ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРЫ
Әрбір халықтың өздеріне тән ұлттық ойындары бар. Мысалы біздің қазақ халқында ежелден келе жатқан «Бәйге», «Көкпар», «Алтын сақа», «Тоғыз құмалақ», «Асық ойыны», «Ине-жіп және түйіншек», «Теңге ілу» т.ағы басқа да ұлттық ойындары бар.
Адамның тәні мен рухани дүниесіне пайдалы спорт түрлерінен қазақ халқы кенде болмаған. Әсіресе Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде айтылатын күш-қуатты, біліктілікті, ептілікті шындайтын спорт түрлерін ата-бабаларымыз ұлттық сана негізінде дамытып, сүннетпен бекітіп, ғасырдан-ғасырға жеткізген. Алла Елшісі ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әкенің баланың алдындағы міндеті: жазу-сызуды, жүзуді және садақ атуды үйрету әрі жақсы етіп тәрбиелеу», - деген. Басқа риуаятта Пайғамбарымыз ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Балаларыңа жүзуді, садақ атуды, ал әйел баласына тоқуды үйретіңдер», - деген.
Ұлттық ойындар өскелең ұрпақты үйлесімді тәрбиелеудің ажырамас бөлігі болып табылады. Қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаев ұлттық ойындарды «халық мәдениетінің бастау алар қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігі, тілдің, дене шынықтырудың негізгі элементі» деп тұжырымдаған. Ұлттық ойындардың бірнешеуіне тоқталсақ: Мәселен көкпар үлкенді-кішілі той-томалақта, қуанышты күндерде өткізіледі. Көкпар ойынында атқа мінуді үйретумен қатар әскери машықты үйретеді. Айталық, қырғын шайқас кезінде жараланған жолдасын жау қолына тастап кетпес үшін, оның денесін жерден іліп алып, майдан ортасынан алып шығу керек. Ал бұл көкпар тартып машықтанған сарбаз үшін қиынға соқпайды. Көкпар секілді ұлттық күресіміз бар. Күрес адамның бұлшық еттерін қатайтып, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, тез ойланып, тез әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата жастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқ басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып тірсектен шалу сияқты әдістердің барлығын қолдануға болады. Палуандар кілем үстінде, арнаулы жазық жерде күресе береді. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес күресуші бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізумен аяқталады. Міне ата-бабамыз ардақты Пайғамбарымыздың ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) « Күшті мүмін Алла үшін әлсіз мүміннен гөрі қайырлы әрі сүйікті. Алайда әр қайсысында да қайырылылық бар» деген хадисінде айтылған күш-қуат, біліктілікті, ептілікті шыңдайтын спорт түрлерін ұлттық негізге сай дамытып, ғасырлар көшінде сүннетті берік ұстанды. Осы секілді ұлттық ойындарымыз: асық ату, аударыспақ, теңге алу, жамбы ату, білектесу ( қол күрес) тағы басқа түрлері адам денсаулығын жақсартумен қатар бауырмалдылыққа баулыйтын қасиетттерге ие. Осындай тәрбиелік маңызы бар ұлттық ойындарды шариғатымыздың төңірегінде ұстанып, құмарға айналдырмай, нәпсі мен даңқа құмартпай келешек ұрпаққа үйретуіміз қажет. Алла баршамызды дені сау, күш-қуатты, мықты мүміндерден қылғай.
Сапарбек Абылай
«Ынтымақ-1» мешітінің наиб имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.