МҮЛІКТІ БАНК АРҚЫЛЫ САТУҒА БОЛА МА?
Қазіргі кезде кәсіпкерлер немесе жеке тұлғалар мүлік пен тауарларын банк арқылы сатуға көбірек жүгінуде. Мұндай сауда барысында келісілген соманы банк сатып алушының атынан сатушыға, яғни кәсіпкердің шотына аударады немесе клиент төлем карталары арқылы өзі төлейді. Банк келісілген соманы бөліп төлеу жүйесімен клиенттен ай сайын алып отырады.
Мүлікті не тауарды банк арқылы сатудың оқасы жоқ. Өйткені тұтынушы мен банктың арасындағы келісімге әрі тұтынушының тауарды қандай жолмен алғанына сатушы жауапты емес. Мәселеге қатысты «Радду әл-Мухтар» атты кітапта былай делінеді: «Біле тұра шарап жасайтын адамға жүзімді сатуға болады. Бұл – имам Әбу Ханифаның көзқарасы. Ал имам Әбу Юсуф пен имам Мұхаммед мұндай іс күнәға себепкер болатындықтан дұрыс емес деген» [1].
Кәсіпкердің тауарын өткізгені үшін банкке белгілі бір мөлшерде комиссия беруінің оқасы жоқ [2]. Бұл банктің сатушыдан көретін пайдасы карта қабылдаушының (кәсіпкер, қызмет көрсетуші т.б.) жарнамасына, тауардың өтуіне көрсеткен қызмет ақысы болып саналады [3]. Нәтижеде карта қабылдаушыларға клиенттер тартылады. Себебі карта иесінің картамен есеп айырысатын орынға ғана баратыны белгілі [4].
Кәсіпкер тауарын банк арқылы сатқан жағдайда тауардың құны нарықтағы бағадан аспауы шарт. Ислам фиқһ академиясының 2000 жылы Ар-Рияд қаласында өткен ХІІ отырысының №108 (2/12) қарарында былай делінген:
«Кәсіпкер банк арқылы тауарын сатқаны үшін банкке белгілі бір мөлшерде комиссия беруіне болады. Бірақ төлем карталары арқылы сатып жатқан саудагердің тауар құны нарықтағы бағадан аспауы шарт»[5].
Үкім:
1. Кәсіпкер немесе жеке тұлға өз мүлкін немесе тауарын (үй, көлік және т.б.) банк арқылы сатуына болады. Тұтынушы мен банктың арасындағы келісімге және тұтынушының тауарды қандай жолмен алғанына сатушы жауапты емес.
2. Кәсіпкерге банкке тауарын өткізіп бергені үшін белгілі бір мөлшерде комиссия беруіне рұқсат етіледі. Бірақ кәсіпкер тауардың құнын өсірмей, нарықтағы бағаға сатуы қажет.
Шариғат және пәтуа бөлімі
[1] Радду әл-Мухтар, 9/560.
[2]Абдулла Абдуррахман әл-Бәссам, Тәудиху әл-әхкәм мин булуғи әл-мәрәм, 4/527. Хамуд Мухаммад Ғази әл-Хамадә, әл-Әләқату әт-тәғақудия ән-нәшия ан битақати әд-дәфғи әл-иликтрони, 229.
[3] Әл-жәуәнибу әш-шәрғия, 79.
[4] Ислам фиқһ академиясы, 8-саны, 2/623.
[5]Ислам фиқһ академиясының журналы, 12-саны, 3/459.
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.