Алматы: бүлдіршіндерге арналған "Берекелі демалыс" атты қысқы лагерь өтті (ФОТО)
Алматы қаласының "Әйел-қыздар" секторының ұйымдастыруымен "Берекелі демалыс" атты 10 мешітте мектеп оқушыларына арналған қысқы лагерь ұйымдастырылды.
Мақсат – оқушылардың демалысын пайдалы өткізіп, Алланың сөзі – Құранды үйретіп, Пайғамбарлардың өмірімен таныстыру.
Қысқы лагерьге 150-ге жуық оқушылар қатысып, жақсы нәтиже көрсетті.
Бұл жерде ұстаздың да, шәкірттің де, ата-ананың да еңбегі зор. Ұстаз бен ата-ананың мақсаты бір болғанда ғана жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады.
Бүлдіршіндердің білімге деген құштарлығы, ізденісі бізді тәнті етті.
Балақайлар алдын-ала өздеріне берілген "Исра", "Нәмл", "Нәхл", "Мариям", "Ғанкабут", "Кәхф", "Бақара", "Юсуф", "Юнус", т.б. сүрелер жайында ізденіп, оқып-біліп, сол оқиғаларға сәйкес пісірген тәттілерін безендіріп әдемі презентациялар жасады.
Шетінен өнерлі қыздарымызды көріп, үмбетіміздің болашағы жарқын екендігіне көз жеткіздік.
Үйіне қайтып бара жатқан қызы мен анасының сөзін естіп, "жүрегімен мешітке байлану" осы екен ғой деген ой түйдік.
Анасының "қалай, енді мешітке келіп тұрасың ба?" – деген сұрағына қызы:
«Әрине, енді қалмаймын» – деп күлімсіреген күйде мешіттен шығып бара жатты.
Сіздер де «қап! Бұл лагерьден қалып қойдық қой», - деп өкініп жатсаңыздар, әр жексенбі бүлдіршіндерімізге есігіміз айқара ашық!
Құрметпен,
Алматы қаласының "Әйел-қыздар" секторы