Алматы: «ОТБАСЫЛЫҚ КЕҢЕС БЕРУ» акциясы өтті
Елбасы жарлығымен 2013-жылдан бері қыркүйектің екінші жексенбісі «Отбасы күні» деп аталып келеді. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 6-12 қыркүйек арасын «Отбасы апталығы» деп жариялады. Апта ішінде отбасы құндылықтарын насихаттайтын бірқатар іс-шаралар өткізілді. Отбасы күніне орай, Алматы орталық мешітінің үйымдастыруымен "ОТБАСЫЛЫҚ КЕҢЕС БЕРУ" акциясы өтті.
Іс-шара таңғы 10.00-де басталып, кешкі 18.00-ге дейін жалғасты. Отбасында әр түрлі мәселелер туындап, жұбайымен түсінісе алмай жүрген жұптар үшін пәтуә бөліміне жауапты білікті діни мамандар көкейде мазалап жүрген сұрақтарына жауап берді. Жұбайлар үшін маңызды болған отбасындағы ер мен әйелдің міндеттері қандай? Кикілжің туындаған шақта отбасын қалай сақтап қалуға болады? Егер отбасында ер мен әйелдің діні бөлек болса не істеу керек? Ажырасып кеткен жағдайда ері алимент төлеуі міндет пе?, - деген сынды өзекті сұрақтар қойылды.
Білікті мамандар әр жұппен жеке отырып толғандырған сұрақтарына тұшымды жауап берді. Акцияға келіп көкейде жүрген сауалдарына жауап алған ерлі-зайыптылар діни мамандар кеңесіне, алған жауаптарына өз ризашылықтарын білдіріп, осындай игі шаралар үйымдастырушыларына алғыстарын айтты. Қоғамдағы жарасымды жұп отбасылық құндылықтарды сақтау мен жұбайлардың бір-біріне сүйіспеншілігі, өзара тату-тәтті ғұмыр сүруі мен отбасы бақыты үшін осындай іс-шаралар жалғасын табары сөзсіз.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі