ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ АСЫЛ ҚАСИЕТ
Тауазу – қарапайым, кішіпейіл болу, Алланың ұлылығының алдында өзіңің түкке тұрмас әлсіз екендігіңді білу деген мағынаны білдіреді. Адам баласы өзіне берілген ілім, мансап және байлық сияқты кез келген бір нығметтің арқасында бұлардан мақрұм болған кісілердің алдында өзін олардан жоғары санап, зұлымдық жасамауы керек.
Алла Тағала былай деп бұйырады: «Саған ілескен мүминдерге сыпайы бол!» (Шұғара сүресі, 215-аят). «Рахманның құлдары жер бетінде сыпайы болып жүреді. Егер надандар оларға (ұнамсыз сөз айтып) тіл тигізсе, «сәлем» деп жөндерімен кете береді» (Фурқан сүресі, 63-аят).
Расул Алла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Алла Тағала маған «Қарапайым болыңдар, ешкім ешкімге даңдайсымасын және ешкім ешкімге зұлымдық жасамасын!» деп бұйырды» (Мүслим, Жәннат 64).
Ардақты сахабалар Алла Тағаланың өздеріне аманат еткен дүниелік мансап-мәртебелерді ешуақытта мақтаныш және тәкәппәрлық сынды өзін жоғары санаушылық, артықшылық ретінде қолданбаған. Керісінше, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қарапайым өмір сүру салтын үлгі етіп ұстанып, қарапайым әрі сыпайы өмір сүрген. Мәдинада шамамен төрт жүз отбасыдан құралған шағын Ислам мемлекетінің шекарасы он жыл ішінде Ирак және Палестина жерлеріне дейін созылады. Хазірет Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүниеден өткен кезде Византия және парсыларға қарсы шайқас жүріп жатқан болатын. Мәдинаға олжалар ағылып, төгіліп келіп жатты. Бірақ, мұсылмандардың он жыл бұрынғы жағдайы, яғни мал-дүниеге көңіл бөлмеушіліктері, қарапайым өмір сүрулері, үйлерінің құрылысы, қайырымдылық жасауға деген құмартушылық сезімдері еш өзгермеді. Олар «иманнан алған ләззаттарын жойып аламыз ба?» деген қорқынышпен дүние нығметтерін қара бастары үшін пайдаланбауға аса мұқияттылықпен көңіл бөлген. Сондықтан, олар бүкіл өмірлерін Алланың разылығын табуды көздеген және соған қарай бағыттаған. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешқандай адамның өзін достарынан ерекше санауын ұнатпайтын. Бір сапарда сахабаларынан қой сойып, ас әзірлеулерін сұраған еді. Сахабалардың бірі:
– Уа, Алланың Елшісі, қойды мен бауыздайын, - деді. Келесі біреуі:
– Уа, Алланың Елшісі, терісін мен сыпырайын, - деді. Келесі біреуі де:
– Уа, Алланың Елшісі, пісіру менің мойнымда болсын, - деді.
Әлемнің мақтанышы Расул Алла (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Олай болса, отынды мен жинайын, - деді. Сахабалар:
– Уа, Расул Алла! Біз оны да істейміз. Сіз шаршамай-ақ қойыңыз, - десе де Хазірет Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің менің ісімді істей алатындарыңды жақсы білемін. Бірақ, мен сендерден ерекше болғанды ұнатпаймын. Өйткені, Алла Тағала құлының достарының арасында ерекше болғанын жақсы көрмейді» деді.
Хазірет Омар мінезі қатал болғанмен өте қарапайым жан болатын. Жамаулы киім киетін, жетім-жесірлердің үйлеріне арқалап ас-су таситын, қамыстан жасалған төсеніште жатып ұйықтайтын, түйелерді өзі тарақтап, тазалайтын. Халифа болған тұста көшелерді аралап, адамдардың арыз-тілектеріне құлақ салатын, халықтың мұң-мұқтажымен бөлісетін. Әбу Маһзура (р.а.) оның сыпайылығына дәлел болатын көзімен көрген мына бір оқиғасын баяндайды:
«Бір күні Омар бин Хаттабтың (р.а.) қасында отырғанымда Сафуан ибн Үмәйя саз балшықтан жасалған шыны аяқпен тамақ әкеліп, Хазірет Омардың алдына қойды. Сонда Омар (р.а.) айналасында жүрген жоқ-жітіктерді қасына шақырды. Барлығы келіп, Хазірет Омармен бірге тамақ ішті. Сол кезде Хазірет Омар:
– Алла құлдарымен бірге тамақ ішуден арланған кісіні құтқармайды, - деді. Сонда Сафуан бин Үмәйя:
– Аллаға ант етейін! Біз олармен бірге тамақ жеуден арланбаймыз. Дегенмен, өзімізді бірінші кезекке қоятынымыз да рас. Өйткені, олармен бөлісетіндей әруақыт жақсы әрі дәмді тамақтар таба бермейміз ғой, - деді (Али әл-Муттақи іХ, 198/25650).
Қорыта айтқанда, қарапайымдылықтың пайдалары өте көп. Қарапайым адам қолы ашық жомарт болып келеді. Жомарт адам мейірімді болады. Мейірімді адам барша жаратылысқа қол ұшын созып, қызмет етеді. Ал бұл Раббымыздың разылығын табуға үлкен септігін тигізеді. Дөрекі адам болса, мұндай жақсы қасиеттердің барлығынан мақрұм болады. Қарапайым пендеде терең ұғыну қабілеті мен парасаттылық пайда болады. Сондықтан, олар осы бір қасиеттері арқылы дос пен дұшпанды оңай ажырата алады.
Бостандық ауданы
«Байкен» мешітінің
бас имамы Жұмабаев Данияр
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.