ИМАНДЫЛЫҚ ТӘРБИЕСІН НЕДЕН БАСТАҒАН ЖӨН?
Сахаба Әбу Һұрайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адам баласы дүние салғаннан кейін амал дәптері жабылады. Бірақ мынандай үш кісіден басқа (олардың амал дәптерлері қиямет күніне дейін жабылмайды):
1. Садақа жәрия (жол, көпір, мешіт, оқу орны т.б. адамдарға пайдасы тиетін іс-амалдар);
2. Пайдалы ілім қалдырған кісі (кітап, құнды еңбектер жазып, шәкірт тәрбиелесе);
3. Өзінің артынан дұға тілейтін ізгі перзент қалдырған кісі». (Мүслим, Уасииәт 14)
Біздің мақаламызға арқау болып отырған жоғарыдағы хадистегі үшіншісі, яғни өзінің артынан дұға жасайтын имандылық тәрбиесін бойына сіңірген «ізгі перзент» жайында болмақ.
Балаға жастайынан дұрыс тәрбие беру ата-ананың борышы. Сол үшін бала ана құрсағына түспей тұрып тәрбиеленуі керек. Яғни, ата-ана балаға ниеттенген кезден бастап Аллаға жалбарынып дұға жасап, «Бисмилла»-мен бастау. Ислам әдебінде әрбір қайырлы іс үшін «Бисмилла» айтуды ең маңызды деп санаған. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бисмилла әрбір жақсы істердің кілті. «Бисмилласыз іс берекесіз» деген. Мұсылман адам дүниеге келуімен, өмір сүруімен және бұл дүниеден қайтқан кезде де әрқашан кәлимамыз ауызымызда болу керек. Өйкені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Балаларыңызға ең алғаш көркем түрде кәлманы яғни «Лә иллаһа иллаллаһ» ты үйретіңіздер» деген (Байһақи, шуғбул иман, 398).
Сондай-ақ нәрестеге дүниеге келісімен-ақ жақсы есім қою. Бұл да баланың атына заты сай болып өсуіне ықпал етеді. Мысалы, балаларға батыр кісінің есімін қойсаң, бала өскен сайын және ол кісінің ержүректігін таныған сайын өзін соған қарай бейімдеп өседі. Айталық, баланың аты Әбу Бәкір болса, сахаба Әбу Бәкір сыддық (р.а.) секілді, Омар болса, Хазірет Омар (р.а.) сияқты, Осман, Али деп есім қойылған болса, солар секілді салихалы болуға тырысады. Ал енді баланың атын Мұхаммед деп қойсаң, сол атқа лайық болып өсуге талпынады. Сол үшін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Әкеге жүктелген міндеттің бірі – балаға көрікті және рухани есім қою» - дейді.
Қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Олар: «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген ұғымдар. Балаларда кейбір қабілет жастайынан қалыптасады. Солардың ең біріншісі «ұят» яғни ұялу құлқы. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ұят – иманның жартысы» деген хадисі мейлі ұл болсын, мейлі қыз болсын адам баласына кішкентай жастан қалыптасатындығын айтуда. Сол үшін қазіргі таңда балалардың киіміне дұрыс көңіл бөлу керек. Өз еріктеріне жібермей әурет жерлерін жабатын киімдер кигізу қажет. «Әлі жас қой, кейініректе өзі түсінер» деп көңіл бөлмеу оларға қиянат жасау деген сөз. «Шыбық жас кезінде иіледі» демекші әрбір нәрсе өз уақытында, дер кезінде іске асқаны жөн. Қазіргі таңда әсіресе жаз маусымында кейбір отбасында кішкентай қыз балалары емес, тіпті бой жетіп, ер жеткен қыз балаларының жалаңаштанып жүргендігіне куә боласың. Негізінде баланы жастайынан тіпті, ата-анасының көзінше де іш киіммен, яғни жартылай жалаңаш жүруге дағдыландырмау керек, үстіне киім киіп жүруді қадағалау керек. Егер бала жастайынан жартылай жалаңаш жүруді әдетке айналдыратын болса, ертеңгі күні ата-анадан жасырып, жартылай жалаңаш киім кимесіне кім кепіл?!
Сондықтан балаларға жастық шағында имандылық тәрбиені бойына құю керек. Өйткені бала көрген нәрселерінен тез әсер алады. Оларға әрдайым жақсы үлгі-өнеге болуымыз керек. Бұл әсіресе, ата-анаға қатысты. Мысалы, ата-ана намаздарын мешітке барып оқи алмаған кездерінде, үйінде отбасымен бірге оқуы керек. Сондай-ақ үй ішінде ән тыңдағаннан гөрі Құран тыңдап, Құран оқығаны жөн. Міне, сонда ғана баланың санасына Құран аяттары әсер етіп, келешекте өздері секілді намаз оқитын, Құран тыңдайтын мұсылман болады.
Адамзат бұл дүниеде сынақ үшін жаратылған. Сондықтан қолымызға тиген әрбір нәрсе сыналуымызға себепкер болады. Мысалы, дүние-мүлік, бала-шаға, бойымыздағы тән, берілген уақыт тағы басқа.
Алла Тағала, Құран Кәрімде: «Дүние-малдарың мен балаларыңды сынақ деп біліңдер. Негізінде үлкен сыйлық Алланың қасында» (Әнфал сүресі 28-аят) делінген. Осыған орай бұлардың барлығы осы азғана уақыттағы алдамшы дүниеде біздерге аманат ретінде берілген, әрі мұның ақыретте есебі болады. Дәлірек айтқанда бізге берілген аманаттардың өз ақысын берген уақытымызда ғана, яғни Алла Тағаланың бұйырғанындай қолданған кезімізде емтиханымыз жеңілдеп, сынақтан сүрінбей өтетін боламыз. Әйтпегенде өміріміз зая кеткен болып, ақыретте қиын жағдайға ұшырауымыз мүмкін.
Жаратушы Алла Тағала балаларымызды жоғарыда айтқанымыздай имандылықты ту еткен, діндар, мүмин-мұсылман ретінде тәрбиелеуді баршамызға нәсіп етсін.
Бостандық аудандық
«Байкен» мешітінің
бас имамы Жұмабаев Данияр
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.