Алматы қаласында қарттар күніне орай мерекелік шара өтті (ФОТО)
Кеше, ҚМДБ Алматы қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен Әуезов ауданының қарттар үйінде, үлкендеріміздің төл мейрамына арналған мерекелік шара өтті.
Шараға Алматы қаласының өкіл имамы Еркінбек қари Шоқай, Жетісу ауданының діни қызметкерлері және өнер жұлдыздары қатысты.
Мерекелік шараны Таугүл мешітінің бас имамы Ернар Мәжен жүргізді.
Ең алдымен, өкіл имам мерекелік шараны құттықтау сөз сөйлеп ашып берді.
Өкіл имам:
«Құрметті ақсақалдар мен ақжаулықты аналар! Кешіміздің қонақтары мен мекеме басшысы Райса Мұсабекқызы! Ең алдымен сіздерді ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің атынан халықаралық үлкендер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біздің асыл дініміз бен ата салтымыз үлкендерді құрметтеуге, олардың ақ батасын алып, көргенді ұрпақ болып өсуге бұйырады. Яғни Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» деген өнегелі сөзін қалдырса, дана халқымыз да «Қарты бар үйдің – құты бар» деп аталы насихатын айтып кеткен. Сондықтан біз үлкеніне құрмет, кішісіне ізет көрсеткен салиқалы қоғам болуымыз керек», – деп өзінің ыстық лебізі мен сәлемін жеткізді.
Содан кейін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының бір топ өнерпаздары үлкендерімізге арнап М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасын заманауи үлгіде сахналап, «Әке мен ана» атты жүрек тебірентер әдеби-музыкалық композициясын қойды.
Одан әрі Ақсай мешітінің қажы әжелер тобы «Көзімнің қарасы», «Құстар қайтып барады» әндерін хормен орындаса, ал Әлия қажы Мұстафина өзінің жеке «Өмір-ай» әнін айтты.
Сержанәлі Әлібек, Әсет Ақдаулетов, Айдар Тұрғанбек және «Қыздар-ай» тобынан Айнұр Сағиқызы сынды әншілеріміз өздерінің әсем әндерін қарттар үйінің ардагерлеріне тарту етіп, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Қажы апаларымыз ақжаулықты аналарымыздың иықтарына орамал жауып, сый-сыяпаттарын көрсетті.
Мерекелік шарадан кейін үлкендеріміз арнайы әзірленген дастарханнан дәм татып, елеп-ескеріп көңілдерін көтерген баршаға алғыстарын жаудырып, ақ баталарын берді.
Azan.kz