АЛМАТЫ: "ӘЛ-МАДИНА" МЕШІТІНДЕ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының бастамасымен ҚМДБ бекіткен "Дін мен дәстүр" айына орай қала мешіттерінде Наурыз мерекесіне іс-шаралар ұйымдастыру қолға алынды. Алғашқылардың бірі болып Жетісу ауданы "Әл-Мадина" мешітінде Наурыз мерекесі аталып өтті.
Жетісу ауданының бас имамы Бақытжан Жаңбырбайұлы және мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен кеше жұма намазынан кейін жамағатпен бірге Наурыз мерекесіне орай бірқатар іс-шаралар өтті. Айтулы мереке құрметіне мешіт ауласына киіз үй тігіліп дастархан жайылды. Наурыз дастарханында мешіт ақсақалдары мен Жетісу ауданы әкімі орынбасары Дәулет Шайтұрсынұлы бастаған бірқатар әкімшілік қызметкерлері бас қосты. Жұма құлшылығын өтеуге келген жамағаттарға наурыз көже мен ыстық бауырсақ таратылды. Ұлттық ойын арқан тарту, гір тасын көтеруден жамағат арасында жарыс болып, оза шапқандарға сыйлықтар берілді. Ел тыныштығы мен бірлігі үшін дұға оқылып, бата жасалды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі