Ақтөбе облысына Бас имам тағайындалды
Қасиетті жұма күні Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бұйрығымен ҚМДБ Ақтөбе облысының бас имамы болып Серікжан Еншібайұлы тағайындалды.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет, имамдар Төлеби Оспан мен Серікжан Еншібайды қабылдады. Нұрбек Әуезханұлы әкімге Бас мүфтидің сәлемін жеткізіп, жаңадан тағайындалған бас имам Серікжан Еншібайұлын таныстырды. Өз кезегінде облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы осы уақытқа дейін Ақтөбе облысының бас имамы қызметін атқарған Төлеби Дәділұлына ризашылығын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.
Жұма намазына жиналған жамағатқа ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Бас мүфтидің ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізіп, жаңадан тағайындалған бас имамды таныстырды. Сонымен қатар жаңа имамның алдағы уақытта атқарар қызметіне сәттілік тіледі.
Ақтөбелік жамағат бұған дейін Ақтөбе облысының бас имамы қызметін атқарған Төлеби Оспанның иығына шапан жауып, алғыс білдірді.
«Төлеби Дәділұлы осы жылдар ішінде Ақтөбе облыстық өкілдігінің қызметін жандандырып, облыстағы діни ахуалды жақсартуға күш салды. Діни маман тұрақтандыру, діни кадр даярлау істерін жолға қойды. Имамдар арасында орта және жоғары діни білімділердің саны 70 пайызға дейін көтерілді. Алла разы болсын! Жаңадан келіп жатқан бас имам да өздеріңізге бөтен емес. Ақтөбе облысында 5 жылдай облыстық, қалалық мешіттерде қызмет еткен. Докторант, тәжірбиелі діни маман. Қолдау білдіресіздер деп сенеміз. Алла Тағала екі имамға да жар болғай!» деді Нұрбек Әуезханұлы.
Серікжан Еншібайұлы
1982 жылдың 8 қыркүйегінде Монғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген.
Білімі:
– 2000-2004 жылдары Шымкент қаласындағы Халықаралық қазақ-араб университетін Дінтанушы және араб тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқып, бітірген;
– 2004-2007 жылдары Түркияның Кония қаласындағы «Хасеки» академиясында оқыды;
– 2009-2011 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінің магистратурасында оқып, Дінтану магистрі атанды;
– 2016 жылы Мысырдағы әл-Азһар университетінде Дар ал-Ифта (Пәтуа бөлімі) 2 айлық білім жетілдіру курсынан өткен;
– 2018 жылдан бастап Нұр-Мүбарак университетінің докторанты.
Еңбек жолы:
– 2007-2012 жылдары ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің референті;
– 2012-2015 жылдары Ақтөбе облыстық орталық «Нұр ғасыр» мешітінің наиб имамы;
– 2015-2017 жылдары Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы;
– 2012-2017 жылдары Ақтөбе облыстық Дін істер басқармасы жанындағы «Ансар» мекемесінің теологы ретінде (имамдық қызметпен қатар келісімшарт негізінде) деструктивті діни ағым өкілдеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді;
– 2017-2018 жылдары Атырау қаласы «әт-Тақуа» мешітінің наиб имамы және «Шапағат» орталығының теологы (келісімшарт негізінде) қызметін атқарды; –
– 2018-2021 жылдары Алматы қаласындағы «Ибраһим» мешітінің бас имамы;
– 2016 жылдан бастап Республикалық ақпарат насихат тобының (РАНТ) мүшесі.
Үйленген, 4 қызы, 1 ұлы бар.