ӨЗ ҚАЛПЫМЫЗДА ҚАЛСАҚ...
Әйгілі сахаба Әли (оған Алла разы болсын) былай деген екен: «Алла Тағала алдында адамның жақсысы бол, нәпсі үшін адамның жаманы бол, адамдар үшін адамның бірі бол». Сахабаның бұл сөзі өмір сүрудің үш негізін меңзеп кеткендей.
Қазақ халқы «Аллаға жағам десең, азанды бол» дейді. Адам баласының Алла алдындағы абыройы игі ісімен, сауапты амалымен, тақуалығымен артпақ. Құдай біздің қолымыздағы дүниемізге, үстіміздегі әсем киімге, қандай үйде тұрғанымызға немесе қандай көлікпен жүргенімізге қарамайды. Алланың назары түсетін жер – жүрек. Жүрек болғанда да Алладан қорқатын жүрек...
«Нәпсі үшін адамдардың жаманы бол» дегенді қалай түсінеміз? Алла Тағала Құранда: «Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды. Кім оны кірлетсе, қор болды» («Шәмс» сүресі, 9-10 аяттар), – деген. Нәпсі адамды тек жамандыққа шақырады. Нәпсіге қарсы амал – қалауды шектеу. Нәпсі үшін адамның «жаманы» – қалауын тежеген пенде.
Әлидің (оған Алла разы болсын) «Адамдар үшін адамның бірі бол» деген сөзі ешкімнен ерекшеленбей, қарапайым өмір сүр дегенді меңзеп тұрғандай. Бәрі де нәпсіге келіп тіреледі. Өйткені, ізгілер айтып кеткендей, нәпсіқұмарлық патшаларды құл етеді, (ал күнә істеудегі) сабырлылық құлдарды патша етеді.
Расында біз бес күн жалған өмірді бәсекеге айналдырып алғандаймыз. Дүниелік істе (үй алу, көлік міну т.б) айналамыздағы адамнан қалмауға тырысамыз. Мейлінше одан асып түсу үшін барымызды саламыз. Қандай болсақ, солай көрінгіміз келмейді. Керісінше, қалай көрінсек, солай болғымыз келеді. Түйіндеп айтқанда, өз қалпымызда қалғымыз келмейді. Бұл рухани болмысымызға да қатысты мәселе.
Адамның адамгершілік тұлғасын әсемдейтін жомарттық, сабырлық, ақыл, көркем мінез, ықылас сынды қасиеттерге ұмтылсақ қанеки...
Біз көп жағдайда өз кемшіліктерімізді көрмейміз және оған көңіл бөлмейміз. Көбінде жақсы жағымызды көрсетіп, кемшілігімізді жасырамыз. Бір досым бар. Үнемі өзін сөгіп жүреді. Негізі жақсы жігіт. Алла біз ойлағаннан да жақсы етсін. Айтайын дегенім, сол досым өзін сөккен сайын өзіме көп сабақ аламын.
Шын мәнінде біреу мақтаса, соған масайрап қалады екенбіз. Керісінше сол сәтте өзіміздің жаман жағымыз бен кемшілігімізді көбірек ойлауымыз керек екен. Біз неге мас болып жүрміз? Абдолла ибн Масғұд (оны Алла рақымына бөлесін) былай деген екен: «Біреулер нығмет-байлыққа мас, біреулер жалған мақтау-дәріптеуге мас, енді біреулер күнәларын ешкім білмегеніне мәз».
Ақылды адам өзінің кемшілігін көреді және үнемі онымен күреседі. Алла Тағала өз кемшілігімізді көрмеуден және оған көңіл бөлмеуден, өз-өзімізге тамсанудан сақтасын!
Бізді өз қалпымыздан, көркем болмысымыздан тайдырып жатқан жағымсыз істің бірі – жағымпаздық. Абай айтқандай, «Күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап, әлсіздің сөзін салғыртсып, шала ұғамын қырындап». Біздің бүгінгі болмысымызды дәл көрсетіп бергендей...
Байға, басшыға, ықпалды адамға жағымпаздану – иманды жоғалтатын қауіпті іс. Бұған қатысты ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Дүние игілігі үшін ықпалды адамның алдында төмендейтін адам мейірімнен алыс болады»; «Байлыққа қол жеткізу үшін жағымпаздық танытатын адам иманның үштен екісін жоғалтады».
Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл өсиеті адамдық қалпымызды, мұсылмандық болмысымызды сақтауға жетерлік сөз...
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ
«Мұнара» газеті, №24, 2021 жыл
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.