КЕШІРІМШІЛ БОЛУ - АСЫЛ ҚАСИЕТ
Ислам дінінде Алла Тағаланың адам баласына берген асыл қасиеттердің бірі – кешірімділік. Кешірім мұсылмандар арасын жарастырады, жамандықтың алдын алады. Кекшілдік қастыққа жол ашса, кешірім қасты досқа айналдырады.
Асылы, мұсылман мұсылманға бауыр. Өшпенділік, дұшпандық, кекшілдік мұсылмандыққа тән қасиеттер емес.
Ислам – кешірімділік пен бауырмалдық діні. Раббымыз Алла Қасиетті Құран Кәрімде: «(Уа, Мұхаммед!) Сен кешірімді бол және жақсылықты бұйыр. Түсінбейтін қараңғылардан теріс айнал», – («Ағраф» сүресі, 199-аят) деген. Сондай-ақ: «Оларды кеш, көңіліңе алма. Шүбәсіз Алла ізгі жандарды жақсы көреді» («Мәида» сүресі, 13-аят) деп бұйырады.
Жоғарыдағы аяттарда айтылғандай, Алла Тағала пендесіне кешірімді болу керектігін үйретеді. Тағы бір аятта: «Біреу бір жамандық істесе немесе өзіне зұлымдық жасаса, содан кейін Алладан жарылқау тілеп, кешірім сұраса, Алланы аса жарылқаушы, ерекше мейірімді ретінде табады», – («Ниса» сүресі, 110-аят) деген. Сондықтан адам баласы тура жолдан тайып, қателікке бой алдырса, Алладан шынайы ықыласпен кешірім сұраса, Алла Тағала пендесін кешіреді. Өйткені Ол – асқан кешірім Иесі.
Адамзаттың абзалы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саналы өмірінде мейірімділік пен кешірімділікті ту етіп, осы ізгі қасиеттерді көркем мінездің өзегіне айналдырған. Оның кешірімділігі жайлы көптеген мысал келтіруге болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің немере ағасын өлтірткен жауыз адамды кешірген. Мекке мүшріктері өзіне қаншама рет қорлық көрсетсе де, оларға қарғыс айтып, теріс дұға жасамаған. Сахабалар Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Неге оларға лағынет айтпайсыз?» – деп сұрағанда: «Мен лағынет айту үшін жіберілмедім. Асылында мен мейірім иесі ретінде жіберілдім», – деп жауап берген болатын (Мүслим).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзін сиқырлаған Ләбид ибн Ағсам атты яһудиді кешірген болатын. «Алла елшісін бір яһуди сиқырлайды. Пайғамбарымыз бірнеше күн ауырады. Сонда бір күні Жәбірейл (ғ.с.) келіп: «Сені сиқырлаған кісі бірнеше түйнек түйіп пәлен деген жердегі құдыққа тастады. Бір адамды жібер, барып алып келсін», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз Әлиді жібереді. Түйнекті әкеліп шешкен кезде Алла елшісі бірден өзіне келіп, орнынан тұрады. Сонда Пайғамбарымыз әлгі яһудиді кешіреді. Бұл туралы оның бетіне басып айтпайды, айыптамайды. Ренжімейді, ұрыспайды, тіпті бұл дүниеден өткенше жүзін көрмейді» (Бұхари). Міне, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кешірімділігі осындай кең еді. Сондықтан өз хадисінде кешірімді болуды өсиет етіп: «Байланыс үзгенмен табыс, саған сараңдық жасағанға жомарт бол, зұлымдық жасағанды кешір», – деген (Ахмад).
Кешірімшіл болудың арқасында Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) талай адаммен татуласып, талай қантөгістің алдын алды.
Сондықтан да ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бір мұсылманның өз бауырына үш күннен артық ренжуі дұрыс емес», – деген. Демек, мұсылман қандай жағдайда болмасын ренжіскен бауырына өкпесін үш күннен асырмауы тиіс. Бірақ бұл жерде ескеретін бір жайт бар. Егер де реніш дін мәселесіне қатысты болса, оның жөні бөлек, ал одан тыс кез келген ренішке жол беруге болмайды.
Ислам дінінде реніштің мерзімі үш күнмен шектелуінің себебі адам психологиясында жатыр. Себебі осы мерзім адамның алқынған көңілін басып, болған істі ақылмен сараптауға жеткілікті. Ақыры, адам бойындағы бауырмалдық сезімі қайта оянып, ренжіскен бауырмен қайта қауышуға дайын болады.
Бірде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хусейн бір-бірімен ренжісіп қалады. Ағасы Хасан «інім келіп кешірім сұрайтын болар» деп күтеді. Алайда інісі Хусейн кешірім сұрауға келмейді. Шыдай алмаған соң ағасы Хасанның өзі інісіне келеді, сөйтсе інісі Хусейн де сағынып жүр екен. Хусейн ағасын көре салып, құшақтап жылап жібереді. Сонда ағасы Хасан: «Сен кішісің ғой, неліктен бірінші болып кешірім сұрамадың?» – дейді. Сонда інісі Хусейн: «Жаным ағатайым, кім бірінші болып кешірім сұраса, соған жәннаттан сарай тұрғызылады. Сол сарайға сіздің ие болғаныңызды қаладым. Сол жәннатты сізді алсын деп тосқан едім», – деп көз жасын сүрткен екен.
Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының сөзімен айтқанда:
«– Майда бол жігіт болсаң тал жібектей,
Жақсы емес қатты болу тікенектей».
Яғни, жүрегі кешірім шуағымен жібімеген адамның көркем мінезге ие болуы қиын, ал кешірімшіл болу – ер жігітке тән мәрттік.
Қазақ дәстүрінде «Кешіру» салты бар. Қыз алып қашқанда немесе адамды жазатайым өлтіріп қойса, ауыл ақсақалдары жиналып кешірім сұрап барады екен.
Болат Бопайұлының айтуы бойынша, қазақ дәстүрінде абайсызда өлім болса, ақсақалдар мен қазылар марқұмның туыстарының алдынан өтіп, кешірім сұрайды. Өлген адам құнын төлеп, жерлеу ақысын, жеті, қырқы, жылдық асына ірі қара мал сойып береді екен. Марқұм отбасына қамқор болуды мойнына алып, балалары кәмелетке толғанша, ай сайын шығындарын өтеп тұруға міндетті болады. Егер осыдан бас тартса, оған қазы дүре соқтырады. Егер кешірім сұрамаса, жазасы ауырлай түседі.
Бұған қоса, бұрынғы заманда айыбы бар адам өзі ренжіткен бауырын арнайы шақырып, ақ сары бас қой сойып, ақ ниетпен кешірім сұрайды екен. Осылайша, ренжіскен бауырлар ақ дастархан басында табысып, татуласады. Бұны қазақ дәстүрінде «Кешіру салты» деп атайды.
Кешірімнің мәні – көңілдегі кекті жойып, жүректерді жібіту, бауырластықты арттыру, қоғамдағы мейірім мен ізгілікті арттыру.
Медеу ауданы «Фатима» мешітінің бас имамы
Тілеубергенов Алпамыс
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.