ЕҢБЕК ЕТ, ЕРІНБЕ
Мақаламызды «Әрекет түбі берекет» деген мақалмен бастауды жөн көрдім. Өйткені мақал қарапайым үш сөзден тұрса да, өмірдің мәнін қамтитын мағынасы бар. Ия, адам баласы дініне, ұлтына қарамай егер аянбай еңбек етер болса әрине ол еңбектің қарымын міндетті түрде көреді. Өйткені Алла Тағаланың қойған Иләһи заңдылығы солай.
Әрбір жыбырлаған жаратылысқа зер сала қарайтын болсақ үнемі қозғалыста. Молекуланың атомдарынан бастап аспан жүйесінің планеталарына дейін үнемі қозғалыста болатыны ақылды адамға анық көрініп тұр. Егер осы қозғалыстар бір сәтке тоқтар болса керемет қойылған жүйенің бұзылуына әкеліп соғады. Адамзат баласы да осы заңдылыққа сай үнемі қозғалыста болып еңбек етер болса, жалқаулық танытпаса Ұлы Алланың қойған иләһи заңдылығына сәйкес қарымын міндетті түрде алады. Мұсылман адамның еңбектенуі қашанда исламның талаптарынан шықпай, адал жолмен Алланың ашуын тудырмайтындай жолмен болуы ләзім.
Алла Тағала Жұма сүресінде:
فَإِذَا قُضِيَتِ الصَّلَاةُ فَانتَشِرُوا فِي الْأَرْضِ وَابْتَغُوا مِن فَضْلِ اللَّهِ
«Намаз өтелген соң, жер жүзіне таралыңдар да Алланың мәрхаметінен несібе іздеңдер», - деп бұйырған. Адам өмірінде ойып тұрып орын алатын маңызды мәселенің бірі ол – Құдайға жасалған құлшылық. Ол да өз алдына еңбектенуді қажет етеді. Осы маңызды құлшылықтардың сұлтаны ол намаз. Алла Тағала маңызды құлшылық намазды өтеп болған соң, көп уақыт отырып алмай дереу ризық несібелеріңді іздеңдер деп бұйыруының өзі жалған дүниеде ерінбей еңбек ету керектігін ап-анық көрсетіп тұрғандай.
...Бір күні мешітке үсті-басы алба-жұлба, сақал-шашы әбден өсіп кеткен бір бәдәуи ғаріп келеді. Мұны сахабалар Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барып айтады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі пақырды қасына шақырып алады да, мұндай жағдайға қалай тап болғанын сұрайды. Сонда әлгі адам өзінің жұмыссыз жүргенін, содан азып-тозып кеткенін айтады. Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі ғаріпке қарап: «Сіз қазір бір жіп пен балтаны алып келе аласыз ба?», - деп сұрайды. Ғаріп «Иә», - деп жауап қайтарып, көп ұзамай бір жіп пен балтаны алып келеді. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғаріпке: «Енді бұларды алып бар да таудан отын шауып әкеліп, базарға барып тұр», - дейді. Әлгі бәдәуи Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан талабын орындап, табыс табады. Сөйтіп, жалқаулықтан, кедейліктен құтылып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының қатарына қосылады. Расында да, адамды аздыратын, жұмыссыздыққа апаратын жол – жалқаулық. Ал ол адамды ар-намысын жоғалтатын да жағдайға итермелейді. Олай болса, кедейлік қасіретінен құтылуымыз үшін бізге қажетті дұға – адал кәсіп ету.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір жолы Сағыд ибн Муазды (р.а.) жолдан кездестіріп, екеуі қол алысып амандасқанда, сахабаның қолы тілімденіп, күстеніп кеткенін байқайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) себебін сұрағанда, Сағыд ибн Муаз (р.а.) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілімденгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның жауабына сүйсініп: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады», – деген.
Бір күні екі бақа сүт құйылған тостаққа түсіп кетеді. Екеуі қанша тырбаңдап тырысса да шыға алмай қояды. Біріншісі: «Бұл жерден бәрібір шыға алмаймыз. Осы жерде өлеміз», – деп салы суға кетеді. Екіншісі: «Жоқ, қалайда шығамыз» деп аяқ - қолдарын жыбырлатып, сүтті шалпылдата береді. Бір кезде қатты шаршап қалады. Бірақ әлі де үмітін үзбей «сәл тынығып болып тағы шығуға әрекет жасаймын» деп ойлайды. Бір уақытта сүттің беті қоюланып, қаймақ түскенін байқайды. Әлбетте, бұл бірнеше сағаттан бері тынбай әрекет етудің нәтижесі еді. Осылайша, әлгі бақа қаймақтың бетіне шығып, ыдыстан сыртқа секіріп кете барады.
Жалпы, қандай да бір игілікті істі жасарда Аллаға тәуекел етіп, медет тілеген жанға Жаратушы Иеміздің өзі жәрдемші болады. Сондықтан адал қызмет жасап, еңбек етіп әрбір бастаған ісімізді Алланың атымен бастайық, әрі қандай жағдай болса да сабырлы бола білейік, сонда ғана шынайы құлға тән қасиетке ие боларымыз сөзсіз.
Мейіржан Рахматуллаұлы
Д.Қонаев мешітінің бас имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.