АЛМАТЫ: ҚМДБ САРАПТАУ КОМИССИЯСЫ СЫНАҚ ЖҮРГІЗДІ
Алматы қаласы ҚМДБ кеңсесінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясы жаңадан тағайындалатын дін қызметкерлерінің білім деңгейін тексеру сынағын жүргізді.
Кеше Алматы қаласы, Алматы облысы, Талдықорған аймағы, Жамбыл облысына қарасты бірқатар имамдар мен дін қызметкерлерінің білім деңгейлерін анықтау мақсатында ҚМДБ сараптау бөлімі өз жұмысын бастаған болатын. ҚМДБ сараптау комиссия мүшелері Наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы және Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы.
Сынақ деңгейі сараптау комиссиясының талабына сәйкес ауызша сұрақ-жауап пен тестілеу әдісі бойынша жүргізіледі. Ауызша сұрақ-жауап бойынша балл қырағат, тәжуид; ислам тарихы; Рухани жеті қазына бойынша бағаланса, тестілеу балл бойынша ақида, фиқһ, әкімшілік жүйе (Заң) шеңберінде білім деңгейлері анықталады. Алматы қаласы бойынша 13 дін қызметкері сынақ тапсырып жатыр. Сараптау комиссиясы шешімімен имамдар мен дін қызметкерлерінің білім деңгейлері анықталды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі