АЛМАТЫ: РАМАЗАН АЙЫНДА «SMALL» ЖӘНЕ «SKIF» САУДА ЖЕЛІСІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАУҒА НИЕТТІ
Бүгін Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде "Рамазан жоспары" тақырыбында брифинг өткізді.
Рамазан – қайырымдылық айы. Жақсылықтар еселенетін ай. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Садақаның абзалы – Рамазан айында берілген садақа», - деп сүйіншілейді. Ораза айында «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы» сынды ауқымды қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел кәсіпкерлерін қасиетті айдың құрметіне халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырды. Бас мүфти брифингте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде-кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», - деген. Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаббатына бөленетін ай. Ендеше, берекелі айдың берекетінен құр қалмайық!» деп барша кәсіпкерлерге үндеу жасаған болатын.
Осы тұста Алматы қаласындағы «SMALL» және «Skif» сауда желілері Бас мүфти үндеуіне үн қосып, қасиетті Рамазан айында 100 отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетуге ниет білдіруде. Алла сауаптан жазсын.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі