АЛМАТЫ: БАС ИМАМ ФОРУМҒА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)
Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында «Рухани келісім конфессияаралық диалог пен бейбітшілік мәдениетінің факторы ретінде» атты форум өтті. Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Жалбақұлы, діни бірлестіктердің басшылары мен сарапшылар, дінтанушылар және қала имамдары қатысты.
Пленарлық сессияда спикер ретінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары - Бабақұмаров Ержан Жалбақұлы, Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулы – Бобров Евгений Петрович, «Рухани келісім конгресі» халықаралық қорының вице-президенті – Кокумбаев Анвар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы қаласы бойынша Бас имамы – Төлеби Оспан Дәділұлы, Қаскелең епископы, Астана епархиясындағы викарий – Епископ Геннадий, «Әл-Фараби ат. ҚазҰУ» КЕАҚ проректоры Масалимова Әлия Рымғазықызы қатысып баяндама жасады.
Бас имам Төлеби Оспан форум делегаттарына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, рухани келісім күнімен құттықтады. Сонымен қатар еліміздегі ұлтаралық татулық пен дінаралық достықтың маңыздылығына тоқталып өтті.
Форум «Деструктивті діни ағымдардың құрбандарын оңалту және қайта әлеументтендіру «өңірлердің тәжірибесі», «Геосаяси факторлар: көпконфессиялы Қазақстан үшін сын-қатерлер мен тәуекелдер», «Конфессияаралық келісім: ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың, БАҚ және интернет ресурстардың рөлі» атты тақырыптық секцияларды белгілі дінтанушы мамандар, профессор, PhD докторлары, дін басшылары мен сарапшы спикерлер жалғастырды.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі