Ережеп айы несімен қасиетті?
Қасиетті айлардың бірі ражаб (ережеп) айы да келіп жетті (25 ақпан, 2020 ж). Қасиетті деуінің себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.) ражаб айы кірісімен:
«Аллаһым, бізге Ражаб пен Шағбанда береке бер және Рамазан айына жеткізе гөр» — деп тілейтін. (Ибн Хиббан. Әлсіз).
Бұл айдың «ражаб» деп аталуы да бекер емес. Өйткені, «ражаб» сөзінің бір мағынасы «ұлықталған» дегенді білдіреді.
Қасиеттілігі
Енді, оның қасиеттілігіне келер болсақ, Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінде былай делінеді:
«Шын мәнісінде, Алланың құзырында айлардың саны – он екі. Жер мен көк жаратылған күннен бастап, Алла солай белгілеп қойды. Оның төртеуі – соғысуға тыйым салынған айлар. Осы айлар ішінде өздеріңе зұлымдық етпеңдер»[1].
(Аяттағы төрт айдың бірі осы ережеп айы екендігі сахих хадисте айтылған: зүлқағда, зүлхиджә, мұхаррам, ережеп)[1].
Ендігі жерде, аталмыш аяттағы «Осы айлар ішінде өздеріңе зұлымдық етпеңдер» деген жеріне сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деп түсініктеме береді:
«Айлардың бәрінде зұлымдық етуге болмайды. Соның арасында төрт айды ерекше атап өтіп отыр және оларды «харам» айлары, яғни, «тыйым салынған» айлар етті. Осы айлардағы жасалған күнәлар (басқа айларға қарағанда) үлкенірек. Ал, жасалған игі істер мен сауаптардың дәрежесі (өзге айлардан қарағанда) ұлығырақ». (Табари тәпсірі).
Ендеше, аяттағы қасиетті төрт айдың бірі осы ережеп айы болса, ондағы жасалған игі істердің сауабы өзге айлардағыдан гөрі көбірек екен. Осыған орай, бұл айда барынша ғайбат, өсек-аян, намазды қаза ету т.б. үлкенді-кішілі күнәлардан бойды аулақ ұстап, ораза ұстау, садақа беру, Құран оқу сияқты сауапты істерге көбірек зейін қойған дұрыс.
mazhab.kz
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.