Алматы: Бас имам қала тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтады
Еркінбек қари Шоқай,
Алматы қаласының бас имамы
Құрметті қала тұрғындары, қадірлі мұсылман бауырлар!
Сіздерді тіршілік атаулы ұйқысынан оянып тұмса табиғат әсем түрге енетін, күн мен түн теңесіп, өріс кеңитін, мал төлдейтін, жыл құсымен қатар келетін жадыраған көктемнің жаршысы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын.
Мұқым түркі халықтарының ынтымақ пен бірлікке, достық пен татулыққа үндейтін әз-Наурыз мерекесі – қазақ халқының ықылым заманнан дәстүр-салтының ажырамас бөлігіне айналған. Дана халқымыз бұл күнде «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп ел мен жердің, туған-туыстық, көрші-қолаңның, ағайын-бауырдың, мал мен жанның амандығын тілейтін болған. Сондай-ақ, ел іргесінің бүтіндігі мен береке-бірлігін нығайтып, адамдар арасында мейірімділік пен кешірімділік сынды асыл қасиеттерді кеңінен дәріптеуге, ата жолдан айнымауға, үнемі келешек ұрпақтың қамын ойлауға шақырған.
Ардақты ағайын!
Осы ретте қаламыздағы әрбір отбасы мүшелеріне зор денсаулық, қажымас қайрат, бақ-береке, имани байлық тілеймін.
Алла Тағала елімізді сыртқы-ішкі жаулардан, алтыбақан алауыздықтан, түрлі жаманшылық пен кесір-кесапаттан, ауру-сырқаудан сақтасын. Ел басына түскен уақытша сынақтан төрт көзіміз түгел аман-есен құтылуға жазсын.
Баршамызға әз-Наурыз мейрамы, Жаңа жыл құтты болсын!