ІС ОҢЫНАН КЕЛСІН ДЕСЕҢ ОҢНАН БАСТА
Кез келген құрал-жабдықтың қолдану нұсқаулығы болатынындай адамның да қалай әрекет етуі, жүріп тұруы, қалай өмір сүруі секілді амалдардың арнасын асыл дініміз үйретіп кеткен. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асыл сөзінде: «Оң қолмен ішіп-жеңдер, оң қолмен алып беріңдер! Өйткені, шайтан сол қолымен ішіп-жейді, сол қолымен алып береді», - деген, ал тағы бір хадисінде: «Аяқ киім кигенде оң аяқтан, шешкенде сол аяқтан бастаңдар!», - деген [Бұхари].
Ал дана халқымыздан қалған мақал-мәтелдерге үңілсек, «Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін», «Оң сөз өзен тоқтатар», «Сол көзіңе оң көзің қарауыл болсын» деген сынды көптеген мысалдарды көре аламыз. Хадистерде де жоғарыда келтірген мақалдарымызда да айтылған «оң жақ» басшылықтың және игілігіліктің көрінісін береді.
Әйгілі хадис жинақтаушы хазреті имам Науауи былай деген: «Мүбәрак, қасиетті және таза нәрселерді жасағанда оң жақтан бастау мұстаһаб болып табылады. Киім, аяқ киім киерде, шашты тарағанда, мисуак қолданғанда, тырнақ алғанда, қол, аяқ жуғанда, мешітке кірерде, мұсылманның үйіне, бөлмесіне кірерде, әжетханадан шығарда, садақа берерде, тамақ жегенде, су ішкенде оңнан бастау сүннет амалдарға жатады. Бұлардың қарама-қайшысын жасағанда сол жақтан бастайды. Мәселен: киім, аяқкиім шешкенде, іш дәрет алғанда, сіңбіргенде сол жақтан бастау мұстаһаб. Бұларды оңнан бастау тәнзиһән мәкрух болады».
Адамдардың ісі алға басқан кезде «ісі оңға басты» басшының сенімді косшысын «оң қолы», игі дұғасын, ақ тілегін алды дегенді «оң батасын алды», есейді, жақсы мен жаманды ажырата білгенді «оңымен солын айырды (таныды)», бір жақсылыққа қауышқан адамға «оң жағыңмен тұрған екенсің», сәтіне басқан істі «ісі оңына басты», шын пейілмен, ықыласпен қараса «оң көзімен қарады», жылы шырай танытса «оң қабақ танытты», – деп айтылады. Қол алысып амандасса, тек оң қолын беріп амандасады.
Адамның оң жақ мүшелерін де, сол жақ мүшелерін де Алла Тағала жаратқан. Осы тұрғыдан алғанда оң жақ пен сол жақтың айырмашылығы жоқ. Дегенмен, оң жақтың абзалдығын жоққа шығара алмаймыз.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолындағы суды оң жағында отырған бәдәуиге берді. Бәдәуи: «Йа, Расулалла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), сол жағыңызда отырған Әбу Бәкірге неге бермейсіз? Оның қадірі, дәрежесі менен де жоғары» дегенде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Суды оң жақтан таратыңдар!»,- деді.
Исламда оң жақтың маңызы өте жоғары. Бірнеше мысал келтірейік: Әрбір адамның оң иығында сауабын, сол иығында күнәсын жазатын періштелер болады. Намазда алдымен оң жаққа, кейін сол жаққа сәлем беріледі. Қағбаны тауаф еткенде оңнан солға қарай айналады. Жақсылардың амал дәптері оң жағы мен алдынан, жамандардың амал дәптері сол және арт жағынан беріледі.
Құран Кәрімде амал дәптері оң жағынан берілгендер мақталып, сол жағынан берілгендер жамандалуда. Әр адамның жасаған жақсылықтары мен жамандықтарын жазып отыратын иығында «Кирамән катибин» періштелері болады. Оң жақтағы періште сол жақтағыға әмір (басшы) саналады және жақсы істер мен ғибадаттарды жазады. Сол жақтағы періште жасалған жаман әрекеттерді жазады.
Міне, біздің дүниетанымымыздағы оң жақтың қадыр-қасиеті иләһияттың құндылықтарымен қабысып жатқанын аңғарамыз. Демек кез-келген істі бастарда оң жақтан бастап және Алланың есімі айтылып басталған іске Алла береке беретіні сөзсіз. Алла істеген ісімізге береке берсін. Мейірімі мол Жаратушы иеміз екі дүниеде жар болып, барлығын оңынан берсін.
Тұрғараев Алмас
Алатау ауданы
«Әскер ата» мешітінің бас имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.