АЗАНШЫЛАР ШЫМБҰЛАҚ ШЫҢЫНА ШЫҚТЫ
Алматы Орталық мешітінде өтіп жатқан "ӘДЕМІ ӘУЕЗДІ АЗАНШЫ" V РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЗАНШЫЛАР ЖАРЫСЫНА қатысушылар ару Алматының көрікті жерлерін тамашалады.
Алматы аспанын әуезді азан үнімен әуелеткен еліміздің барлық облыстары мен ірі қалаларынан келген азаншылар түс ауа Алматы Орталық мешітінің ұйымдастыруымен ару қаланың көрікті жерлерін тамашалады. Теңіз деңгейінен 1,691 метр биікте орналасқан әлемдегі ең атақты "Медеу" мұз айдынына барып, Іле Алатауы шатқалында 2510 метр биіктікте орналасқан "Шымбұлақ" тау шаңғы курортына аспалы жол арқылы көтерілді. Таудың кереметтей көрінісі мен жұмсақ климаты азаншыларға әдемі әсер қалдырды. Қонақтар Алматы имамдарымен түскі ас ішіп, келелі кеңес құрды. Естеріңізге сала кетсек, бүгін "ӘДЕМІ ӘУЕЗДІ АЗАНШЫ" V РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЗАНШЫЛАР ЖАРЫСЫНЫҢ шешуші кезеңі мен марапаттау рәсімі өтеді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі