НАУРЫЗ - ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ
Әз-Наурыз мейрамы құтты болсын! Алла тағала қазақ еліне, жеріне ырыс-несібесін жаудырсын, ақ мол болсын!
Наурыз мейрамы ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Наурыз мейрамы 22 наурыз күні аталып өтіледі. Күн мен түн теңеледі. "Наурыз" парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында "көктем мейрамы" және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Бұл күнді "Ұлыстың ұлы күні" деп те атайды.
Ұлыстың ұлы күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киіп бір–бірімен қол алысып, амандасып, төс қағыстырып жақсы тілектер айтылады. Осы күні адамдар пендешілік атаулыдан тазарып, жақсылыққа жол бастайды.
Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, дастарханнан дәм таттырып, табыстырған. Жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау тіккен. Алтыбақан басында ән айтып, күй тартады. Дәстүрлі ұлттық ойындар: көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, тағы басқа ойындар ойналады. Қаһарлы қыстан аман шыққан ел-жұрт қуанышқа бөленіп, бір-бірімен сағыныса көріскен сәт - Наурыз мерекесі.
Көкпар қазақтың ұлттық ойыны. Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар Көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорттық ойын түрі. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде марта тарту деп те атайды.
Қазақша күрес қазақ халқының ұлттық спорт түрі болып есептеледі. Қазақ күресі көбінде салтанатты жиындарда өткізіледі. Бұрыңғы кезде әрбір ауыл, ру, тайпа өзінің мықты палуанын күрестіруге алып келетін. Ел ішінде үлкен салмақтағы палуандардың күресі ең қызықты болған. Олардың салмақтары 100 келіден жоғары болуы керек. Осы палуандарды түйе палуан деп атайтын болған. Олар өздерінің арасында мықтыларды анықтап күресетін. Ереже бойынша, жеңіске жету үшін қарсыластың екі жауырынын жерге тигізу керек. Жеңімпаз палуан ел арасында үлкен мәртебеге ие болған.
Ұлыстың ұлы күнінде жасалатын тағам - Наурыз көже. Қазақ халқының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан, наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады.
Дәстүр бойынша оған бидай, тары, бұршақ, күріш сияқты кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар мен ақ қосады. Тақ санын сақтап, мұндай заттар көбейтіле береді. Көжеге соғымнан арнайы сақталған қазы-қарта салады.
Ұлттық тағам Наурыз мерекесінде әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген. Халық арасында «тілеу көже», «көп көже» деп те атайды.
Наурыз көже ішуге жиналған жұрт «ақ мол болсын» деген тілек айтады. Ұлттық мереке Наурыз, ағайын мен ел арасын татуластыру, ынтамағын нығайтудың бастамасы іспеттес. Елдің бірлігі мен татулығына үндеу осы Наурыздан басталады.
Ақсай мешітінің қызметкері:
Аманқұлов Жеңісхан Өмірзақұлы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.