Ер азаматтың отбасындағы жауапкершілігі
Отбасы – қоғам тірегі. Қоғамның салауаттылығы отбасының тұрақтылығына тікелей тәуелді. Қазақ ежелден отбасы құндылықтарын ерекше қастерлеген. Дастарқан басында әке мен ұл, ата мен немере әңгімесі және ене мен келіннің байланысы үлкен тәрбиелік мектеп үлгісін бейнелейді. Дастарқан төңірегінде отбасы институты қалыптасып, ата-баба салты мен дәстүрі әкеден балаға беріліп келді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер». «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда». «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». «Әке тұрып сөйлеген ұлдан без, шеше тұрып сөйлеген қыздан без». «Қарты бар үй қазына», деген сияқты өнегелі сөздер соның бір айғағы. Келін түсіріп, қыз ұзатып құда болу салты жарасымды отбасының алғышарты еді. Осылай, көтерілген шаңырақ баянды некенің кепілі болды. Үйлену мәселесі тек екі жастың ғана шешімі емес. Тұтастай екі әулеттің ортақ ымырасы еді. Бұл асыл дініміздің һәм ата дәстүріміздің сара жолы. Қазақ әлмисақтан әкесіз қалған баланы жетімсіретпейтін. Ұл ер жетіп, қыз бойжеткенше бүтіндей әулет қамқорлығына алатын. Әкесі бола тұра, тірі жетім болу деген атымен болмаған еді.
Ал, енді осы бір қазақи қағида мен мұсылмандық міндетке бүгінде неліктен қылау түсті? Бұл ер азаматтардың өз міндетіне жауапкершілікпен қарай алмауынан туындап отырған секілді. Ендеше, асыл дініміздің талап-шарттарында ер азаматтың міндеті жайында не айтылған, қандай мәселелерге ер кісі жауапкершілікпен қарауы тиіс деген тақырыптардың түйінін шама-шарқымыздың жеткенінше тарқатып көрелік.
Жас-жұбайлар некелескенде қалыңдық өзін табыс еттім деумен және күйеу жігіт қабыл еттім деуімен некенің бір шарты орындалады. Табысталған деген сөз бұрын әкесінің жауапкершілігінде болған қызды некелесу арқылы ер азамат аманаттап алып отыр дегенді білдіреді. Бұл жауапкершілікті сезіну керек. Судың да сұрауы бар.
Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің әрбірің – бақташысыңдар. Әрбірің өз қарамағындағылар үшін жауаптысыңдар. Ер кісі отбасының бақташысы. Ол бала-шағасына жауапты. Әйел күйеуінің үйіне және балаларына бақташы. Әйел осыларға жауапты. Шаңыраққа жауапты...», – деген. Бала ананың мейірімі мен әкенің қамқорлығын көріп өсуі қажет. Ата-ананың тәрбиесінен қағылған бала ертең өмірде өз жолын, қоғамда лайықты орнын таба алмай қиналады. Әрі қоғамның тұрақсыздығына себеп болуы да мүмкін. Осы тұрғыдан алып қарағанда, ажырасқан ерлі-зайыптылар баланың санасы мен тұрмысы бұзылмай өсуін қадағалауға жауапты.
Өйткені, әкелік және аналық жауапкершілік ажырасқан соң да сақталады. Бала ешбір жағдайда тәрбие мен материалдық қолдаудан айырылмауы тиіс. Шариғатта ауыр күнәнің бірі – өзінің жауапкершілігінде болған жандарды қараусыз қалдыру. Бұл жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Ер кісіге өзінің асырауында болғандарға қарамай қоюуы күнә ретінде жетіп артылады», – деп ер азаматтарға ескертеді. Демек, адам баласы Құдай сүйетін қаншама игі амалдар жасаса да Алланың алдында күнә арқалауына отбасы жауапкершілігін сезінбеуінің өзі жеткілікті болады.
Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өнегелі өсиетінің бірінде: «Бір динар бар, оны Алла жолында жұмсайсың. Тағы бір динар бар, оны адамды құлдықтан азат ету үшін жұмсайсың. Ал, тағы да бір динар бар, оны мұқтажға садақа етесің. Енді бір динарды отбасыңа жұмсайсың. Міне, ең сауабы көбі отбасыңа жұмсаған динар», - деп ер кісінің отбасы үшін жұмсаған қаражаттың сауабы көп екендігін айтып сүйіншілейді. Бір қарағанда Құдай жолында жұмсаған қаражат пен мұқтаждың қажетін өтеуден асқан сауапты амал жоқ секілді көрінуі мүмкін. Алайда, Ислам діні ер кісінің өз отбасына жұмсаған қаражаты осылардан да сауапты амал екендігін паш етуде.
Ер азамат көптеген қайырымдылық жасаумен айналысып, ел ішінде атымтай жомарт атанып, алайда өз отбасына қарайласпаса, оның жасаған қайырымдылығы құмға құйған сумен тең. Сондықтан ер кісінің ең үлкен жұмысы – бала-шағасын асырау, оларды қажетті керек-жарақпен уақытылы қамтамасыз ету болып табылады.
Фиқһ кітаптарында отбасы, неке және ажырасу тақырыптарына арнайы бап арнап, бұл мәселелерді егжей-тегжейлі ашықтайды. Осы баптардың ішінде «нәпақа» мәселесін қозғай келе ер азаматқа отбасын асырауды міндеттейді. Бұл тақырыпқа арқау болатын Құран Кәрімнің мына бір аяты: «Кеңшілік иесі өзінің қаражатынан бала-шаға нәпақасын берсін. Ал, несібесі аз болған адам, Алланың өзіне бергеніне қарай нәпақасын берсін». (Талақ сүресі, 7-аят). Әкенің балаға қамқор болуын шариғат міндеттегені сияқты адамның ақыл-санасы да бұл міндетті жоққа шығара алмайды. Бұл жерде таяқтың екі ұшы бар. Біріншіден, бай адам өзінің дәулетіне сай, бала-шағасына нәпақа беруі міндеттелуде. Алайда, адамдардың барлығының жағдайы бірдей емес. Яғни, біреудің табысы орташа енді бірінің табысы аз мөлшерде болуы мүмкін. Алла Тағала осы жағдайды ескеріп, табысы аз адам өзінің тапқанына қарай отбасын қамтамасыз етсін деп бұйыруда. Демек, әйел адам күйеуінің табысымен санасуы қажет. Оның қолынан келмейтін материалдық жағдайды талап етпеуі тиіс. Ер адамды қылмысқа итермелейтін факторлардың бірі – әйелдің қанағатсыздығы. Нәзік жандылар қалауына ерік беріп, ел кигенді кигісі келсе, ел ішкенді ішіп-жегісі келсе, күйеуінен осыларды талап етеді. Мұндай жағдайда ер азамат пара алуы, ұрлық жасауы немесе басқа да қылмысқа баруы бек мүмкін. Сол себепті, әйел адам бұл мәселеге жіті мән бергені жөн.
Аятта айтылған «нәпақаға» қандай материалдық мәселелер кіреді? Яғни, ер азаматқа отбасын асырауда қандай міндеттемелер жүктеледі? Міндетті нәпақаға – ас-су, киім-кешек және баспана кіреді.
1. Ас-су, азық-түліктің мөлшері мен сапасы күйеуінің әл-ауқатына қарай белгіленеді.
2. Киім-кешек бір мезгіл киетін бастан-аяқ болуы керек. Ханафи мен шафиғи мазһабтарында жұбайына 6 айда, балаларына 4 айда бір жаңа киім алып беріледі делінген.
3. Үй-жайдың қандай болуы күйеуінің қаржылық жағдайына байланысты. Сонымен қатар үйді жиһазбен жабдықтап, күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажетті заттармен қамтамасыз етуі тиіс.
Ер адам еңбекке жарамды болса, жұмыс жасап бала-шағасын асырауға міндетті. Егер одан бас тартса, онда оны жұмыс істеуге еріксіз мәжбүр етеді. Баланың әкесі болмаса немесе әкесі жұмысқа жарамсыз болса, онда баланы асырау әкесінің орнын басатын туыстардың біріне жүктеледі делінген «Әл-фәтауа әл-Һиндия» кітабында. Ер баласын балиғат жасына жеткенге дейін, ал, қолында тұратын қызы қай жаста болса да және жұмысқа жарамайтын мүгедек ұл баласының жасы үлкен болса да әкесі оларды асырауға міндеттеледі. Бұл «нәпақа» міндеті яғни, бала-шағасын асырау – отбасылы ер азаматқа жүктелгені секілді ажырасқан ер азаматтар да балаларын қамтамасыз етуді талап етеді.
Қоштасу қажылығында Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Әйелдер жайында Алладан қорқыңдар! Олардың ас-суын, киім-кешегін дұрыстап беріңдер», – деген. (Муслим).
Бірде Һинд Утбақызы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Менің күйеуім Әбу Суфиян өте сараң адам. Маған да, бала-шағасына да жетерлік етіп нәпақа бермейді. Оның дүниесінен айтпай алсақ күнә бола ма?», – деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Оның дүниесінен өзіңе және бала-шағаңа жететіндей етіп алуыңа болады», – деп жауап береді. Жоғарыдағы аят-хадистер ер кісінің отбасына нәпақа беруі «уәжіп» (міндет) екендігін делелдейді. Бүгінде осындай жауапсыз әкелерді заңмен міндеттеп, өз балаларына алимент төлеуін талап етуде. Алайда, кейбір «пысықай» әкелер алиментті аз төлеу үшін табыстарын жасырып, аз етіп көрсетуге тырысуда. Мұсылман адамды сипаттағанда «Ол – қорқақ яки сараң болуы мүмкін. Бірақ, мұсылман адам өтірікші болмайды» деп баға беріледі. Демек, өзінен туған балаларынан табысын жасыруы мұсылмандық сипатқа қайшы.
Ер адамдар құрандағы «Еркектер әйелдерге басшы» деген аятты оқып алып, отбасында әр істе өзінің бір саты жоғары тұратындығын алға тартады. Алайда, көпшілігіміз аяттың жалғасына аса мән бере бермейміз. Шынтуайтында, еркектің үстемдігі әйелді ұрып-соғуда яки әлімжеттік жасауында емес. Аяттың жалғасында еркектің үстемдігі – әйелге мәһр беруі мен отбасы нәпақасын табу сынды маңызды жауапкершілік арқалағанында деп толықтырады. Сол себепті, отбасылы яки ажырасқан ер азаматтар «еркек» деген атына сай, жауапкершілікті сезіне білсе етті.
Төлеби Оспан
Алматы қаласының Бас имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.