МӘҺІР НЕМЕСЕ ҚАЛЫҢДЫҚ СЫЙЫ
Достар, назарларыңызға Мүфтият қабылдаған пәтуаның ықшамдалған нұсқасын ұсынып отырмын. Мәһірдің мәнін ұққан жастар ортақ байламға келеді деген үміттемін...
Мәһір – әйелдің неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы. Алла Тағала Құранда: «Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін (қалыңдық сыйын) шын көңілден тарту етіңдер. Егер олар шын көңілден сол мәһірдің бір бөлігін өздеріңе қайтарып берсе (яғни, оның бір бөлігін отбасының ішіп-жеміне жұмсаса), оны тәбетпен ішіңдер, жеңдер, ас болсын!» («Нисә» сүресі, 4-аят) деп әмір еткен.
Шариғат бойынша мәһір беру – міндет. Бірақ, ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһір берілмей қиылған неке дұрыс болып саналады. Ханафи мәзһабы бойынша мәһірдің ең аз мөлшері – 10 дирхам. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Он дирхамнан азы мәһір емес» деген. Сол заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммға жеткен. Мәһірдің құны осы мөлшерден төмен белгіленген жағдайда оны 10 дирхамға толтыру керек. Ол ақшалай немесе заттай берілуі мүмкін.
Алайда мәһір сұраған сәтте ер азаматтың материалдық деңгейін, отбасының әлеуметтік жағдайын ескерген жөн. Өйткені, мәһір күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін ренжітетіндей кем болмауы керек. Мәһірді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала (мәһір муғажжәл) беріп, қалғанын кейін (мәһір муәжжәл) бере алады.
ҮКІМ:
1. Мәһір – қалыңдықтың ақысы. Келісілген мәһірді бермеу – күнә.
2. Мәһір ақшалай немесе заттай беріледі. Оның сипаты мен мөлшері анық көрсетілуі керек.
3. Мәһірдің ең аз мөлшері 10 дирхам, яғни 4,25 гр алтын немесе оның құнына тең болуы тиіс. Жоғарысының шегі жоқ, бірақ оны екі жақтың жағдайына қарап белгілеген орынды.
4. Мәһірді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала беріп, қалғанын кейін бере алады.
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.