Көктем шығысымен қаланың өңін қалпына келтіретін дәстүрлі сенбіліктер жалғасын тауып келеді. Бұл жолғы сенбілікте тазалық жұмыстарымен қатар, орта мектептер, қарттар үйі, жеке үй аулалары сияқты жерлерде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің бастамасымен Алматы қаласы мешіттері 450 түп терек пен жеміс ағаштарын отырғызды. «Бір тал кессең, он тал ек» деген қазақы нақылды ту еткен қала көлеміндегі 49 мешіт қызметкерлері мен жамағаттары және жергілікті әкімшілік пен қала жастары бір кісідей атсалысты.
Аталған шараға Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы мен Алматы қаласы дін істері басқармасының басшысы Айдар Рахымжанұлы қатысып, Теректі, Алғабас және Рахат елді-мекендеріндегі орта мектеп саябақтарына ағаш отырғызды және қалалық қарттар үйінің де ауласына шыршалар отырғызды.
Осындай ерекшелікпен өткен дәстүрлі сенбілік Алматы қаласы мешіттерінің жамағаты мен әрбір азаматтарының рухани тұрғыдан ғана емес, салауаттылық пен тазалық тұрғысынан да бірлікте екенін тағы бір дәлелдеді.
Алматы қаласы Орталық мешітінің Баспасөз қызметі