Құран жайлы 40 хадис: 7-ХАДИС
Жетінші хадис
عَنْ عَائِشَةَ قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الْمَاهِرُ بِالْقُرْآنِ مَعَ السَّفَرَةِ الْكِرَامِ الْبَرَرَةِ وَالَّذِيْ يَقْرَأُ الْقُرْآنَ وَيَتَتَعْتَعُ فِيْهِ وَهُوَ عَلَيْهِ شَاقٌّ لَهُ أَجْرَانِ. وَ فِيْ رِوَايَةٍ : وَالَّذِيْ يَقْرَأُ وَهُوَ يَشْتَدُّ عَلَيْهِ لَهُ أَجْرَانِ (رواه أصحاب الكتب الستة).
Мүміндердің анасы Айшадан (р.а.): «Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Құранды мүдірмей оқитын адам ардақты игі елшілермен /періштелермен/ бірге болады. Ал Құранды іркіліп оқитын адамға екі сауап жазылады», – деген»[1]. Бір риуаятта: «Құранды әрең оқитын адамға екі сауап жазылады» деп келген (әл-Бұхари, Муслим, Әбу Дәуд, әт-Тирмизи, ән-Насаи, Ибн Мәжаһ)[2].
[1] Хадистегі «Құранды мүдірмей оқитын адам» дегені Құранды бастан-аяқ жаттап, тәжуидтің барлық қағида-ережелерін сақтап, емін-еркін оқитын адам мағынасында. «Ардақты игі періштелер» дегені Алла Тағаланың «Әл-Кирам әл-барара», яғни ардақты игілер деп сипаттаған періштелер. Ибн әл-Мәлик: «Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың амалдарын жазып алатын періштелерді меңзеген», – деп айтқан. «Ардақты игі періштелермен бірге болады» дегені Құранды мүдірмей оқитын білікті адамдар сол періштелермен дәрежелері теңеседі және ақиретте сол періштелерге дос болады. Олар Құранды жаттап, оның ішіндегі бұйрықтарға аманатпен қарау жағынан сол періштелермен теңесетіндей құрметке ие болған жандар. Мәтіндегі «игі» дегені тек игілік әкелуші әрі Раббысына бойсұнғыш деген мағынада. «Іркіліп оқитын адам» дегені тілін Құранның айна-қатесіз оқылуына бейімдеуге ынталанып, кей жерде кідіріп оқитын адам мағынасында.
Хадистің мағынасы: Құран оқуға зейін қойып, түбінде Құран оқудың хас шеберіне айналған адамды Алла Тағала Өзінің құзырына жақын болған ардақты періштелердің дәрежесіне дейін көтереді. Ал енді кім Құран оқуда қиналып, іркіліп, сол қиыншылыққа сабыр етіп, әрдайым тырысып жүрсе, Құран оқығаны үшін бір сауап және қиналғаны үшін бір сауап алады. Өйткені сауап қиыншылықтың көлеміне қарай беріледі. Үлкен табандылықпен, жігермен атқарылған құлшылық – ең жақсы құлшылық. Дегенмен мұндай адамның сауабы білікті қаридің сауабынан асып түседі дегенді білдірмейді. Анығын Алла біледі.
[2] «Сахих әл-Бұхари», «Тәпсір» бөлімі, «Абаса» сүресінің тәпсірі» тарауы, (4937). «Сахих Муслим», «Жолаушылардың намазы және намазды қысқартып оқу» бөлімі, «Құранды мүдірмей оқитын және Құранды іркіліп оқитын адам» тарауы, (798). «Сунан Әбу Дәуд», «Үтір» бөлімі, «Құран оқудың сауабы» туралы тарау, (1454). «Сунан әт-Тирмизи», «Құранның артықшылықтары», «Қари адамның артықшылығы» тарауы, (2904). Ән-Насаи, «Әс-Сунан әл-кубра», «Тәпсір» бөлімі, «Абаса» сүресінің тәпсірі», (11582). «Сунан Ибн Мәжаһ», «Әдеп» бөлімі, «Құран оқудың сауабы» тарауы, (3779). «Муснад имам Ахмад», «Сахаба әйелдердің муснады», «Сыддықтың қызы Айша сыддықтың муснады», (24211), (24667), (25365), (25591). «Сунан әд-Дарими», «Құранның артықшылықтары», «Құранды іркіліп оқыған адамның артықшылығы» тарауы, (3411). Әл-Байһақи, «Әс-Сунан әл-кубра», «Намаз» бөлімі, «Құранды оқуды тастамау» тарауы, (4054), (4055). «Мусаннаф Ибн Әбу Шәйбә», «Құранның артықшылықтары» бөлімі, «Құранның білгірі» тарауы, (30036), (30037). «Мусаннаф Абдур-Раззақ», «Намаз» бөлімі, «Құранды тәртилмен оқу» тарауы, (4194); «Құранның артықшылықтары» бөлімі, «Құранды үйрету және оның артықшылығы» тарауы, (6016). «Сахих Ибн Хиббан», «Рақаиқ» бөлімі, «Құран оқу» тарауы, (767). Ибн әд-Дурайс, «Фадаил әл-Қуран», «Құран оқудың білгірі туралы айтылған хадистер» тарауы, (29), (35). Әл-Фиряби, «Фадаил әл-Қуран», (3). Әл-Бағауи, «Шарх әс-сунна», (1174). «Муснад Ибн Раһауәйһ», (1314).
Кітаптың авторы: Ғұлама Мулла Али ибн Сұлтан Мұхаммед әл-Қари (1014 һ.ж.)
Хадистерді талдап, түсініктеме берген: Махмуд Шакур ибн Махмуд әл-Хажи Әмрир әл-Маядини
Қазақ тіліне аударған: Ержан Оразов
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.