Алматы имамдарына арналған семинар өтті (ФОТО)
Кеше Алматы қаласы Қоғамдық Кеңесінің №5 қоғамдық даму, мәдениет және спорт жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен қала мешіттері имамдарының біліктілігін арттыруға арналған «Қазақстан Республикасындағы дін саласындағы өзекті мәселелер» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Алматы қаласы мешіттерінің елуге тарта діни қызметкері қатысқан жиынды қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Шалабаев Құсман жүргізіп отырды.
Басқосуда ең алдымен сөз алған экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшан жиынның мақсаты мен міндетін және зайырлы қоғамдағы дін мәселесі мен ұлттық құндылықтар туралы айтты.
Содан кейін Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай «Алматы қаласындағы діни ахуал және жастар тәрбиесі» жөнінде әңгіме өрбітті.
Сонымен қатар, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Сахна тілі» кафедрасының меңгерушісі, профессор Дариға Тұранқұлқызы «Сөйлеу мен тіл мәдениеті», ҚР БжҒМ Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов «Жүрек дерттері және одан арылудың жолдары: әл-Биркауи әдіснамасы», Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің "тарих" мамандығының PhD докторанты Руслан Өмірғазұлы «Зайырылық түсінігінің ұлттық құндылықтармен ұштасуы», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Құдайберді Бағашар «Дін насихатын жүргізуге қатысты кейбір маңызды мәселелер» тақырыбында баяндама оқып, келелі ойларын ортаға салды.
Жиын барысында имамдар толғандырған сұрақтарына жауап алып, соңғы жылдары елімізде орын алған дін мен руханият саласындағы оң өзгерістерге қанықты.
Соңынан Алматы қаласы Қоғамдық Кеңесі барлық қала имамдарына сертификаттар табыстады.