Алматы: кезекті көшпелі жиналыс Алатау ауданында өтті (ФОТО)
Бүгін, Алматы қаласының Алатау ауданына қарасты Мырзахмет мешітінде Алматы қаласының өкілі, бас имам Еркінбек қари Керімбекұлының қатысуымен кезекті көшпелі жиналыс болып өтті.
Келелі басқосуға Алатау ауданының бас имамдары, наиб имамдары, ұстаздары, іс басқарушылары және азаншылары қатысты.
Жиында жыл басында берілген тапсырмалардың орындалу есебі, мешіт имамдарының жауапкершілік қызметін арттыру, мешіттің ішкі-сыртқы тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ағартушылық және шаруашылық жұмыстарын жандандыру, Рамазанда тарауық намазына хатымға өте алатын қариды «әр мешітке бір қари» жобасы бойынша қызметке алу сынды күн тәртібіндегі мәселелер сөз болды.
Көшпелі жиналысты бас имам сөз сөйлеп, жүргізіп отырды.
Бас имам өз сөзінде, ең алдымен, ағымдағы жылы Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің қолдауымен жасалған істер мен тың бастамалардың бір парасына тоқталып өтті. Сонымен қатар, көшпелі жиналыстың мән-маңызына тоқталып, діни қызмет пен мешіт істерін үйлестіру бойынша ойын жеткізді.
Сосын Бекет ата мешітінің наиб имамы Елдос Арғынбаев аудан мешіттерінің тыныс-тіршілігімен таныстырып, мешіт істерін үйлестіру бойынша баяндама жасады. Ал, Мырзахмет мешітінің бас имамы Абдраманов Ержан діни қызметтегі жауапкершілік және имамның тұлғалық келбеті туралы айтты.
Ал, Алматы Орталық мешітінің ұстазы Қайыргелді Руслан жыл басында берілген тапсырмалар бойынша аудан мешіттерінің атқарған жұмыстары туралы сараптама жасап, баяндамасын оқыды.
Соңында бас имам Алатау ауданының жақсы көтсеткіштеріне баға беріп, кемшіліктерге тиісті сын-ескертпелерін білдірді.
Azan.kz