"ОРАМАЛ ТОН БОЛМАЙДЫ, ЖОЛ БОЛАДЫ" (ТӘБӘРІК ТУРАЛЫ)
Араб тілінен енген "тәбәрік" сөзі қазақ халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігінде өз орнын тауып, бірнеше мағынада қолданылуда.
Соның бірі, қазақта жасы ұлғайып қайтыс болған адамның артынан жыртыс, тәбәрік тарату үрдісі бар. Марқұмның артында қалған жақындары қайтыс болған адамға сауабы тие берсін деген мақсатта және садақа беру ниетімен "тәбәрік" таратқан.
Бала күнімізден әжелеріміздің әдемі, жақсы киімдерін кимей "мен кеткенде таратасыңдар" деп сақтап қоятынын естіп, көзбен көрген шығарсыз. Әжем кемел жасына келіп о дүниелік болғанында, ауыл әйелдері, туыс-тума әжемнің киімдерін, әшекей заттарын бөліп алды. Сондағы басты ырым "әженің жасын берсін", "әжедей әдемі қартаю бұйырсын", "жақсылық, абыройын берсін" деп ырымдап, теберік ретінде алады екен.
Араб тіліндегі "табаррук" сөзінің тілдік мағынасы – береке іздеу. Береке сөзінің мағынасы – өсу, арту дегенді білдіреді.
Әр-Рағиб әл-Исфаһани: "Береке дегеніміз – иләһи жақсылықтың бір нәрсеге даруы", - деген.
Сахл ибн Сағыд (р.а) әңгімелеуде:
"Бір әйел жолақ-жолағы бар матадан тігілген бір киім әкеліп: " Уа, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), бұл киімді сізге кигізу үшін әкелдім", - деді. Өйткені, пайғамбарымыздың бір киімге мұқтаждығы бар еді. Сахабалардың бірі Алла Елшісін жаңағы киіммен көріп: "Уа, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), мына киіміңіз әдемі екен, маған бересіз бе?", - деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Мақұл", - деп әлгі киімді шешіп жаңағы кісіге береді. Кейіннен Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол жерден тұрып кетіп қалғаннан кейін жағдайды көріп отырған басқа сахабалар: "Алла Елшісінің өзіне қажет болған киімді киіп тұрғанын көре тұра сұрағаның дұрыс болмады. Білесің ғой, ол өзінен сұралған ештеңеге "жоқ" демейді", - дейді. Осы кезде киімді алған кісінің айтқаны мынау болды: "Аллаға ант етейін, бұл киімді Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кигендіктен, тәберік ретінде алдым. Өлгенімде мені осы киіммен кебіндеңдер" - деді. [1].
Жақсылардың киген киімін, заттарын алу осы хадистен негіз алған сияқты. Сол жақсылардың жолын, жақсылығын, берекесін берсін, дарытсын деген сияқты тәбәрікке қатты көңіл бөлген. Сондықтан да қазақта "Орамал тон болмайды, жол болады" деп ізгілер жолының жалғасуына осындай тәбәрік себепкер болатынына сенім ретінде қарауы тегін емес.
Алматы қаласы бойынша
әйел-қыздар секторының меңгерушісі
Гүлмира Ілесбайқызы
[1] әл Хинди, Канзул-уммал, Китабуш-шамаил, №18634 хадис.
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.