Темірбек ПЕРНЕБЕКҰЛЫ: Мұсылманның бірлігі
Мұсылманның өмірінде бірлік пен татулықтың маңызы үлкен. Бірлік – мұсылмандардың арасындағы ынтымақ пен татулықтың көрінісі. «Бірлік түбі – береке» дегендей, ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Бұл жайында қасиетті Құран Кәрімде:
«Аллаға әрі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда үрейлесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар. Расында Алла сабырлылармен бірге» [1] деп баяндалған.
Алла Тағала бұл аятта мұсылмандар арасындағы бөліну мен жанжалдың оларды құрдымға апаратынын меңзеуде. Осы аятқа орай Имам әр-Рази: «жанжалдасудың зардабы ол мұсылмандардың әлсіздігіне себеп болады» [2] деген.
Басқа бір аятта Алла Тағала былай деп әмір етеді:
«(Мұхаммед ғ.с.) Алла Нұх (ғ.с.) қа нұсқау берген нәрселерді және саған уахи еткенімізді сондай-ақ Ыбырайым, Мұса және Исаға (ғ.с.) нұсқау берген нәрселерімізді сендерге діни жол қылды: Дінді мықты орындаңдар да, дінде бөлінбеңдер» [3].
Бұл аяттың тәпсірі жайында атақты муфасир ғалым әл-Бағауи: «барлық пайғамбарлар (Алланың оларға сәлемі болсын) Алланың дінін жаю үшін, қоғам арасында бейбітшілік орнатып, алауыздықты жою үшін жіберілді» [4] деген.
Пайғамбарымыздың хадистерінде Құран аяттарын қуаттайтын, мұсылмандарды бірлік пен ынтымаққа үндеп, бөлінуге тыйым салатын көптеген хадистер бар:
«Шын мәнінде Алла үш нәрсе үшін сендерге риза болады және үш нәрсені жек көреді. Алланың риза болатыны: Аллаға құлшылық қылу, Оған серік қоспау, Алланың дініне берік ұстанып, бөлінбеу, Алланың жек көретіні: өсек тарату, орынсыз көп сұрақ қою, малды ысырап ету [5].
Бұл хадис жайында Имам ән-Науауи: «бөлінбеңдер» деген әмір мұсылман арасындағы ауызбіршілікті меңзейді», деген. Бұл исламның бұлжымас қағидаларынан [6].
Басқа бір хадисте: «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ болыңдар, шын мәнінде шайтан жалғызбен бірге, екі адамнан алыс, кімде-кім жәннаттың рахатын қаласа, жамағатпен бірге болсын» деген [7].
Мұсылман баласына татулықта, бірлікте, бауырмашылықта болу – міндет. Сол міндетімізді дұрыс артқару үшін бізге айқын, анық дәлелер Құран Кәрімде келтірілген. Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 10-аятында: «Шын мәнінде мүміндер бауыр» деген. Ал бауырмашылдық – Алла Тағаланың адам баласына берген ұлы нығметі.
Бірлік жайында Нұғман ибн Башир (р.а) риуаятында Пайғамбарымыз: «Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – деген [8].
Мұсылман – мұсылманның бауыры болғандықтан ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де жаманшылық жасамайды, келеке етпейді, малына, арына қол сұқпайды. Бұл иләһи қағида, исламдағы ең ұлы ұғымдардың бірі.
Тарихтан белгілі қазақ халқы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған бірлігінің арқасында осындай тәуелсіздікте өмір сүріп жатырмыз. «Бірлік болмай тірлік болмас» демекші, бірлік жайында алаштың арысы Әлихан Бөкейханов бір сөзінде: «қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады» деген.
Осы берекенің, бірліктің қоғамда жоғалып бара жатқаның байқаған ақын Мұқағали Мақатаев:
…Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы,
Құрбан болсын Құдайың үшін жаның!!!
- деп жан айқайын осы өлең жолдарымен мұсылман қауымына арнаған.
«Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, біздің таласып-тартысқанымыздан еш нәрсе өнбейді. Керсінше берекеміз бен құтымыз қашып, бөрілердің жемтігіне айналамыз. Сондықтан біз бірлік атын ту етіп дініміз бен елімізді көркейтетін, Алланың бейбітсүйгіш шынайы құлы, шариғат талаптарына риясыз амал жасайтын Пайғамбарымыздың лайықты үмбеті болуға ұмтылуымыз керек.
Пайдаланған әдебиеттер:
- (Әнфал сүресі, 46-аят)
- (Мафатиху әл-Ғайб 15 том, 138-бет)
- (Шура сүресі, 13-аят)
- (Имам Бағауидің «Мағалиму әт-Танзил» кітабының 7-томы, 186-беті)
- (Муслим хадистер жинағы)
- («Сахих Муслим» хадистер жинағы түсіндірме кітабының 12 томы, 11-беті)
- (Тирмизи хадистер жинағы 4-том, 465-бет.)
- (Муслим хадистер жинағы)
Темірбек ПЕРНЕБЕКҰЛЫ,
Алматы қаласы «Қарағайлы» мешітінің наиб имамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.