Алматы: Рамазанға дайындық жұмыстары онлайн жиында пысықталды (ФОТО)
Бүгін қасиетті Рамазан айына дайындық жұмыстарын пысықтауға арналған онлайн жиын Алматы Орталық мешітінде өтті. Қаланың бас имамы Еркінбек Шоқайдың төрағалығымен өткен жиынға Орталық мешіттің дін қызметкерлері мен аудан имамдары қатысты.
Жиынды жүргізіп отырған бас имам, ең алдымен, имамдарды қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Содан 1 сәуір күні ҚМДБ Төрғасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің төрағалығымен Рамазан айы қарсаңында өткен кіші Төралқа мәжілісінде қаралған мәселелер мен соңғы шыққан пәтуаларды ортаға салды.
Сондай-ақ, Бас мүфтидің Рамазан айында атқарылатын іс-шараларды жоғары деңгейде жүзеге асыруға бағытталған үндеуін түсіндіріп, аудан имамдарына бірқатар тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, мешітке, көпшілік-қоғамдық орындарға, көшелерге «Ораза қабыл болсын!», «Рамазан айы құтты болсын!» деген атаумен бірегей құттықтау баннер мен плакаттар ілу, оразаға қатысты ҚМДБ ұстанымдары мен пәтуаларын кеңінен насихаттау, сұрақтарға жауап беру, Рамазан айында халыққа Ихсан ілімі аясында онлайн уағыз-насихат айту, мешіттер мен әлеуметтік желі парақшаларында «Онлайн Құран хатым» жобасын өткізу, «Берекелі Рамазан тосынсыйы», «Ауызашар қоржыны», «Қолдан қолға» акциялары мен «Рамазан» керуені қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастыру сынды мәселелер күн тәртібіне қойылды.
Сонымен қатар бас имам Рамазан айында өтетін шаралар кезінде карантиндік талаптарды қатаң сақтауға, қала мешіттеріндегі тазалыққа жіті мән беруге шақырды.
Жиын барысында Алматы қаласы Наурызбай аудандық «Әбу Бәкір» мешітінің бас имамы Әсет Аташов Рамазанда Ихсан ілімі аясында уағыз-насихат жұмыстарын жүргізу, халыққа кеңінен насихаттау тақырыбында баяндама оқыды. Ал Әуезов аудандық «Ақсай» мешітінің бас имамы Бахтияр Қасымалиев Рамазанда қайырымдылық іс-шараларын жүзеге асыру тақырыбында баяндама жасады.
Басқосу соңында аудан имамдары да өздерінің толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Алматы қалалық Орталық мешітінің баспасөз қызметі