АЛМАТЫ: "CTR CHIKEN" ФАСТ-ФУД ӨНІМДЕРІ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ
CTR Chiken" фаст-фуд өнімдерінің Алматы қаласындағы цехы мен үш сату орны "QMDB Halal" сертификатына ие болды. Сертификатты Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан мен жергілікті инспектор-контролер Маратхан Чадаев табыстады. "CTR Chiken" фаст-фуд өнімдері "Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар" стандартына сай сертификатталды.
"Құранда және хадистерде бұйырылған "халал" ұғымына қазақ халқы қашанда ерекше мән беріп, ата-бабаларымыз Алланың ақ жолынан жаңылмаған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен. Сондай-ақ, харам нәрселерді пайдалануда адамның ақыреті мен дүниесіне тиетін зияны мен қауіпі барын ескертіп, харамнан бойын сақтаған адамның екі дүниенің нығметіне кенелетінін сүйіншілеген. Бүгінгі азық-түлік өнімдерінің сан алуан түрін табуға болатын заманда ішкен-жегенімізге аса ұқыптылықпан қарағанымыз жөн. Халыққа халал ас ұсынып, ел және ұлт болашағы үшін алаңдатушылық танытқан сіздерге Алла разы болғай! Адал кәсіптеріңіз жандана берсін!", – деген Төлеби Оспан "CTR Chiken" кәсіпорнына ризашылығын білдірді.
"1996-2011 жылдар аралығында Еуропаның қақ ортасында 17 фастфуд дүкенін ашқан "CTR Chiken" кәсіпорнының құрылтайшылары 2018 жылы Қазақстанмен франчайзинг туралы келісімшартқа қол қойып, өз жұмысын бастайды. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлеріндегі "CTR Chiken" фаст-фуд дәмханалары "QMDB Halal" стандартына сай сертификаталуда. Алматы қаласындағы "CTR Chiken" фаст-фуд өнімдерін сертификаттау барысында өндіріс орнында тиісті бақылау-қадағалау шаралары жүргізіліп, қолданыстағы шикізаттары мен тағамдық қоспалары технолог мамандар тарапынан тексерілді. Толыққанды аудит жұмыстарынан кейін кәсіпорын халал талаптарына толықтай сай деп танылды. Бекітілген халал стандарт талаптары мен "QMDB Halal" таңбасына лайықты түрде жұмыс жасайтын боламыз!"– деген "CTR Chiken" өкілі діни басқарма мен "Халал Даму" ұжымына алғысын білдірді.