АЛМАТЫ: ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ БРИФИНГ ӨТТІ
Бүгін Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы қаланың Өңірлік Коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысып, биылғы Құрбан айтты қалай өткізу жайына тоқталды.
Брифингке спикерлер Алматы қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департамент басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова, Алматы қаласы полиция департаментінің жергілікті өкілі Болат Жанбаев, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық иснпекциясы басшысы Нұрлан Тәшімов және «Мүзәммил» мешітінің наиб имамы Тимур Алиев қатысты.
30 маусым күні Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордада өткізген брифингте биылғы құрбан айт күндері 9-10-11 шілдеге тұспа-тұс келгенін айтқан болатын. Бүгінгі брифингте бас имам Төлеби Дәділұлы 9-шілде күні Алматы қаласындағы 53 мешітте таңғы сағат 6:30-да айт намазы оқылатынын айтты. Барша қала тұрғындары мен қонақтарын Ұлық мереке Құрбан айтпен құттықтап, Алматы қаласы әкімдігі санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында, құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы 13 орын бекітілгенін жеткізді. Сонымен қатар өткен жылдардағы тәжірибеге сай құрбан шалу рәсімін көпшіліктің сұранысына орай, онлайн түрде тапсырыс берушілер үшін «qurban2022.kz» сайты қайта іске қосылды. Сайт арқылы тапсырыс берушіге құрбандығының шалынғандығы жөнінде видео-есеп жолданатынын хабарлады. Алматы қаласы бойынша құрбандық етін алуға өтініштер «qurban2022.kz» сайты арқылы қабылданады.
Сондай-ақ бас имамы Құрбан айт мерекесіне орай мешіттерде өткізілетін іс-шаралар бағдарламасымен таныстырды. Қала мешіттерінде айттық көңіл күй сыйлау мақсатында дастархан жайылып, дәм ұсынылады.
ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген балалар жылына орай бірқатар мешіттерде киіз үйлер тігіліп, балаларға айттық тәттілер таратылады. Түрлі ұлттық ойындардан спартакиадалар ұйымдастырылады. Брифинг соңында қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы БАҚ өкілдерінің Құрбан айтқа қатысты сұрақтарына жауап беріп, қала тұрғындарын құрбандық шалынатын орындардағы тазалыққа аса мән беруге шақырды.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі