Алматыда қарттар күніне орай мерекелік шара өтті (ФОТО, ВИДЕО)
Бүгін, ҚМДБ Алматы қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен Әуезов ауданының ардагерлер үйінде, үлкендеріміздің төл мейрамына арналған мерекелік шара өтті.
Шараға Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай, Алмалы аудандық «Төле би» мешітінің бас имамы Ерсін Әміре, мешіт қызметкерлері және өнер жұлдыздары қатысты.
Шараны қаланың бас имамы құттықтау сөз сөйлеп ашып берді. Бас имам өз сөзінде, ең алдымен, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің ыстық сәлемін жеткізіп, ақсақалдар мен ақжаулықты аналарды төл мерекесімен құттықтады. Асыл дініміз бен ата салтымыз үлкендерді құрметтеуге, олардың ақ батасын алуға шақыратынын айтты. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» деген өнегелі сөзі мен дана халқымыздың «Қарты бар үйдің – құты бар» деп аталы насихатын жеткізіп, жиналған көпшіліктің көкейіне ой салды. Сонымен қатар мерекелік шараның өтуіне ұйытқы болған мекеме башысы Райса Мұсабекқызы мен «Төле би» мешітінің ұжымына және өнер жұлдыздарына алғыс білдірді.
Екінші сөз алған мекеме басшысы Райса Мұсабекқызы да үлкендерімізді елеп-ескеріп, көңілді мерекелік шара ұйымдастырып отырған жандарға ризалық сезімін айтты.
Содан кейін «Жігіттер» тобының әншісі Ердос Әмзеханұлы, Алихан Байсұлтанов, Жігер Ауыпбаев, Сартаев Самат, Мұхаммед Ерлан, Иманбетов Мақсат, Мұратов Ерғали сынды әнші ұлдарымыз өздерінің әсем әндерін ардагерлер үйінің үлкендеріне тарту етіп, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сондай-ақ, қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай ардагерлердің арнайы жағдайын сұрап, сый-сияпатын табыстады. Ал мешіт қызметкерлері үлкендерімізге сыйлықтар тарту етті.
Шара соңында үлкендеріміз көңілдерін көтерген баршаға алғыстарын жаудырып, ақ баталарын берді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі