілігі үшін қалдырған пайдалы ілімі және артынан дұға жасайтын ізгі ұрпақ»[2], – деген.
Бірде бір әйел Алла Елшісіне келіп, анасының нәзір оразасы болғандығын алайда соны орындай алмай бұл өмірден өтіп кеткендігін айтады.
عن عائشة رضي الله عنها أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال من مات وعليه صيام صام عنه وليه
Алла Елшісі:«Дүниеден озған кісінің қарыз оразасы болса қамқоршысы оның орнына ауыз бекітсін»,[3]- дейді.
أن امرأة أتت رسول الله صلى الله عليه وسلم فقالت إن أمي ماتت وعليها صوم شهر فقال أرأيت لو كان عليها دين أكنت تقضينه قالت نعم قال فدين الله أحق بالقضاء
Бұхари мен Муслимнің сахих жинағында келген ибн Аббастың риуаят еткен хадисінде: «Бір адам Алла елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Менің анам мойнында бір айлық оразасы бар күйде дүниеден өтті. Анамның мойнындағы оразасын менің өтеуіме бола ма?», – деп сұрайды. Алла елшісі: «Егер анаңның біреуге қарызы болса, оны өтер ме едің», – дейді. Әлгі адам: «Иә», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз: «Алла алдындағы анаңның қарызы өтелуге әлде қайда лайығырақ», [4] – делінген.
Ораза тәндік құлшылықтардың бір түрі. Ендеше хадисте біреудің өкіл етіп ұсталған оразаның сауабы қайтыс болған мұсылманға бағышталатынын айтып тұр.
أنَّ امْرَأَةً مِن جُهَيْنَةَ جاءَتْ إلى النبيِّ صلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ، فقالَتْ: إنَّ أُمِّي نَذَرَتْ أنْ تَحُجَّ، فَلَمْ تَحُجَّ حتَّى ماتَتْ؛ أفَأَحُجُّ عَنْها؟ قالَ: نَعَمْ حُجِّي عَنْها؛ أرَأَيْتِ لو كانَ علَى أُمِّكِ دَيْنٌ أكُنْتِ قاضِيَةً؟ اقْضُوا اللَّهَ؛ فاللَّهُ أحَقُّ بالوَفاءِ.
Ибн Аббастан риуаят етілген басқа бір хадисте: «Жуһайна тайпасынан болған бір әйел кісі Алла елшісіне келіп: «Анам қажылық жасауға нәзір еткен еді, бірақ, өкінішке орай қажылығын жасамас бұрын дүниеден өтті. Енді мен анамның орнына қажылық жасай аламын ба? (яғни анамның қажылығын өтей аламын ба?)», – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Егер анаңның біреуге қарызы болса, оны өтер едің ғой, ендеше, Алла алдындағы анаңның қарызы өтелуге әлде қайда лайығырақ», [5] – деп жауап береді.
Бұл хадисте қайтыс болған адамның тірі күнінде жасаған амалдарынан яки өзгенің ісіне себепкер болған амалдарынан пайдалана алмақ. Негізі бұған барлық Ислам ғұламалары келіседі. Һәм әһли сүннит ғұламаларының барлығы да сонымен қатар тірі адамның амалының сауабы өліге пайда беретінін айтқан. Тек қана Мұғтәзила деп аталған бұрыс ағымдағылар өліге тірінің дұғасы да, садақасы да пайда бермейтінін айтқан. Алайда, кейбір амал мен жақсылықтардың өліге пайда беретіні хақында ап-айқын аят пен хадистер бар. Мысалы, өліге бата жасау мен истиғфардың (Алладан өлінің кешірілуін тілеу) пайдасы болатынына мына аят дәлел:
وَالَّذِينَ جَاءُوا مِنْ بَعْدِهِمْ يَقُولُونَ رَبَّنَا اغْفِرْ لَنَا وَلِإِخْوَانِنَا الَّذِينَ سَبَقُونَا بِالْإِيمَانِ وَلَا تَجْعَلْ فِي قُلُوبِنَا غِلًّا لِلَّذِينَ آمَنُوا رَبَّنَا إِنَّكَ رَءُوفٌ رَحِيمٌ
«Олар кейін келгендер былай дейді: «Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды кешір! Әрі жүрегімізде иман келтіргенге деген ешқандай өштік қалдырма» [6].
Бұл аятта Хақ Тағала өмірден өткен мұсылман бауырлары үшін кешірім тілеген мұсылмандарды мақтаған. Егер кешірім тілеудің өліге пайдасы болмайтын болса, Алла Тағала аятында өліге кешірім тілеп, бата қылғандарды мақтамайтын еді.
أنَّ رجلًا قال للنبيِّ صلَّى اللهُ عليْهِ وسلَّمَ : إنَّ أبي مات ، وترك مالًا ولم يُوصِ ، فهل يُكفَّرْ عنه أن أتصدقَ عنه ؟ قال : نعم
Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Алла елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір кісі келіп: «Әкем дүниеден өтті, бірақ, артында қалған дүниесін өсиет етпеді. Әкемнің орнына дүниесінен садақа етіп берсем, күнәлары кешіріледі ме? – деп сұрады. Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә», – деп жауап берді» [7].
Өліге оқылған жаназа намазы да оған бата қылып, оның кешірілуін тілеу үшін қойылған. Алла Елшісі де: «Өлінің жаназа намазын оқыған соң оған шынайы түрде дұға етіп, бата қылыңдар», [8] - дейді.
Пайғамбарымыздың өзі де жаназа намазын оқыған кезде, артынан дұға еткен. Егер бұл намаз бен дұғаның өліге пайдасы болмағанда Алла елшісі бұлай жасамас еді, өзгелерге әмір етпес де еді.
Көпшілік әһли-сүннет ғалымдары Құран сауабының марқұмдарға тиетінін айтқан.
Әбу Ханифа мен Ахмад ибн Ханбалдың, сондай-ақ, кейінгі Мәлики ғалымдары мен бір топ Шафиғи ғұламаларының көзқарасы бойынша да, бағышталып оқылған Құран сауабы өліге тиеді.
Сондай-ақ, Ибн Қудаманың «әл-Муғни» атты кітабында Ахмад ибн Ханбалдың айтқан сөзі келтіріледі: «Бізге жеткен хадистерде, бағышталып жасалған жақсылық сауабының марқұмдарға тиетіндігі айтылған. Сондай-ақ, барлық аймақтағы мұсылмандар Құран оқып, сауабын марқұмдарға бағыштауда және бұған ешкім қарсылық білдіріп жатқан жоқ. Демек, ғалымдар арасында осы амалдың дұрыстығына қатысты ижмағтың [9] барын көреміз» [10].
Ибнул Қаийм әл-Жәузия [11] да: «Жасалған жақсылық пен оқылған Құранның сауабы өліге тиеді», - деген көзқарасты таңдаған.
Мәлики мәзһабын ұстанушы үлкен тәпсір ғалымы Қуртуби бұл жайлы: «Бұл тақырыптағы еш талассыз нәрсе – берілген садақа сауабының өліге тиетіндігі. Ал енді садақаның сауабы өліге тиетіні секілді оқылған Құран мен дұға, истиғфарлардың да пайдасы өліге тиеді. Өйткені бұлар да садақаға жатады. Садақа тек ақша, дүниемен шектелмейді», – деген [12].
Сондай-ақ, Мағқал ибн Ясардан жеткен риуаятта Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
اقرؤوا على موتاكم سورة يس
«Өлілеріңе «Йасин» сүресін оқыңдар» [13], – деген.
Қабір пенденің ақырет күніне дейінгі мекені болғандықтан онда жатқан ата-баба, ағайын-туыс, жора-жолдас, дін бауырларымыздың қабірлерін зиярат етіп, олар үшін Алладан истиғфар тілеп, дұға ету, Құран оқып сауабын бағыштау, Алладан мейір шапағат тілеу өмірдегі мұсылманның міндеті.
Біз көп жағдайда қабірді зиярат етіп жатамыз. Әрине шариғатта қабір зияратын жасау бұйырылған. Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) біздерге былай дейді: «Мен сіздерге алғашқыда қабір зияратын тыйған едім. Енді болса, зиярат етіңдер. Өйткені қабір зияраты сіздерге ақыретті еске түсіреді» [14].
Хазіреті Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі көбіне қайтыс болған сахабаларының қабірлерін зиярат етіп, оларға дұға ететін еді. Мәселен, Ухуд шайқасында шейіт болған сахабаларының қабірлерін зиярат етіп, былай дейтін: «Сабыр еткен нәрселеріңе байланысты сіздерге сәлем болсын! Сіздер үшін ақырет өмірі қандай жақсы!». Сол секілді кейде «Жәннатул Бақи» қабірстанын зиярат етіп, оларға сәлем беріп, былай деп дұға ететін: «Ей, мүміндер жұртының тұрғындары! Сіздерге сәлем болсын. Біз де, иншалла, сіздерге қауышамыз. Алла Тағаладан біз үшін және сіздер үшін амандық пен есендік сұраймын» [15].
Қабір зияраты барысында марқұмның қабіріне барып Құран оқып, дұға жасаймыз. Алайда кейбіреулер қабірдегі мәйіттің ештеңе естімейтіндігін алға тартып, олар үшін дұға ету, истиғфар айту, Құран оқу бекершілік деуде. Әһли сүннет бойынша, дүниеден қайтқан кісілердің қабірін зиярат ету, оларға сәлем беру және Құран оқып, сауабын бағыштауға болады. Сондай-ақ, хадистерге сүйене отырып, қабір зияраты кезінде қабірдегі мәйіттердің өздерін зиярат етуге келген жанның сөздерін еститінін қабыл етеді. Бұған дәлел ретінде мына бір хадистерді келтіруге болады:
Абдулла ибн Омардан риуаят бойынша, Бәдір шайқасы аяқталған соң, хазіреті Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) майдан алаңында жатқан қурайш мүшріктеріне қарап: «Раббымыздың уәде еткен азабының шын екендігін көрдіңдер ме?», - деп дауыстап айтады. Сонда Хазіреті Омар: «Ей, Алланың Елшісі! Мынау өліп қалған өліктерге айтып жатырсыз ба?», - деп сұрағанда, Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Сіздер бұлардан артық ести алмайсыздар. Бірақ бұлар жауап бере алмайды»[16].
Иә, өлген адам естімейтін болса, ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұлай демес еді. Бірде хазіреті Айша (р.анһа) Алланың елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қабір зиярат ететін уақытта оларға қалай дұға етейін?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған мына дұғаны оқуды бұйырады: «Жәбірейіл маған: Әлбетте Раббың саған Бақи зиратына барып олар үшін жарылқау етуіңді әмір етті, - деді». Мен (Айша) тағы да: «Ей, Алланың елшісі! Олар үшін қалай дұға етейін?» - дедім, Алланың елшісі: «Былай де:
اَلسَّلامُ عَلَيْكُمْ أَهْلَ الدِّيَارِ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُسْلِمِينَ، ويرحم الله المستقدمين منا والمستأخرين، وَإنَّا إنْ شَاءَ اللَّهُ بِكُمْ لاحِقُونَ " .رواه مسلم
«Әссәламу алейкум әһләд-дияри минәл-мумининә уәл-муслимин. Уә ярхамуллаһул-мустақдиминә миннә уәл мустахирин. Уә иннә иншаАллау бикум ләхиқун – Ассаламу алейкум мүміндер мен мұсылмандардан болған қауым жұрты! Алла бізден алдын өлгендерге және бізден кейін өлетіндерге рақым етсін. Алла қаласа бізде сендерге қауышамыз», - деп бұйырды [17].
Сол секілді Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ухуд пен Жәннәтул Бақи қабірстанын зиярат етуге барған кезде:
السَّلَامُ عَلَيْكُمْ أهْلَ الدِّيَارِ مِنَ الـمُؤْمِنِينَ والـمُسْلِمِينَ وَإنَّا إنْ شَاءَ اللَّهُ بِكُمْ لاحِقُونَ
Ассаламу алейкум мүміндер мен мұсылмандардан болған қауым жұрты! Алла қаласа бізде сендерге қауышамыз», - дейтін.
Қабірдегілер естімейтін болса, онда Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оларға «ассалаума алейкум» деп сәлем бермес еді. Олай болса жоғарыдағы хадистерден шығатын ұғым қабірде жатқан кісі өзін зиярат етушінің сөзін естиді. Имам Ғазали «Ихияу улумиддин» атты еңбегінде: «Адам таныс бір кісінің қабірінің қасынан өтіп бара жатып, оған сәлем берсе, өлген кісі оның сәлемін алады және оны таниды. Ал бейтаныс кісінің қабірінің қасынан өтіп бара жатып сәлем берсе, өлген кісі оның сәлемін алады»[18], - деуде.
Ханафи мәзһабы ғалымдары осы хадистерге сүйене отырып «Адам амалдарының сауабын басқасына бағыштай алады. Амалы қырағат, намаз, ораза, садақа, қажылық, т.б. барлық түрлерінен болады» деп пәтуа берген. Бірақ, Әбу Ханифа, Ахмад ибн Хәнбәл және Имам Мәликтің көзқарасы бойынша Құранды мазар жанында оқу мәкрүһ. Алайда Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша қабір басында Құран оқуға болады. Тіпті, бір хабарда Ахмад ибн Хәнбәл да болады деп пәтуа айтып, дәлел ретінде кейбір хадистер мен Ибн Омардан келген хабарды айтады. Ибн Омар қайтыс болар алдында жерлеген соң қабірінің басында «Бақара» сүресінің басы мен соңындағы аяттарды оқуды өсиет еткенін айтқан.
Пайғамбарымыз ақыретті ойлап, тәубесіне келу үшін қабірге зиярат жасауды насихаттаған. Сондықтан қабірге барып, оны тауап етіп, рухынан тілек тілеп күпірлікке баруға болмайды. Әрқашан тепе-теңдік сақталуы тиіс.
Ақырғы сөз, хадисте айтылғандай оразаның, қажылықтың сауабы бағышталса неге Құран сауабы бағышталмасын?! Һәм өлінің артынан садақа беру бар. Бірнеше теңгені қайтқан кісінің атынан садақа етіп беріп, сауабы марқұмның рухына жетіп жатқанда, Алла Тағаланың жаратылмаған Құранның сауабы жетпей қалғаны ма?! Әрі өліге Құдайдан рақым тілеп, дұға жасау бар. Тірінің дұғасы арқылы қабірде азап көріп жатқан мұсылманның күнәсі кешірілуі мүмкін. Алайда Құран да дұға кітап емес пе? Негізі ең үлкен дұға да осы кітап. Мысалы, «Фатиха» сүресі толықтай дұғадан тұрады. Һәм Алла Тағаланың өзі үйреткен дұғалары тез қабыл болмақ. Онда неге Құран оқып, сауабын бағыштамасқа?
Бақытжан Көптілеуов,
Алматы қаласы, Жетісу ауданы
«әл-Мәдина» мешітінің бас имамы
[1] Хашр сүресі 21 аят.
[2] Мүслим, уасыйя 14.
[3] Бухари, саум:
[4]742; Муслим, сиям: 27.
[5]Бухари, Риқақ: 42; Муслим, Зуһд:5.
[6] Хашр сүресі, 10 аят.
[7] Хадис Муслимнің сахихында және Ахмадтың Муснадында келген.
[8]Әбу Даууд, Сунән, Жәнәиз, 59.
[9] Ғалымдардың шариғи бір мәселеге қатысты бір ауыздан келісуі
[10]Бурһануддин Ибрахим ибн Мухаммад. әл-Мубди шарх әл-Муқни. –Бейрут: «Дарул китаб әл-илмия», 1997.– 2-т., –254-б.
[11]Ибн Тәймияның үлкен шәкірттерінің бірі
[12] ЖолдыбайұлыҚ. Дін мен діл 1. –Алматы: Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры, 2011. –82-б.
[13] Әбу Дәуід, 8-том, 385-бет.
[14] (Тирмизи, Жәнайз 60; Муслим, Жәнайз 106).
[15] (Муслим, Жәнайз 104).
[16] (Ахмед ибн Ханбал, ІІ, 121).
[17] (Муслим, Жанаиз 35).
[18] (Имам Ғазали. Ихияу улумиддин. ІҮ- том. Зияратул қубур тақырыбы).
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.