Наиб мүфти Алматы имамдарымен онлайн жиын өткізді (ФОТО)
ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлының қатысуымен Алматы қаласы имамдарының онлай жиыны өтті.
Рухани тәрбие «Ихсан ілімі» бағытында өткен жиынға Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы мен «MUFTIYAT» баспасының директоры Мұрат Манапұлы қатысты.
Наиб мүфти төрт рет өткен Имамдар форумында қабылданған концептуалды құжаттармен алдымен имамдарымыз танысып, «Ихсан» ілімі, «Толық адам» концепциясы бойынша түрлі форматта кездесулер, дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізіп, сондай-ақ БАҚ беттерінде мақалалар, сұқбаттар жариялауы керектігін атап өтті.
«Өздеріңіз білесіздер, біз кеше мұсылман болған жоқпыз. Біздің асыл дініміздің тарихы тереңде жатыр. Бабаларымыз сенім мәселесін де, фиқһ негіздерін де насихаттап, ұрпаққа аманат етті. ихсан ілімі арқылы еліміздегі мұсылман қауымға дініміздің әдеп негіздерін үйрету және рухани тәрбиенің маңыздылығын көрсету – Діни басқарманың міндеті. Жамағат кез келгеннің жетегіне еріп кете бермей, тәрбиелік жолды ұстанса, қоғам да, ғибадатын атқарып отырған жамағат та адаспай, дұрыс жолда болар еді. Ол үшін ҚМДБ қызметкерлері қоғамға ауадай қажет болып отырған ихсан ілімін насихаттауды қолға алу керек. Алла қаласа жуырда «Ихсан ілімі», «Кемел адам» тағы басқа бірқатар кітаптарды шығарамыз» деді.
Ал сөз кезегін алған исламтанушы-ғалым Сансызбай Құрбанұлы ихсан ілімін алдымен дін қызметкерлері, имамдар өздері жете түсініп, бойларына сіңіруге тиіс екенін баса айтты. Оның айтуынша, «Құдай көріп тұр» деген сенім дін қызметкерлерінің жүрегінен орын тауып, жұмысына жауапкершілікпен, отбасына қамқорлықпен, маңайына жанашырлықпен қарай алса, мінезін көркемдей алса, оның насихаты да елге өтімді болады, осылайша қоғам түзеледі.
Сондай-ақ «MUFTIYAT» баспасының директоры Мұрат Манапұлы республика көлемінде рухани тәрбие «Ихсан ілімі» бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен дайындалып жатқан «Ихсан ілімі» және «Кемел адам» кітаптарының мазмұнымен кеңінен таныстырып өтті.
Жиын соңында Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай мен өзге де имамдар ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ұсыныс-тілектерін жеткізді.