ҮМІТСІЗ ТЕК ШАЙТАН ҒАНА
«Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса мал мен басың құралмаған.
Күніне мың бір пәле көрсеңдағы
Сонда да күдер үзбе бір Алладан!»
Бүгінде өз ғұмырында басына іс түспеген, қиыншылыққа ұшырамаған адамды табу қиын болар. Осындай сәттерде басқа түскен іске төтеп бере алмай сабырсыздық танытып, көптеген қателікке ұрынып, қайғы үстіне қайғы қосып жататындар бар. Сондай кезде: «Я, Құдай мен саған не жазып едім» - деп Аллаға қарсылық танытып-та қоятынымыз жасырын емес.
Негізінде адам баласы тағдырындағы істердің бір Алладан екендігіне сену бұл – иманның шарттарының бірі. Құранда:
«Жер бетіндегі және өздеріңе тап келген қандай да бір мұсибат (бәле) Біз оны жаратпастан бұрын Кітапта жазылған. Ақиқатында бұл Алла үшін оңай. Біз бұл туралы сендердің өткізіп алғандарың үшін қайғырып, сендерге берілген нәрсе үшін қатты қуанбауларың үшін айттық..» (Хадид с.22-23).
Түсінген жан үшін адамды тағдыр ісіне күмәнды етіп қою, бұл – ібіліс шайтанның айла-шарғысы. Мысалы: бір адам қандай бір іске үлгіре алмай қалса не басына бір сынақ түссе, шайтан келіп: «Егер сен былай істегеніңде ғой, мұндай болмас еді», – деп азғырып, пендені өкінішті жағдайға түсіріп қояды. Ардақты Пайғамбарымыз "оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұндай жағдай туралы да біздерге ескертіп кеткен. Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Күшті мүмін Алла үшін әлсіз мүміннен гөрі қайырлы әрі сүйікті. Алайда әрқайсысында да қайырлылық бар. Өзіңе пайда әкелетін нәрсеге тырысып, Алладан көмек сұра, әлсіздік танытпа. Егер бір нәрсе болып қалса «егер былай істегенімде олай болмас еді» деме, «Алла солай мөлшерледі, қалағанын қылды» деп айт. Расында «егер» сөзі шайтанға жол ашады». (Мүслім риуаяты). Сол үшін де Алланың тағдырға жазған ісіне разы болып, сабырлықпен шүкір етуіміз керек.
Адам баласы өзінің қимасын жоғалтып қайғыға душар болғанда, қиындық үстіне қиындыққа тап болып, алдағы күннің сәулесі өше бастаған шақта үміт - адам баласын әуелете тік көтеріп әкетеді. Үміт арқылы адам Алланың қалауымен өзінің шамам келмейді-ау деп ойлаған нәрселеріне қол жеткізеді.
Қоғамда ауруынан айыға алмай жүрген науқастар, перзент көрмей жүрген отбасы, қалаған қызметіне қол жеткізе алмай жүрген мамандар, оқуға түсе алмай қалған жастар осы секілді сан қилы сынақтарға түсіп жолы болмай жүрген жандар бар. Мұндайда сағын сындырып, өмірден түңіліп кетпестен, керісінше келешектен үміт күтуі қажет. Алла Тағала Құранда: «Алланың рахымынан күдер үзбеңдер» дейді (Зүмәр с.53). Ілгеріде өткен тақуа-ғалымдардың бірі: «Алланың мейірімділігін тілеу – пенде үшін үміт есігін ашады. Оған шынайы ықыласымен құлшылық етуге күш-қуат береді» деген. Үміт бұл – Хақ тағаладан пана тілеу арқылы, ырыс-берекеге қол жеткізу. Халық қаһарманы, батыр, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының: «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады» деген сөзі ойға-ой қосып, қиналған пендеге қанат бітіреді.
Үміт – сенімнен туындайды. Иман келтірген жан әрқашан келешекке үмітпен қарайды. Ал, үміт арқылы қиын белестерден қиналмай асып, биік шыңдарға шығуға болады. Қазақта: «үмітсіз тек шайтан» деп айтады. Бұл сөздің астарында терең мағына бар. Қазақтың бұл сөзі асыл дініміз исламнан бастау алатындығы анық. Мұсылман баласының еш уақытта үміті, күдері үзілмеуі керек. Біле-білсек Алладан үмітін үзу - үлкен күнәлардың қатарына жатады. Өйткені Құранда: «Раббыңның рахымдылығынан адасушылардан басқа кім үміт үзеді?» (Хижр с.56)-деп үміт үзудің күнә екендігін ескертеді.
Келесі бір аятта: «Ей, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Алланың рақымдылығынан үміттеріңді үзбеңдер. Алла күнәлардың барлығын кешіреді». (Зумәр, 53) – деп, бізге бұйыру арқылы үмітсіздікке бой алдыруымызға тыйым салып тұр. Шынында да, өмірде орны толмас қателікке бой алдырып, өкініштен өзегі өртенген жандарға осы бір аят үлкен үміт сыйлап, бақытқа жетуіне сеп болмақ. Тіпті, өзін күнәһар санап, иманға жақындай алмай жүрген пенделерге исламды қабылдатты десек те болады. Пайғамбар заманында хазірет Хамзаны өлтірген Уахшидің өзін, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше рет исламды қабылдауға шақырды. Алайда, Уахши жан дүниесін кернеген үмітсіздік пен күдіктен арыла алмады. Ол пайғамбардың жақынын өз қолымен өлтіргені үшін өзін «кешірімге лайық емеспін» дегенге сендірді. Сол үшін де мұсылманшылықты қабылдауға тәуекел ете алмады. Пайғамбарымыз "оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшінші рет құран аятын жазып жібергенде ғана Уахшидің бойындағы кешірімге деген күдік-күмән сейіліп, көкірегіндегі үміт оты қайта маздап, мұсылмандықты қабылдады.
Үкімі қияметке дейін өзгермейтін Құрандағы бұл аят бүгінгі адамдарға да үміт сыйлаумен қатар, Алла қаласа келер ұрпаққа да үміт қайнары болмақ.
Қадірлі оқырман қауым! Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз:
Үміт – Құдай тағаланың кешірімінің кеңдігіне сену. Құранда: «Менің рахымым барлығын сыйдыратындай өте кең» (Ағраф с.156), – дейді. Міне, осылайша Раббымыз өз құлдарына қаншалықты мейірімді екендігін айтып, үміт сәулесін өшіріп алмауымызды ескертеді.
Юсуп Илхам
"Сұлтан қорған" мешітінің наиб имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.