Алматы Орталық мешіті кейуаналарымызды төл мейрамымен құттықтады (ФОТО)
Бүгін, Алматы Орталық мешіті «Әйел-қыздар» секторы, 1 қазан – қарттар күніне орай, мешітке келуші апа-әжелеріміз бен жасы үлкен кейуаналарымызға арнап «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік шара ұйымдастырып, ақ дастархан жайды.
Жиынға Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Ашимов Қасым қатысып, Алматы қаласының өкіл имамы Еркінбек қари Шоқайдың сәлемі мен құттықтауын жеткізді. Өзі де ақжаулықты аналармызды төл мейрамымен құттықтап, ана-ананың қадір-қасиеті мен қарттарымызды сыйлау, мейірімділік туралы уағыз айтты.
Содан кейін «Әйел-қыздар» секторы арнайы әзірлеген мерекелік нөмірлерін көрсетіп, қарттарымыздың көңілін көтерді. Бүлдіршіндеріміз жырдан шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Сосын ақжаулықты аналарымызға мешіт атынан алғыс хаттар пен сыйлықтар табысталды.
50-ге тарта ақжаулықты аналарымыз қатысқан мерекелік шараға Халифа Алтай атамыздың келіні де қонақ болды.
Жиын соңында кейуаналарымыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» деген өнегелі сөзі мен халқымыздың «Қарты бар үйдің – құты бар» деген аталы насихатын орындап, үлкендерімізге көрсетіліп жатқан құрметке ризашылық сезімдерін білдіріп, ақ батасын берді.
Azan.kz