ҚАЖЫЛЫҚ - ҚАСИЕТТІ САПАР
Исламның бес негізінің бірі болып саналатын қажылық - мал-мүлікпен һәм тән арқылы орындалатын ғибадат. Сан алуан сырларымен ерекшеленген қажылықты лайықты түрде орындай білу шынайы кәміл иман және парасаттылықпен мүмкін болмақ.
Қажылық – пайғамбарлардың алғашқысы Адам атадан ақырзаман пайғамбары Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейін өз жалғасын тауып, мына дүниенің өзінде ақыреттегі махшар алаңын көз алдына елестетін ұлы ғибадат.
Адам ата мен Хауа анамыз діннің рухани болмысы мен бақытын сезінетін Мекке шаһарындағы Қағбаны, Алланың рұқсатымен тұрғызып құбылаға бет бұрып Аллаға мінәжат жасады. Уақыт өте келе адам баласы әртүрлі аймақтарға тарыдай шашылып қоныс тебеді. Сосын араға қаншама ғасырлар салып, ұрпақтар хақ діннен ажырап, танымастай дәрежеге өзгерді. Тіпті Қағбаның орны тегістеліп, жұмыр жерге айналды. Ибраһим пайғамбар (а.с.) Алла Тағаланың әмірімен Қағбаны қайта қалпына келтіріп, Алланың жер жүзіндегі үйін тұрғызды. Әрі дұға етіп, ол аймақтың гүлденіп, берекеттенуіне дәнекер болды. Алла Тағала, Құран Кәрімде:
«(Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол уақытта Ибраһим: «Раббым! Осы Мекке қаласын бейбіт қыл! Мені және ұлдарымды пұттарға табынудан аулақ қылғайсың!» «Раббым олар адамдардың көбін адастырды. Бұдан былай кім маған ерсе, рас ол менен. Ал кімде-кім маған қарсы келсе, онда Сен өте жарылқаушы, ерекше мейірімдісің».
«Раббымыз! Ұрпақтарымның кейбірін егінсіз ойпатқа, қасиетті үйің (Қағбаның) жанына орналастырдым. Раббымыз! Олар намазды оқитын болсын! Енді адамдардың көңілін оларға түсіргейсің! Сондай-ақ оларды жемістермен ризықтандыр! Әрине олар шүкіршілік етер» (Ибраһим сүресі, 35-37-аяттар).
Қажылық не ұмраны орындау ниетімен осы қасиетті топыраққа аяқ басқандар Ибраһим (а.с.) пайғамбардың: «Әй, Раббым! Күнәларымызды кешіре гөр! Сен Рахман және Рахимсың. Әй, Раббым! Менің ұлымды да менің жолыма, менің дініме еруші қыл!» - деген дұғасына қосылып, бұл дұғаның берекетіне бөленеді. Осы қасиетті мекендерге деген сағыныш пен ынтызарлық құмды шөл даланы тамашалау үшін емес әрине. Жүректің сол жаққа соғуы Ибраһимнің (а.с.) мақамын (орны), Исмайл пайғамбар мен әулеті өскен жерді зиярат ету, сондай-ақ Расул Алланың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туып өскен жерін әрі Исламды насихаттаған аймақты көріп, Оның тыныстаған ауасынан тұла бойымызға тереңдей сіңдіру.
Қажылық парызын орындауға ниет етіп, үлкен сапарға шыққан мұсылмандар қасиетті аймақтағы алтын уақытын ерекше тебіреніспен құлшылық жасап өткізуі керек. Үйден қадам басып шыққан сәттен, көлікте, әуежайда, қонақ үйде яғни барлық жерде құлшылықта екенін сезініп, ниетін толығымен түзеп, әр қадамын аңдап басып, бірде-бір қателікке орын алдырмай асқан қырағылық танытуы қажет. Қажылық жасауға ниет еткен мүминге Алла Тағала Құранда былай деп ескеру жасайды: «Қажылық – белгілі айларда өтелетін құлшылық. Кімде-кім сол белгілі айларда қажылық парызын өтеуге ниет етіп, бел буса жұбайлардың бір-бірімен төсек қатынасына түсіуіне, шариғат шеңберінен шығуға, дауласуға жол жоқ. Сондай-ақ, қандай жақсылық жасасаңдар да Алла оны міндетті түрде біліп тұрады. Қажетті азықтарыңды жақсылап қамдап алыңдар һәм біліп қойыңдар, ең қайырлы азық – тақуалық! Ендеше уа ақыл иелері! Менен қорқып, тақуалықпен әрекет етіңдер! (Бақара сүресі 197-аят).
Осы орайда биыл ҚМДБ V республикалық имамдар форумында қабылданған құжаттар арасында «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасы қажылыққа аттанар қазақстандықтар үшін таптырмас еңбек болып табылады.
Мұсылман адам қажылық құлшылығына әуелі рухани дайындалуы қажет. Қажылық жай барып келетін (саяхат) жер емес. Сондықтан қажылыққа баратын кісі қасиетті мекендерге шықпас бұрын мына жайттарға мән беруі тиіс:
- ұлы сапарға шынайы дайындалу;
–күнделікті құлшылықтарына мұқият болу;
–намазды жамағатпен оқу,
–қосымша нәпіл ғибадаттарын көбірек орындау;
–көбірек нәпіл ораза ұстау;
–иманын күшейтетін игі істерге мән беру;
–Алланы көбірек зікір ету;
–діни сауатын ашу;
–көп Құран оқу;
–Пайғамбарымыздың өмір тарихын оқып, ғибрат алу;
–сахабалардың өмірін оқып білу;
–иманда күшейтетін діни уағыздар тыңдау;
–қасиетті Мекке мен Мәдина қаласы жайында қажетті мәліметтермен танысу («қажының рухани келбеті» тұғырнамасы 8-бет).
Қажылық тек қана материалдық әрі сыртқы формадан тұратын ғибадат емес. Оның рухани жағы әлдеқайда мәнді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «мәбрур қажылық» (қабыл болған қажылық) деп айтқан қажылығы бастан-аяқ рухани құлшылықтан тұрады. Осы тұрғыдан алғанда қажылық санаулы күндерде белгілі уақыттарда, белгілі мекендерді зиярат етіп ғибадатпен, тәубемен, дұға жасап жалбарыну мен өткізу. Асқан кешірімді Алланың мейірімінен үміт ету. Яғни қажылықта аз уақытта ізгі амалдармен өмірін берекеттендерген қажы, анадан жаңа туғандай саф-таза қалпын сақтап, ендігі қалған ғұмырын қатесіз, күнәсіз өткізуге Алла Тағалаға уәде беру.
Ибраһим Пайғамбардың (а.с.) мына дұғасы осыған үлгі: «Раббымыз! Біз екеумізді (ұлым Исмайл мен мені) өзіңе бойсұнушы еткейсің, ұрпақтарымыздан да бойсұнғыш үмбеттеріңді шығарғайсың, әрі бізге қажылық ережелерін көрсетіп, тәубелерімізді қабыл ет, әлбетте Сен өзің тәубені қабылдаушы, ерекше мейірімдісің!» (Бақара сүресі,128-аят).
Алуан түрлі сырларға жетудің табалдырығы болған қажылық - әрбір жан үшін рухани кірден арылып, анадан жаңа туғандай пәк күйге еніп, рухани кемелдікке жеткізетін құлшылық.
Қажылық – адам жанының тазарып, өзінің шынайы қалпына келуі. Алланың берекеті мен мейіріміне бөленетін, өмірде бір рет орындалуы арқылы ақтық деміне дейін ләззатына кенелетін – құлшылық.
Бостандық аудандық
«Байкен» мешітінің наиб имамы,
Жолдас Жетпісбаев
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.