АЛМАТЫ: ОРТАЛЫҚ МЕШІТТЕ МӘУЛІТ ОҚЫЛДЫ
Алматы қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен қасиетті жұма қарсаңында Орталық мешітте мәуліт шарасы өтті. Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние есігін ашқан айдың құрметіне орай ұйымдастырылған іс-шараға ҚМДБ наиб мүфтиі Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы, қаланың бас имамы Оспан Төлеби Дәділұлы, Алматы Орталық мешітінің дін қызметкерлері мен қарилар қатысты.
Жамағатты құттықтап сөз алған наиб мүфти Кежеәлі қажы Қоңыратбайұлы: «Екі дүние сұлтаны Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Пайғамбарымыздың туған айында мәуліт жыры оқылып, салауаттар айту мол сауапты іс. Өнегелі Пайғамбар өмірінен үлгі алып, ізгі үммет болуға үндейтін мәуліт айы баршаңызға мүбарак болсын», - деп тәлім мен тәрбиеге толы Пайғамбар өмірін дәріптеді.
Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Оспан, «Бәйкен» мешітінің бас имамы Данияр қари Жұмабаев, «Ақсай» мешітінің бас имамы Бахтияр Қасымалиев, Нұр-Мүбарак университетінің ұстазы Серік Ахметов мәуліт оқып, жамағатпен бірге Адамзаттың асылы Мұхаммед Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат жырларын айтты. Құран Кәрім сүрелері оқылып, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы бата берді. Алла Тағаладан елімізге тыныштық, амандық-саулық тіледі.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі