Білімге құштарлық
Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти
Білімге құштарлық – адамның жаратылыстық қасиеті. Биыл ел болып 175 жылдығын атап өткелі отырған қазақтың данасы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы өзінің жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары... Біреуі – білсем екен демеклік. Бұл – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен», - деп, есейе келе адам осы жан құмарлығын ұмытып, тек тән құмарлығына ден қоятындығын айтады. Мұның соңы кейбір жандардың тіршілігі тек ішсем, жесем деген хайуани түйсіктен аспай, ал жаннның азығы мүлдем ұмыт қалатындығын ескертеді.
Расымен де, осы қара сөзде айтылғандай білуге құмарлық адамзаттың әу бастағы жаратылысына енгізілген ұлы бір қасиет. Нақ осы білім арқылы Алла Тағала әу баста Адам атаны (ғ.с.) басқа жаратылыстарынан, періштелер мен жындардан абыройын арттырып, дәрежесін биіктетті. Жаратушы Хақ Тағала Адамның (ғ.с.) білімін періштелерге үлгі етеді. Оған неше түрлі жаратылыстардың атауларын үйретіп, кейінірек олар туралы періштелерден сұрағанда олар:
«Уа, Раббымыз, Сен Пәксің! Біз өзіңнің үйреткеніңді ғана білеміз. Бізде одан басқа білім жоқ. Ал Сен Аса Білгір әрі Данасың», - деп тосылады («Бақара» сүресі, 32-аят). Міне, осы кезден бастап адамзат баласының басқа жаратылыстардан Алла Тағала берген басты айырмашылығы ғылым-білім, ақыл-сана болды. Сондай-ақ осы артықшылықтың негізінде парыздар жүктеліп, дін мен даналық берілді. Білім адамның адамнан артықшылығын білдіретін басты қасиет. Абайша айтқанда: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де - ақымақшылдық».
Білім іздену – парыз. Ислам – білім мен ғылымның, даму мен өркениеттің діні. Ислам өркениеті күллі адамзатқа бұрын-соңды болмаған соны серпін әкелді. Ең алғашқы әмірі «Оқы»-дан басталған иләһи сара жолдың бұдан басқаша болуы да мүмкін емес.
Оқу әрі оқығанды көңілге тоқу арқылы адамзат өзін-өзі тәрбиелейді, тығырықтан шығар жол табады, дүние және ақирет мәселелерінің түйінін оңай шешеді.
Алла Тағаланың қасиетті кәләмі – Құран Кәрім мен Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис шәріптерінде білім мен ғылымға, білім ізденуге ерекше зор маңыз берілген.
Ислам діні алғашқы аяттар түскеннен-ақ білімге қатты көңіл бөлді. Сондықтан мұнда білгір мен білмес тең емес. Құран Кәрімде «Зүмәр» сүресінің 9-аятында:
«Білушілер мен білмеушілер тең бола ма? (Әлбетте, тең емес!) Мұны ақыл иелері ғана түсінеді», - делінген. Бұдан басқа да көптеген аяттарда Алла Тағаланы таныған шынайы тақуа білім иелерінің уахи мен хикметті терең түсініп, Раббыларынан шынайы түрде қорқатындығы айтылады. «Фатыр» сүресінің 28-аятында:
«Шындығында, Алладан оның ғалым құлдары қатты қорқады», – делінген.
Асыл дінімізде білім алу – әрбір мұсылманға парыз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
«Білім іздеу – әрбір мұсылман ер мен мұсылман әйелге парыз», - деген (Ибн Мәжә риуаяты).
Ал басқа бір хадисінде:
«Кімде-кім білім іздеп жолға шықса, Алла оның жәннатқа баратын жолын жеңілдетеді», - деп ғылым-білім үйренудің артықшылығын айтып өткен. Сондай-ақ «Білімді бесіктен қабірге дейін іздеңдер», «Білім Қытайда болса да, іздеңдер» деген риуаяттар бар. Мұның өзі асыл дініміздегі адамның сауаттылығы мен жалпы білім-ғылымның биік мәртебесін білдіреді.
Бұл айтылған өсиеттердегі ең басты білім, әрине, ол – Құран мен Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті, яғни діни ғылымдар. Өйткені діни білім екі дүниеде бақытқа жеткізетін бірден-бір білім. Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатұлы айтқандай кез келген адамға керекті ең алғашқы білім осы:
Әуелі үйренетін бір ғылымың,
Өзіңнің мұсылманша дін ғылымың.
Шарттарын исламның кәміл білсең,
Ақиреттік азық берер шын ғылымың.
Білімділік – біліктіліктің басты шарты. Қай саланың маманы болмасын, ең алдымен оның өз мамандығынан білімділігі талап етіледі. Сол секілді дін саласындағы қызмет-керлердің де ең алдымен білім деңгейі сынға түседі. Қазір діни қызметкерлердің басым көпшілігі жоғары білімді. Аллаға шүкір, бүгінде елімізде білікті діни мамандық иесі болуға мүмкіндік жеткілікті. Білімділік біліктіліктің басты шарты болса, ал сол білімді әрі қарай жетілдіріп отыру, жаңалыққа құштарлану сол біліктілікті шыңдай түседі.
Білімділік – заман талабы. Қазіргідей ақпараттар заманында жан-жақты білімділік өзекті мәселе болып тұр. Дін мамандарының тек діни біліммен ғана шектеліп қалмай, уағыз-насихатты ұтымды жүргізу үшін жамағаттың өскелең талап-тілегіне сай білімді болуы тиіс. Мамандығына қатысты мемлекет заңын, сапалы уағыз жүргізу үшін қазақ тілі мен шешендік өнерді тиісінше меңгергені жөн. Сондай-ақ, шаруашылық істері мен қазіргі ақпарат құралдарынан да жан-жақты хабардар болғаны абзал.
Қорыта айтқанда, заманауи талаптардың барлығына жауап беру үшін имамдарымыз, діни қызметкерлеріміз жан-жақты білімді, жа-уапты да сауапты қызметін дөңгелетіп әкететін алғыр да зерек, әмбебап болуы қажет. Құдайға шүкір, қазір баршаға үлгі болып жүрген осындай имамдарымыз баршылық.
Мұның барлығы да білімге құштарлықтан шығады. Шынтуайтында, бұл мұсылманшы-лықтың да талабы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай: «Даналық, хикмет – мұсылманның іздеп жүргені». Ал Құран Кәрім бізге «Алланың жолына хикметпен шақыр» («Нәхл» сүресі, 25-аят) деп нұсқайды.
Қазіргі заманғы америкалық ойшыл Алвин Тоффлер: «Жиырма бірінші ғасырда оқу, жазуды білмейтін адамдар сауатсыз емес, оқуды, үйренуді әрі қарай жалғастыруды білмейтін адамдар сауатсыз болып есептеледі», - деп, ұдайы білімін жетілдіріп отырудың маңызын жеткізген.
«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген халық нақылы. Шынайы білімді де білікті маман қандай қиын мәселені болмасын, майдан қыл суырғандай оңай шешеді.
Білімге құштарлық – өмірге құштарлық. Білімге құштарлық, негізінен, білімге жақын, ұдайы ізденіс пен жаңашылдыққа жаны құмар адамдардың бойында болатын асыл қасиет. Білімге құштарлық бір орында тұрып қалған шалшық су сияқты емес, үнемі қозғалып тұратын ағын су секілді пікірдегі қасаңдықтан, біржақтылықтан құтқарады. Мысалы, дінімізде шариғаттың ұстынды үкімдері өзгермегенімен, заманына қарай кейбір пәтуәларда өзгерістер болып тұрады. Мұның өзі асыл дініміздің өміршеңдігін, әр заманға лайықтылығын аңғартады. Ең бастысы, мұсылманның өз қоғамы мен заманына сай білім ізденіп, шариғат аясын тереңірек зерттеп, заманына сай әрекет етуді нұсқайды.
Алла Тағала былай дейді: «..Әрі Алладан қорқыңдар, сонда Алла сендерге үйретеді...» («Бақара» сүресі, 282-аят).
Білім таратудағы діннің рөлі
Адамзатқа ғылым мен өркениет шамшырағын алып келген Ислам діні қазақ топырағына сегізінші ғасырда жетті. Халқымыз Исламды жүрек қалауымен қабылдап, ғұлама-ғалымдарымыз асыл дінімізді насихаттауға өзіндік сүбелі үлесін қосты. Тарихымызға ой жүгіртсек, ежелгі қазақ жерінде алғаш бой көтерген мешіт-медреселер елдің игілігі мен бірлігіне, халқымыздың діни сауатын ашуда айрықша рөл атқарды. Еліміздің мақтанышына айналған тұлғаларымыз, атап айтқанда, ақын-жазушыларымыз, қайраткерлеріміз, халықты жақсылыққа, білім алуға бастаған ағартушы ғалымдарымыз ең алғашқы сауатын осы медреселерден ашқан еді.
Қазақ жерінде пайда болған діни білім беру жүйесі жартылай отырықшы, жартылай көшпелі тұрмыс-салтына тән өзіндік үлгілері арқылы дамыды. Ірі қалаларда бой көтерген медреселер қызметі, көшпелі жұрт арасында молда ұстап, бала оқыту дәстүрі де кең тарады. Осылайша, қарапайым қазақ балаларынан бастап, аты аңызға айналған тұлғаларымызға дейін хат танып, діни білім алды.
Абай, Шәкәрім, Міржақып, Ахмет, Бейімбет, Сәкен сынды Алаштың бәйтерек арыстары білім жолына басқан алғашқы қадамдарын медреседен бастаған. Біз оларды әрқашан мақтан етеміз және ұрпағымызды сол бабаларымыз секілді парасатты да білімді, иманды да байсалды болуға тәрбиелеудеміз.
Кеңес Одағы кезінде біздің дінімізге қысым жасалғанымен, тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыз емін-еркін құлшылығын жасап, сенім бостандығы салтанат құрды. Аллаға шүкір, халқымыздың 70 пайызынан астамы мұсылман. Бүгінгі күні мешіттеріміз бен намаз оқитындар саны өсіп келеді.
Елімізде тәуелсіздік алған жылдары небәрі 60-тан астам мешіт болса, қазір оның саны 3 мыңға жуықтады. Ел ағаларының, дін жанашырларының аса зор қамқорлығымен Қазақстанның әрбір аймағынан сәні мен салтанаты жарасқан бүгінгі сәулеткерлік өнердің жетістігіне сай, зәулім мешіттер мен медреселер бой көтеріп жатқаны жүрегімізге ерекше қуаныш ұялатады.
Дінді білімнен бөліп қарауға болмайды. Ақиқатына келсек, ақиық ақын Мұқағали айтқандай: «Дін – ғылымның атасы». Осы тұрғыда Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы қалың бұқараның діни сауатын көтеру жолында үздіксіз қызмет етіп келеді. Әрбір мешітте жасқа да, жасамысқа да дәстүрлі діни танымнан дәрістер беріледі.
Қазіргі қоғамымызда хат танымайтын адам жоқ. Сондықтан біліммен бірге рухани тәрбие де қажет. Сахабалардың ізгі ізбасарларының бірі Абдулла ибн Мүбәрак (р.а.): «Біз көп білімнен гөрі қарапайым тәрбиеге көбірек мұқтажбыз», - деген.
Жан-жақты білімді жастар ғана елдің дамуына жол ашады. Орта ғасырларда Ислам әлемге математика, химия, астрономия, медицина, сәулеткерлік, философия мен поэзия салаларында ұлы жаңалықтар мен ашылуларды сыйлады. Бұл өз кезегінде қуатты интеллектуалдық өркениетті құруға негіз қалады. Бүгін де осындай қуатты тарихи іргетасқа сүйене отырып, ислам өркениетінің интеллектуалдық рөлін қайта жаңғырту күн тәртібінде тұр. Демек, ендігі кезекте жастар білім тұрғысынан өзге жұртпен терезесі тең деңгейде табылуы тиіс.
Қазіргі таңда ҚМДБ-ға қарасты жоғары білімді дін мамандарын даярлайтын «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті, орта білімді дін мамандарын даярлайтын 9 медресе мен имамдардың білімін жетілдіру ислам институты бар. Заманауи ақпарат алаңы – ғаламторда дұрыс діни, рухани мағлұмат тарататын бірнеше сайттар, аккаунттар жұмыс істейді. Сонымен қатар, «Иман» журналы, «Мұнара» газеті сынды мүфтияттың төл басылымдары ел оқырмандарына сапалы, сараланған ақпаратты жеткізіп, діни ағарту саласына тиісінше үлестерін қосып келеді. Діни басқарма тарапынан шығып жатқан кітаптардан дін саласына қатысты сауалдарға тұщымды жауап алуға болады.
Қазақ руханиятының қара шаңырағы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осы отыз жылдың ішінде қазақ мүфтияты халыққа абыройлы қызмет етіп, толайым та-быстарға жетті. Тақырыпқа тұздық етіп айтар болсақ, діни кадрлардың білімі толысты. Руханият сахнасына заман талабына сай білімді де білікті имамдар шығуда. Бұрын діни білімді алу үшін шетел асып жүретін болсақ, бүгінде, Құдайға шүкір, алғашқы дінашар деңгейдегі сауат ашу курстарынан бастап, медресе, колледж, ал жоғары білім алу үшін университет, магистратура, докторантураға дейін өз елімізде бар. Мұның бәрі ел тәуелсіздігінің арқасы әрі ел басшылығының жүргізіп отырған діни саясатының өміршеңдігін дәлелдейді.
Қазақтың ұлы ханы Абылайхан айтқандай: «Білекке сенер заманда ешкімге дес бермедік. Білікке сенер заманда қапы қалып жүрмелік!». Қазіргідей біліммен, қаламмен күресетін заманда сол білекпен, қылышпен күресе жүріп елінің азаттығын сақтап қалған ата-бабамыздың аманатын көзіміздің қарашығындай сақ-тайық. Қазіргі кез Елбасымыз айтқандай: «Бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман».
2019 жылы қазан айында Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумында дін саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Алқалы жиынның қорытындысында ел діндарлары «Жеті рухани қазық» атты мұсылман тұғырнамасын қабылдады. Аталмыш жеті қазық дегеніміз әрбір мұсылманның бойынан табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты – имандылықты, отаншылдықты, білімге құштарлықты, бірлікқұмарлықты, еңбекқорлықты, мәдениеттілікті және әділдікті қамтиды. Бұл жолы біз білімге құштарлық туралы сөз еттік. Алдағы кезде рет-ретімен басқа да қазықтар туралы әңгімелейміз.
Жаратқан Иеміз жалпақ Алаш жұртын имандылық салтанат құрған бірлігіне бекем, білімді де білікті, дәстүріне берік ел етсін! Әумин!
«Иман» журналы, №2, 2020 жыл
Жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.