Отанды сүю иманнан
Отанға деген сүйіспеншілік – әр жаратылған жан үшін ойып алар орны бар айрықша ыстық сезім. Ұшқан құс, жүгірген аң, жүзген балық болсын, туған жерден жырақта қоректеніп жүрсе де, ұрпағын жалғастыру үшін жыл сайын өз Отанына сағынышпен оралатынын байқаймыз. «Отан» деген сөздің құдіреті қандай керемет! Елден жырақта жүріп Отаның барын сезіну қандай ғанибет десеңізші. Тіптен кейбір аңдарды өзінің өмір сүріп жүрген ортасынан басқа жерге ауыстырған жағдайда жан тәсілім етерін де көріп жүрміз. Бұл да Алланың бүкіл жаратылысқа жазған мызғымас заңдылығы деп білеміз.
Алланың жаратқан жаратылысы адамның да кіндігі кесіліп, ат жалын тартып мінген киелі мекені болады. Бұл қастерлі мекенді ата-бабасы көне заманнан мекендеп, сол жерде тіршілік етеді. Оны «атамекен» деп атайды. Нақтысы, бұл киелі топырақ, өскен орта «Отан» деген қастерлі ұғым саналады. Ғылыми тілде байлықтары, қоғамдық және мемлекеттік құрылысы, тіл, мәдениет, тұрмыс-салт және әдеп-ғұрып ерекшелігі бар белгілі бір халықтың тарихи тұрағына айналған аумақ ол – Отан![1]
Ислам тарихына көз жүгіртсек, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) отанына деген махаббатын анық көре аламыз. Ол кісі (с.ғ.с.) Меккеден Мединаға алғаш қоңыс аударғанда, Хазуа деген жерге жетіп, алыстан Меккеге жабырқаулы көңілмен ұзақ қарап тұрып: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де мүшріктер қуып шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім[2]», – дейді. Олай болса, адамзаттың асылы Алланың Елшісі де туған жерін, Отанын қатты жақсы көрген. Елін, жерін жамандыққа қимаған.
Отаншылдық – елжандылық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтен басталады. Сондықтан отаншылдықтың қайнар көзі адамгершілік қасиеттер болмақ. [3]
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың»,[4] - деген отыз жетінші қара сөзінен отансүйгіштік, тіл, дін, ұлттық сана-сезім, туып өскен жердің мәдениеті мен тарихын, өнерін сүйіп, адамзатқа қызмет ету арқылы Алланың сүйген құлы болуға шақыратынын аңғарамыз. Өз ұлтын, Отанын сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам ғана Алланың сүйген құлы, иманы берік азамат болады. «Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөз осыдан шықса керек.
«Хақтың разылығы халықтың ішінде болады» - деген сөз бар. Сондықтан халыққа қызмет ету Алла Тағаланың разылығына бөленуде жатыр. Алланың разылығын іздеген әрбір пенде еліне, ағайын-туыс, бауырына, көмек беруден бастап, халқы үшін туған жері үшін аянбай тер төгіп, қызмет ету ләзім. Отанды сүю әрқайсымыздың перзенттік борышымыз. Алланың алдындағы пенделік парызымыз. Ата-бабаларымыздың аманатына деген адалдығымыз.
Алматы қаласы, Медеу аудандық
«Омар ибн әл-Хаттаб» мешітінің
найб имамы Дарханбаев Асқар
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.