ЖАМАННЫҢ НАМЫСЫ БОЛМАЙДЫ
Қазақ халқы ежелден баласын «Ала жіптен аттама», «Арыңды сақта», «Әдепті бол» деп қырық жамандықтың алдынан тыйып өсірген. Сонау бабаларымыздың тәрбие тектілігі үлкен мәселелерді екі ауыз сөзбен қайырып шешкендігі, кімді болса да қайран қалдырмас.
"Ұлттың жақсысы немесе жаманы болмайды, адамның жақсы яки жаманы болады" деген нақыл сөз бар халық арасында. Ошақ өрбітіп, түтін түтетіп отырған әр қазақ шаңырағына перзентінің жақсы азамат болып өсіп, ұл бала дүниеге келсе «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деп, қыз шыр етсе «Ұлттың болашағы - қыздың қолында» деп ұлы мен қызын тең тәрбиелеп, үкілеген, үміт күткен текті Қазақ елінің ұрпағымыз.
Кейде тәрбие жақсы берілсе де өмірдің кейбір тар жолдарында әке сөзін, ана өсиетін ұмытып кетіп жатқан қаншама жастар бар десеңізші. Шолақ басып, аузы күйіп, тағдырдан опық жеп жататын кездер де болады. Ұрпағымыздың олай опық жемеуі үшін не істемек керек? Қазір 21 ғасыр, жаңа технологиялар мен инновациялар заманы. Қу тіршілік деп бар уақытын жұмысқа арнаған жас отбасылар көбейіп келеді, олардың бар мақсаты балаларымның ешкімнен кем болмауы, ал тек материалдық қолдау көріп өскен бала моральдық қиындыққа ұшырағанда неше түрлі зиян әдеттермен дос болып, ата-ананы сыйламай, намыстан айырылып, соңы үлкен трагедияға алмасып кетуі бір-ақ сәт. Сондықтан телефон мен теледидар тәрбиелемес бұрын, баламыздың кіммен дос болып, кімнен үлгі алып жүргенін анықтап алайық. Қазақта «Жаманның намысы болмайды» дейді, адамшылық қасиеттердің ең үлкені - имандылық. Иманы болған ұрпақтың - ар ұяты, адамгершілігі, тектілігі, мейірімділігі болуы хақ.
Баланы ең алдымен маман болуға емес, адам болуға тәрбиелеу қажет. Егер де болашақ өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ең алдымен адамгершілік пен ұятты, иман мен тәрбиені, ақ пен қараны ажырата білуді, бала бойына тек жақсы қасиеттерді сіңіруді, жаман қасиеттерден, әдеттерден аулақ болуды оның өзінің болашағына және ата-анасына, еліне, жеріне, жалпы әлемге зияндық алып келетінін ұрпақ бойына әр ата-ана қондыра білсе, кез-келген бала намысшыл, қайратты, жігерлі, патриотшыл, иманды болып өсері еш күмәнсіз.
Халқымыз ежелден-ақ «Жаманның ұяты болмайды» деген, ұят тұрғысына «ұялмасаң қалағаныңды істе» деген секілді сөздерді өсиет қылып айтып кеткен.
Яғни, жамандықтың бастауы ұятта, егер өсіп келе жатқан жас ұрпақ ұят, намыс деген нәрсенің не екенін бойына сіңіре білсе, мүмкін жамандық аз да болса тыйылар ма еді? Өмірде тек қана барлығы жақсы болуы мүмкін емес, өмірдің өзі ақ пен қарадан, жақсы мен жаманнан, өтірік пен шындықтан, арам мен адалдан тұратыны секілді жаман адам да, жақсы адам да ол мәңгілік солай қалыптасады. Тек қанша жамандық жасаса да, біреудің ала жібін аттаса да, намысы жоқ өте жаман адам болса да, соның ішінде ең адамзатқа хайырлысы өз жамандығын түсініп, келесі жолы сол жамандығын немесе қателігін түсініп оның орнын жақсы іспен толтырса, міне сол кезде адам жақсы жаққа өзгеріп, өз қателігінен сабақ алып, өмірде өз жолын адаспай табады деп ойлаймын.
Сөзімнің төркінін, өзімнің өмірдегі мотивациям, үлгі тұтатын жанашырым асыл әжемнің керемет сөзімен түйіндегім келеді. Ол: «Шөлдің қамысы болмайды, жаманның намысы болмайды» деп әжем екі сөзінің бірінде айтып отырады.
Менің ойымша намысымызды жанысақ, ешқашан қор болмайтынымыз анық. Себебі жамандық жасамас бұрын ұятты және намысты ойласақ, мүмкін көп жамандықты тамырымен жоя алар ма едік.
Сол үшін қысқа ғана бес күндік жалғанда жолдан тайып адассақ та, жамандық немесе опасыздыққа жолықсақ та, сол нәрседен сабақ алып, керісінше орнын жақсылықпен толтырып, жақсылық жасап жарысайық дегім келеді!
Қабылбеков Олжас
"Нұр" мешітінің наиб иамы
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.