ОРТАЛЫҚ МЕШІТТЕ ҚАЖЫЛЫҚ АЛДЫНДАҒЫ БАСҚОСУ ӨТТІ
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы Орталық мешітте қажылық сапарына аттанғалы отырған жамағатпен кездесті.
Қаланың бас имамы ҚМДБ-ға қарасты Таууаф травел компаниясымен бірге исламның бес тірегінің бірі болған қажылық сапарына аттанғалы отырған жамағатқа сәт сапар тіледі. "Қажылықсыз өткен пандемия жылдары әлем мұсылмандарына, соның ішінде Қазақстан мұсылмандарына да оңай тиген жоқ. Араға екі жыл салып биыл ғана үлкен қажылық маусымы ашылып жатыр. Бұл жаңалықты әлем мұсылмандары үлкен қуанышпен қарсы алды. Осындай ізгі сапарда Алладан сұраған дұға-тілектеріңіз қабыл болсын", - деді бас имам Төлеби Оспан. Айта кетсек, биылғы қажылық мерзімі маусым-шілде айына тұспа-тұс келіп тұр. Үлкен қажылықтың уақыты 7-12 шілде аралығы деп белгіленді. Қасиетті мекенге ұлы сапар сәтті болғай!
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі